28.05.2022, 15:18
Оқылды: 69

Балалар шаттанып, тұрғындар демалар орын

Халқымызда «Берсең балаға бер» деген тәмсіл бар. Казталовтықтар осыны берік ұстанып, әр мейрамда балалардың қажеттіліктерін қамтамасыз етіп, күлкі сыйлауда. Бала шіркіннің мәз-мейрам болып ойнап жүргені сырт көзді сүйсіндіреді. Ал олардың алаңсыз балалық шағы үшін мемлекет тарапынан қолдау артып, жергілікті тұрғындар да игі бастаманы қолға алды. Казталов ауылының 1997 жылы мектеп бітірген түлектері Д.Қонаев көшесі бойындағы ескі балалар ойын алаңын қайта жөндеп, балаларға арналған ойын құралдарымен жабдықтап, халыққа тынымбақ салып берді. Түлектердің бұл бастамасының құны 5 млн теңгені құрайды.

IMG-20220528-WA0027

- Елімізде жүргізіліп жатқан саясат балаларымыздың болашағы үшін жүргізіліп жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды «Балалар жылы» деп жариялағаны белгілі. Атаулы жылдың басынан бері бірқатар жобалар жүзеге асуда. Балалардың өнері мен шығармашылығына, сапалы білім алуы мақсатында жұмыстар атқарудамыз. Сондай-ақ олардың қауіпсіздігі үшін де тұрғындардың, соның ішінде түлектердің бастама көтеріп жатқандығы көңіл қуантады.«Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» бағыты бойынша салынған тынымбақ пен балалар ойын алаңы халық игілігі үшін қызмет етеді. Бұл нысан Казталов ауылдық округінің балансына беріледі. Дегенмен тұрғындарды нысанды күтіп ұстауға шақырамын, - деді аудан әкімінің орынбасары Қадер Нұрғалиев.

IMG-20220528-WA0025

Нысанның ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Қадер Нұрғалиев түлектерге аудан әкімінің алғысхатын табыс етті. Казталов ауылдық округінің әкімі Ернар Ғалымов та туған жердің перзенттеріне ризашылығын білдіріп, бастама қолдау тауып жалғасын табар деген тілегін жеткізіп, түлектерге өз атынан алғысхат табыс етті. Д.Қонаев көшесінің тұрғындары да түлектерге алғысын білдіріп, арнайы дайындалған ризашылық тортын тарту етті.

IMG-20220528-WA0029

Ауданда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында бірқатар игі жобалар жүзеге асты. Облыс көлемінде Казталов ауданы жобаның орындалуы жөнінен алдыңғы орында. Бұған туған жерге деген құрметі шексіз түлектердің қолдауы зор.

IMG-20220528-WA0031

Казталов ауылдық округіндегі бұл бастама өз жалғасын тауып, перзенттердің туған жердің гүлденуіне атсалысатынына халықтың сенімі мол.

Асылбек Нәсіпқали,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале