10.03.2022, 10:40
Оқылды: 106

Балаларға базарлық

Осыдан 14 жыл бұрын ауданға қарасты Егіндібұлақ ауылында орын алған қайғылы оқиға елдің есінде. Бір түнде Ихсановтар отбасы тұңғыш ұлы Қадырбек егіз балалары Амандық және Айымгүлден айырылып қалған-ды. Тағдырдың ауыр соққысына темірдей төзім танытып, Алланың сынағына бас ұсынған отбасы қиын жағдайдан абыроймен шыға білді. Көп ұзамай, бұл отбасында Жұбаныш атты ұл дүниеге келді. Шаңырақта қайтадан сәби үні естіліп, ата-ана үлкен қуанышқа бөленді.

EC7FC38D-0B0A-4A89-BA5F-5735E6B538DB
Одан соң Жұбаныштың артынан Аманбек, Алтынбек, Абдрахман атты үш інісі және Айкөркем есімді қарындасы ерді. Қазіргі таңда Ихсановтар отбасы балаларының қызығына бөленіп отыр. Айтудың өзі қиын жағдайды бастарынан өткізгенімен, тағдыр сынына мойымай шүкіршілік етіп, көрінген балаларын бақытты етуге тырысып келеді.
Отағасы Нұрлан жазда жекенің малын бағып, қыс мезгілінде ауылдық клубта газ операторы қызметін атқарады. Ал отанасы Гүлшира балаларын бағып, ауладағы азын-шоғын малынан алған сүт өнімін сатып қаражат жасап отыр. Балаларын оқуға, білім алуға баулитын отбасындағы Жұбаныш, Аманбек және Айкөркем – ауыл кітапханасының тұрақты оқырмандары. Олар күнде кітапханаға келіп, кітап-жорналдар алып кіші іншектеріне оқып беруді әдетке айналдырды.
Ихсановтар отбасы балаларының сабақ үлгерімдері де жақсы. Жұбаныш тоғызқұмалақ, асық ату сияқты ұлттық ойындарымызды ерекше жақсы көреді. Түрлі деңгейдегі жарыстарда да жүлде салып жүр. Аманбек те асық ату спортына қызығады. Оның да жетістіктері бар. Ауылда өтетін түрлі шараларға белсенді атсалысып отырады. Әсіресе кітапхана ұйымдастырған әдеби кештердің тұрақты қатысушылары. Өз жанынан өлең жазатын ақынжандылықтары да бар.
Жуырда ауыл кітапханасының ұжымы тұрақты оқырмандарының үйіне барып, келе жатқан «Амал» мерекесі және «Әз Наурыз» мейрамымен құттықтап, жас оқырмандарына бағалы сыйлықтар тарту етті.
Мерекеге толы наурыз айында тұрақты оқырмандарын қуантуды кітапхана ұжымы дәстүрге айналдырған. Болашақта бұндай шаралар жиі өтіп тұрмақ.

Данагүл Алхамова,
Егіндібұлақ ауылдық кітапханашысы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале