1.06.2021, 19:40
Оқылды: 54

Балаларға қуаныш сыйлады

Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Бәйтерек ауданы Краснов ауылдық округінің әкімдігі мен жергілікті кәсіпкерлер тамаша мереке өткізді.

IMG-20210601-WA0025

Өткен жылы бой көтерген мәдени-спорттық кешен ұжымы ұйымдастырған қызықты шараға ауыл балалары мен ата-аналар тегіс жиналды.

Әдемі әуен қосылып, елді мекен ішін балалардың шат күлкісіне бөлеген мереке барысында бүлдіршіндер түрлі спорттық жарыстарға қатысып, көңілді сөреде бақтарын сынады.

IMG-20210601-WA0035

Сондай-ақ жол үстіне суреттер салып, бағалы сыйлықтарға да ие болды. Ауыл балаларын қуанышқа бөлеген мерекелік шараның басы қасында жүрген мәдени-спорттық кешен директоры Елена Стодеревская мереке ұйымдастырған жергілікті кәсіпкерлер мен ауыл әкімдігіне ризашылығын білдірді.

- Пандемияға байланысты көптен бері көпшілік шаралар өтпей қалған еді. Ел тынышталып, ауру беті қайта бастаған шақта осындай шара ұйымдастыруды жөн көрдік. Бала күлкісі бәрінен қымбат. Бір бүлдіршін жолға сурет салып жатса, енді бірі спорттық ойындарға қатысуда. Ата-аналар да риза, - дейді Е.Стодеревская.

IMG-20210601-WA0037

Балаларды ғана емес, барша ауыл тұрғындарына мерекелік көңіл-күй сыйлағаны үшін ұйымдастырушыларға жергілікті тұрғындар риза.

Солардың бірі ұстаз Елена Болдырева мен ауыл тұрғыны Гүлден Қайырғалиева. Олар да балалармен бірге көңіл көтеріп, қызықты уақыт өткізуде. Шара соңында балаларға тегін балмұздақ таратылды.

- Мереке ұйымдастыруға Максим Оралбаев, Халифаев Сулейман, Бауыржан Ерғалиев сияқты кәсіпкерлер қолғабыс етті. Барша ауыл тұрғындары атынан жомарт азаматтарға рахмет айтамыз, - деді округ әкімі Жұмабай Сатаев.

IMG-20210601-WA0026

IMG-20210601-WA0029

IMG-20210601-WA0032

IMG-20210601-WA0024

Түгелбай Бисен,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале