24.09.2021, 10:58
Оқылды: 55

Балықшы Жомарт

Жомартты жымпитылықтар жақсы таниды. Үйіне қонақ келгенде немесе балыққа, балық сорпасына тәбеті тартқанда кәнігі балықшы Жомарт Жұмағалиевті іздеп, қоңырау шалатындар көп-ақ.

балык

Оның балық аулауға қызығушылығы 14-15 жасында басталды. Қашан көрсең де, ағасы Радмирге еріп, өзенге балық аулауға бара жататын.

– 1997 жылы жұбайым Эльмирамен шаңырақ көтердік. Сол кездері күнделікті тіршілік етудің өзі қиынға соқты. Жалақыны, зейнетақыны, балалардың жәрдемақысын кешіктіріп беретін. Сондай сәттерде «Өзен жағалағанның өзегі талмайды» дегендей, үйренген кәсіпті қолға алып, аулаған балығымды тұрғындарға сатып, аз болса да тиын-тебен құраудың қамын жасадық, – деді ол.

Жомарт Елегенұлы бүгінде кәнігі балықшы ғана емес, Өлеңті өзенінің қырағы қорғаушысы. Яғни табиғат жанашыры. Өлеңті өзенінің жағалауындағы «Мұқай» нүктесінен балық аулаған сәттерінде қармаққа түскен шабақтарды «Тіршілігін жалғастыра берсін» деп өзенге қайта жіберіп отырса, қыс маусымында балықтарға ауа бару үшін мұзды жігіттермен бірлесе ойып, ойықтарға қамыс-қоға салады.

– Балық аулау бала кезден үйренген кәсіп қой. Аптасына төрт рет балық аулауға барамын. Өзен-көл жағасында қонып, ертеңгісін ертемен шортан, сартұқыш, қара балық аулаймын. 20-30 келідей олжамен ауылға ораламын, – деді Жомарт әңгіме арасында.

Жыл сайын аудан орталығында өткізілетін жәрмеңкеде әуесқой балықшы Жомарт Жұмағалиевтің сөреге шығарған қара балығының әр келісі 1000 теңгеден, шортан, сартұқыштың келісі 800 теңгеден, кептірілген шортан және табан балығының әр данасы 500 теңгеден лезде өтіп кетеді. Жомарттың қанына сіңген тағы бір қасиеті ауданда өткізілетін мерекелік іс-шараларда қой етінен кәуап пісірудегі шеберлігі дер едік.

Иә, ерінбегенге балық та табыс көзі. Әуесқой балықшы Жомарт Жұмағалиевтің айтуынша, аулаған балығын сатып, айына орташа есеппен 50-60 мың теңгедей отбасына қосымша кіріс кіргізеді екен. Ол осы қаржыны  ұқыптылықпен жұмсау арқылы керек-жарағының бәріне жеткізіп отыр.

Мүсірбек Айташев,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале