4.02.2025, 15:45
Оқылды: 113

«Балалық шағым сұрапыл соғыспен қатар келді»

Теректі ауданының орталығынан 70 шақырымдай жерде орналасқан Ұзынкөл ауылына жол түсіп, биыл тоқсанға толғалы отырған Мәрия Әлібекованың шаңырағына бас сұқтық.

WhatsApp Image 2025-02-04 at 16.35.32 (1)

Әжені әңгімеге тартып, өткен өмірі туралы айтып беруін сұрадық. – Өзім кезіндегі Приуралье ауданына қарасты Хамен ауылында 1935 жылы дүниеге келіппін. Негізінен, атам қазақ көшіп-қонып жүрген ғой. Мен дүниеге келген жылдары ұжымдастыру басталыпты. Әкем сол кезде ат-арбамен көшіпқонып жүрген көрінеді. Бүкіл отбасын салып алып, қай жерде ыңғайлы қызмет болса, сонда тұрақтап, үй ішін асыраған. Бүкіл отбасын дейтінім – екі ағам мен апам және анам. Сондай кездің бірінде толғағы жетіп, 1935 жылы анам мені көпірдің астында босаныпты.

WhatsApp Image 2025-02-04 at 16.36.06 (1)

Осылайша сол ауылда тұрақтап, біраз жыл өмір сүріпті. Әкем қарапайым жұмысшы болды. Ауылда қандай жұмыс болса, соның барлығына атсалысып, жан баққан екен. Анам үй шаруасындағы әйел еді. Ең үлкен ағам Тілеуғали 1917 жылғы, одан кіші ағам Зиядден 1926 жылғы, одан кейінгі апам 1930 жылғы, содан кейінгі кенже қыздары мен едім. Ең үлкен ағам, негізі, анамның бұрынғы жолдасынан қалған бала көрінеді.

WhatsApp Image 2025-02-04 at 16.36.42 (1)

Ол 1938 жылы әскер қатарына алынып, енді үйге қайтамын деп тұрғанда Ұлы Отан соғысы басталып кетеді де, әрі қарай майданға аттанады. Содан қайтып оралмады. Із-түссіз жоғалып кетті. Не өлісі, не тірісі туралы бір бет қағаз да келмеді. Жалпы, менің балалық шағым сұрапыл соғыспен қатар келді ғой. Ағам Тілеуғали Қазимуллин майдан даласында барлаушы қызметін атқарған екен. Кіші ағам Зиядден де соғысқа 1943 жылы өз еркімен кетті. Ол бірақ аман келіп, ауылдың дамуына біраз үлесін қосты. Соғыстан кейінгі жылдары мал дәрігері болып, зейнет демалысына шыққанға дейін тапжылмай қызмет жасады. 2004 жылы дүние салды. Одан кейінгі Сәуия деген апам – үш шаруасындағы әйел. Заманның соқпақ жылдары әсер етті ме, әйтеуір, оқу оқып, мамандық ала алмады. Өмірінің соңына дейін немересінің қолында болып, өткен жылы дүниеден озды. Ол кісі ауылда қандай қара жұмыс болса, соның басы-қасында жүрді. Сауыншы да болды, шөп те тасыды. Ылғи ауыр жұмыста жүретұғын. Бір жағынан, өзінің қайраттылығы да әсер еткен шығар деп ойлаймын. Зиядден ағамыз соғыстан келіп, мал дәрігері болып қызмет жасап жүрген уақытта анам екеумізді қасына көшіріп алды. Өзім тек жеті сынып бітірген адаммын. Әрі қарай оқуға тұрмыстың ауыр зардабы мұрша бермеді. Ағамның да өзінің отбасы болғасын, мені оқыта алмады, – деп бала күнін еске алды кейіпкеріміз. «Адамдардың бақытты өмір сүргенін қалаймын» – Соғыстан кейінгі жылдар ауыл халқына өте ауыр болды. Алайда анам Зиядден ағама: «Мәрияны бір амалын тауып оқытып ал. Мамандық алсын», – деп қолқа салып қоймады. Содан 1955 жылы есепші мамандығына оқытып алды. 1957 жылдан бастап есепші болып конторға орналастым. Сол жерде қызмет жасап жүріп, 1963 жылы жымпитылық жігітпен тұрмыс құрдым. Бірақ отбасылық өміріміз үйлеспеді. Көп ұзамай қош айтыстық. Одан екі ұл, бір қызым көрінді. 1972 жылғы кіші ұлым төрт жасында дүние салды. Содан бір ұл, бір қызбен қалып, оларды жалғызсыратпайын деген оймен балалар үйінен бір қыз асырап алдым. Ол қызым 17 жасынан асқан шағында суға кетіп, дүние салды. Кіші қызымнан айырылып қалғаннан кейін бір жылдан соң балалар үйінен тағы бір қыз асырап алдым. Ол кезде мен алпыс бес жаста едім. Сол қызым қазіргі таңда Орал қаласында медицина саласында қызмет жасайды. Үлкен қызым Мая 1964 жылы дүниеге келді. Ол Ленинградтың медициналық колледжін бітіріп, мамандық алып шықты. Сол қалада 10 жылдан астам жұмыс істеді. Одан кейін Сауд Арабиясы еліне келісімшарт бойынша қызметін ауыстырды. Ол жақта 10 жыл еңбек етіп, Ленинградтағы қызметін қайта жалғастырды. Қазіргі таңда Канадада. Дәрігер атанып, адам емдеу бала күнімдегі арманым еді. Сол арманыма өзім жетпесем де, қыздарым жетті. Ұлым да осы ауылдың он жылдық мектебін аяқтап, военкомат арқылы Ленинградқа оқуға кетті. Ұлым – әскери адам. Авиациялық техникалық училищені тәмамдап шықты. Одан кейін Ауғанстан елінде және Батыс Украинада қызмет жасады. 21 жасында Ауғанстанға соғысқа аттанды. Жанымызды шүберекке түйіп, баламыздың аман келуін күні-түні тілеумен болдық. Алла тағала тілегімізді қабыл етіп, аман-есен елге оралды. Келген соң Мәскеудегі әскери академияны бес жыл оқып шықты. Ресейдің Тоцк қаласында әскери қалашықта қызмет жасады. Қазіргі таңда майор шенді зейнеткер. Ол отбасымен бірге Бузулук қаласында тұрып жатыр. Ұлымның келіншегі орыс ұлтынан болды. Бірақ өте жақсы адам еді. Адамның ішібауырына кіріп, үлкендерді сыйлап, құрметтеудің шебері болатын. Одан екі қыз көрінді. Келініміз 10 жыл бұрын дүниеден озып, қабырғамыз қайысты. Жақсы адам екенін сөз басында атап өттім ғой. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген. Екеуінен тараған немерелерім де жоғары білімді. Менің негізгі атақонысым – Шалқар жақтың барқындары. Жолдасымның руы тоқсоба болатын. 1997 жылдан бері балаларымды өзім аманесен өсіріп, аяқтандырдым, оқыттым. Қазіргі күніме шүкір етемін. Ауылдастарыммен бірге арқа-жарқа өмір сүріп жатырмыз. Мен жастайымнан жалғыздық пен жоқшылықты қатар сезініп өскен жанмын. Әрбір затқа мұқият қарап, оны бағалауға тырысамын. Ешқашан ысырап жасағым келмейді. Балаларымды да солай өсірдім. Ысырапқа жол бермеу – басты қағидам. 1962 жылы партия мүшелігіне кірдім. Сол кезде өтірік айтпауға, ұрламауға, біреудің мүлкіне қол сұқпауға ант бергенбіз. Сол антымды әлі күнге ұстанып келе жатырмын. Мен өзімнің еліме, халқыма адал қызмет қылуға берілген адаммын. Жастайымнан осындай тәрбие мен тәртіп бойыма сіңгендіктен, адал қызмет қылдым деп есептеймін. Қонақжаймын. Араласатын орыс кемпірлерімді шақырып дастарқан жайып, әңгімедүкен құрамыз. Қазақтың күні қонақсыз өткен бе? Есігің айқара ашық тұрса, соның өзі бір бақыт қой, балам. Тек осыдан он жыл бұрын, яғни 2015 жылы жол апатына ұшырап, омыртқамды жарып алдым. Сол кейде жаныма батады. Бір тұрып жүріп кетсем, жүре беремін ғой. Әйтеуір, Алланың берген қуатымен келе жатырмын. Оған да шүкіршілік айтамын. Әлі күнге ауылдың қоғамдық өміріне араласып отырамын. Қолымнан келген көмегім мен білгенімді аяғым келмейді. Адамдардың ешқандай мұқтажсыз, бақытты өмір сүргенін қалаймын. «Адам күні адаммен» деген бар ғой. Сол сөз рас айтылған. Адамдар бір-біріне мейірімді болуы керек. Қамқор болып, жоғын жоқтап отыруы қажет. Сонда ғана ауыл дамиды, – деп әжеміз Мәрия Қазимоллақызы сөзін қорытындылады. Қойған сұрағың мен айтқан сөзіңді аузыңнан шықпай жатып қағып алатынына, есту қабілетіне қарап, Мәрия әжемізді тоқсанға келген деп айта алмайсыз. Тіл-көзім тасқа. Ескілеу ғана диванда отырып, азмұз әңгімелескен соң біз кейіпкерімізге ұзақ ғұмыр мен денсаулық тілеп, қош айтыстық.

Темірболат Әнуарұлы,

Теректі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале