12.05.2024, 10:00
Оқылды: 16

Балықты Сокрыл – тарихи көл

Табиғатты сақтау, оны аялап, келешек ұрпаққа жеткізу, ұрпақтың санасына қондыру, дұрыс тәрбие беру, әрине, күн тақырыбынан түсер емес. Әсіресе Казталов ауданы аумағындағы экологиялық тепе-теңдікті сақтап тұрған табиғи нысандарды сақтау қажет.

IMG-20240511-WA0018

Казталов ауданында ерекше қорғауды қажет ететін табиғи нысандар көптеп саналады. Казталовтың Еділбай соры, Қошанкөлдің Көктерек тоғайы, Қайыңдының Қызғалдақ алқабы, Қараөзеннің Сарышығанағы, Жаңажолдың Балықты Сокрыл көлдері бар. Соның ішінде, атап өтетін Балықты Сокрыл көлінің тарихы тереңде жатыр. Сарыөзен мен Қараөзеннің ортасында орналасқан Балықты Сокрыл көлінің қазақша атауы — Ақкөл.

IMG20240511100355

Табиғи фаунасы бай Сокрыл көлі Жаңажол ауылдық округінің территориясында орналасқан. Балығы мен құсы мол көлдің сиымдылығы 96 млн. текше литр. Айналғанда 30 шақырымды құрайтын көлге биыл 98 пайыз көлемінде су түскен.

10 мамыр күні аудан бойынша сенбіліктер өтті. Сонымен бірге Сокрыл көлі жағалауында да сенбілік өтті. Сенбілікке Казталов ауданының әкімі Асланбек Сарқұлов, Жаңажол ауылдық округінің әкімі аппараты, мектеп ұжымы, ауыл тұрғындары қатысты.

Тарихы тереңде жатқан Сокрыл көлі жағасында «Ақкөл» балалар демалыс лагері орналасқан. Сенбілікке барған кезімізде шексіз теңіздей шалқыған, толқындары жағаға соғып тұрған көлді көрдік. Ерекше табиғи көрініс. Ауыл тұрғындарының айтуынша, көлге мол көлемде су көптен бері келмеген екен. Ылғал аз жылдары көл суы жағадан 500 метрге дейін тартылып кетеді екен. Биыл су молынан түскен.

IMG20240511100749

Сенбілік барысында көл жағасы шөлмек пен қоқысқа толып кеткенін байқадық. Бұл жерге қоқыс даладан ұшып келмейтіні мәлім. Көл жағасына демала барғандар ғана қалдырып кетеді. Көпке топырақ шашудан аулақпыз. Дегенмен, қоғамдық санамызды өзгертпей, туған жердің табиғатын біз сақтамасақ, басқасына керегі шамалы.

IMG20240511101113

Балықты Сокрыл — ауданымыздың мақтанышы десек артық болмас. Табиғи нысанымызды аялап күтіп, болашақ ұрпаққа табиғи таза қалпында сақтап қалайық!

Нұр Рахман ,

Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале