30.08.2021, 16:58
Оқылды: 59

«Балбөбек» бүлдіршіндерге есігін айқара ашты

Карантиндік шектеу шаралары енгізілгелі бері той-томалаққа тыйым салынғаны белгілі. Осы ретте тұралап қалған бизнесінің бағытын басқа салаға бейімдеп, тығырықтан жол тауып жатқандар аз емес. Солардың бірі - көктеректік Қойшекеновтер отбасы. Бұл отбасы елімізде індет басталмай тұрып 2019 жылы ауылға 300 орындық мейрамхананың іргетасын қалайды. Алайда іргеге кірген індеттің салдарынан бастама өзгеріп, бүлдіршіндердің білім мен тәрбие ордасына айналды.

27CB5B95-7DDA-4B40-841B-C48B4EF395DC

Жалпы, бұндай іс Казталов ауданында алғаш рет қарқын алды. Ауылдың жомарт азаматы Аманжол аға мен халық қалаулысы Асыл Жүсіпқызы қай істе де қамқорлық танытып,  елдің алғысына бөленіп келеді.

0A6ABDE6-F1FF-4A70-B2CE-95B0744FEE3D

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында мейірім мен жарқын көңілдің аймағы, бүлдіршіндердің бөлек әлемі, гүлденетін ғаламы, шаттанатын сарайы 90 орындық «Балбөбектің» есігі айқара ашылды. Бұл - ауылдық жерде мемлекеттік-жекеменшік серіктестік негізінде ашылған тұңғыш балабақша. Бұл балабақшаның ашылуына ұйытқы болған бұрынғы округ әкімі Бауыржан Қабдоловты айта кеткеніміз жөн болар.

F3835B63-D0DC-4FC3-9C78-2C246B4034B4

«Балбөбек» балабақшасының ашылу салтанатында аудан әкімі Альберт Есалиев ел үшін атқарылып жатқан іске ұйытқы болған Қойшекеновтер отбасына алғысын білдіріп, ауданның 7 кереметі белгіленген естелік суретті тарту етті. Сондай-ақ сөз алған облыстық білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева:

- Жалпы облыс бойынша кәсіпкерлердің қолдауымен 94 балабақша ашылды. Бұндай іс басқа да аудандарда үрдіс алса, бүгін, міне, қосөзен бойындағы киелі де қасиетті жер Көктерек ауылында ашылып тұр. Жеке балабақша болғанымен, мемлекет әркез қолдап көрсетеді. Сол себептен де мемлекеттік-жекеменшік білім мен тәрбие беру ұйымы болып саналады, -деді.

4AAECB1D-A2CB-447B-A1CD-4BD9D0BEF905

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында және Ата Заңның мерекесі қарсаңында ашылған балабақшаға республикалық, облыстық ақындар айтысының лауреаты Әділ Ахметов арнау арнады. «Балбөбек» балабақшасының лентасын демеуші кәсіпкер Есқайыр Қайырұлы мен облыстық білім басқармасының басшысы Айгүл Әділгерейқызы қиды.  

 Аманжол Қойшекенов, жеке кәсіпкер:

-Жалпы бұл ғимарат 2 жыл бұрын тұрғындардың қуанышы мен қайғысына ортақтасар көпшілікке арналған тойхана есебінде салынып басталған болатын. Бұл нысанның құрылысын 2019 жылы жаз айында бастадық. Кейіннен әлемді жайлаған індеттің салдарынан тойхананың құрылысын тоқтаттық. Отбасымызбен ақылдаса келе, ұлым Асылханның бастамасымен бұл ғимаратты ауыл балаларының тәрбиеленуіне арналған заманауи үлгідегі балабақшаға айналдыру туралы шешім қабылдадық. Міне аз ғана уақыттың ішінде бітіріп, пайдалануға берілді. «Берсең – балаға бер» дейді дана халқымыз. Бейбіт заманда осы бүлдіршіндеріміз алаңсыз жылы әрі таза жерде өссін деген тілегіміз еді.

 Дания Есмағұлова, «Балбөбек» балабақшасының меңгерушісі:

-«Балбөбек» балабақшасы 90 балаға арналып салынған. Әлбетте қазіргі жағдайға байланысты 60 бала тәрбиеленуде. Жұмысшылардың қауіпсіздігі мен санитарлық талаптар да назарға алынған. Балабақша іші заманауи талаптарға сай. Төрт топқа арналған бөлмелер, медбике бөлмесі, наубайхана, шаруашылық бөлмелері, су сақтау қоймасы бар. Сонымен қатар бүлдіршіндердің қажетіне жарайтұғын жиһаздар мен ойыншықтармен жабдықталған. Жаңа бөбекжайдың арқасында 20-ға жуық адам жұмыспен қамтылды. Қазіргі уақытта балалардың толыққанды қалыптасуы үшін мектепке дейінгі білім беру нысандарының маңызы зор.

 Жайдарман Сүйінішқалиева, көпбалалы ата-ана:

-Жаңа ғимаратта жаңа ұжыммен жұмысымызды жаңадан бастап жатырмыз. Өзім көпбалалы анамын. Біраз уақыттан бері жұмыссыз отырдым. Бүгінде ауылымыздың жомарт азаматы Аманжол ағамызбен, халық қалаулысы Асыл Жүсіпқызының арқасында болашақ үшін жарқыраған жақсы ғимарат салынып, жұмысқа қабылданып жатқанына қуаныштымын. Ел игілігі жолында атқарылар істер көп болсын! Ел үшін еміреніп, еңбек еткен отбасына шексіз алғысымызды білдіреміз.

Түйін.  Ата-аналардың да, бүлдіршіндердің де жүздерінен бал-бұл жанған қуанышты байқадық. Жұмысқа орналасқан мамандармен бірге өз балаларын, немерелерін күн сайын балабақшаға әкелетін ауыл тұрғындары да дән риза.  Өйткені сәбилерін мектепке дейінгі мекемелерге орналастыру – әр ата-ананың арманы.

Қазір жеке кәсіпкерлердің балабақша, дамыту орталықтарын ашуға ынтасы жоғары. Ауданда балаларды балабақшамен қамту ісі мұнымен шектелмесі анық. Жекеменшік балабақша ашуға құлшыныс білдіріп отырған кәсіпкерлер бар. Бұл бағыттағы көзқарас бұрынғыға қарағанда түбегейлі өзгерді. Өйткені кәсіпкерлер бұл істе тек пайданы ғана ойламай, мемлекет пен халық алдындағы жауапкершілікті сезініп келеді. Келер жылы да бұл жұмыстар кең көлемде жалғасын табатынына біз сенімдіміз. Ал осы ретте зерделі ұрпақ тәрбиелеуге жол ашып, ауыл төрінде бөбекжайдың бой көтеруіне ықпал еткен Асылхан Төлеуғалиевтің игілікті ісі көпке үлгі боларлықтай.

Балапандар үшін барлық жағдай қарастырылған «Балбөбектің» болашағы жарқын болатынына сеніміміз мол.

                                                                                               Жұлдыз Асқар,

Казталов ауданы

 zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале