29.01.2021, 11:26
Оқылды: 202

«Бар байлығым – домбырам мен өлеңім»

Әр адамның өмірі бір кітапқа жүк болардай сан алуан тағдыр жолдарымен белгілі.

шәки ақын (2) (1)

Шалқып аққан Шежін еді,

Әр төбесі шежірелі.

Сенде туып, сенде өскендер,

Бақытты өзін сезінеді, - деп жырлаған марқұм Шәки Қайырғалиевті аудан жұртшылығы жақсы біледі. Киелі Бөкей ордасында кіндік қаны тамғанымен, туған жеріндей болған Тасқала ауданының намысын қорғаған ақберен айтыскер ақын еді. Талай айтыстарда аудан, облыс намысын қорғады. Шежін ауылдық мәдениет үйінде әдіскер болып еңбек етті. Бұл күнде сол бір керемет сәттер өткен күннің еншісінде қалды. Ақжарқын мінезді әріптес аға да ортамызда жоқ. Неткен жүйрік уақыт десейші?!

Шәки Қайырғалиев 1950 жылы 3 ақпанында Бөкей ордасы ауданы Ұялы құмында дүниеге келген. Балалық шағы сонау құм шағылда туған жер төсінде өткен. Бала кезінен ауыл көріністерін, табиғат сұлулықтарын өлеңге арқау еткен сезімтал Шәки ағаның өнерге келуі де кездейсоқ емесі айқын. Ол 1968 жылы Жаңақала ауданындағы Новая Казанка ауылының С.М.Киров атындағы мектебін бітіреді. Мектеп қабырғасында жүргеннен өлең жазып, өнерге жақын болады.

Сол асау арман оны А.С.Пушкин атындағы педагогикалық институтқа алып келеді. Аталмыш оқу орнын 1976 жылы бітіреді. Жүрегіне жыр толған балаң ақын 1977-1978 жылдары Камен аудандық «Екпін» газетінде хаттар бөлімінде тілші, 1979-1992 жылдары II Шежінде қазақ тілі пәнінің мұғалімі болып еңбек етеді. Суырып салып, өлең де шығарады. Қара домбырасын қолға алып, керемет дауысымен ән де шырқайды. Осылай өлең-жырға ғашық жүрек 1992-2010 жылдар аралығында мәдениет саласында абыройлы қызмет етті. Әріптес болдық. Ортамызда орны бөлек еді. Ерекше ақкөңіл, ақжүрек, мейірімді жан болатын. Шәки ағаның тағы бір ерекшелігі – өтірікке жаны қас-тұғын. Көлгірсуді жек көретін. Шындықты бетке айтатын мінезі болатын. Кейде болмашыға жас баладай қуанатын. Шығармашыл жан болғасын ба, қызық мінездері болушы еді. Ағамыздың әп-сәтте баладай аңғалдығын көріп: «ақынжанды» деген сол шығар деп ойлаушы едім. Ауылдастары ақын ағаны құрмет тұтты, оқушылар өлеңдерін жатқа айтты.

Ш.Қайырғалиев ақындық жолын 1987 жылы аудандық ақындар айтысынан бастаған екен. 1988 жылы Қаратөбе ауданында өткен облыстық ақындар айтысында III орынға ие болып, «облыс ақыны» деген атаққа алғаны есімде. Шәки ағамен көп жылдар бірге қызмет еттік. Сондай қарпайым адам еді. Ақын дегенің өзі сондай қызық халық қой. Суырып салма өнері де болатын. Бірде жадырап отырады, бірде әлденеге мұңданып, әп-сәтте өлең шығарып тастайтын.

1990 жылы мамыр айында Алматы қаласында, маусымда Шымкент облысының Абай ауданында ақындар айтысына қатысты. 1991 жылы наурызда Қызылорда қаласының мұғалім ақындарының айтысында да бақ сынады.

1991 жылы Орал қаласында өткен ақындар айтысында түре түрінде айтысып, II орынды қанжығасына байлады. Мектепте жыл сайын «Шәки оқулары» өтіп тұрады. Ұрпағына қалдырған өсиетіндей жастарды елін, жерін сүюге тәрбиеледі. Халықтың мұң-мұқтажы, кездескен келеңсіздіктер ақын жырына арқау болды.

1991 жылы Мұхит Мерәліұлының 150 жылдық тойына, 1992 жылы Сырым Датұлының 250 жылдығына, 1995 жылы Абайдың 150 жылдық мерейтойларына қатысып, мақтау қағаздары, дипломдармен, бағалы сыйлықтармен марапатталғанын ауылдастары ұмыта қойған жоқ.

Жыр дүлдүлі Жамбылдың 150 жылдық мерейтойына арналған облыста өткен ақындар айтысында тайпақтық ақын Үзілдік Елубаевамен айтысында: Маңдайдан тер шығады лағылданған,

Күтемін бұл айтыста бағамды алдан.

Алдында үш-төрт жылдай шықпай кеттік,

Көп сөйлесек, өздеріңді сағынғаннан, - деп айтыстың аламан бәйгесін аңсап келгенін білдірді.

Шәки аға тек ақын ғана емес, әнші де еді-ау. Тасқаланың мерекелік тойлары онсыз өтіп көрмеген. Өлеңдері облыстық, аудандық газеттерде жиі жарияланып тұратын. Өзі бар кезде жарық көрген «Сыңар етіп арманның ақ қанатын», «Шертіп жүрмін домбырамды» атты екі кітабы бүгінде мұражайымызда сақтаулы тұр. Ақ жүректі әріптес ағаның көзіндей ыстық көрінеді. Сиясы кеппеген өлеңдерін алдымен біздерге оқып беретін. Есіктен кіріп келіп: «Мейрамдарыңызбен, қыздар!» дейтін. «Ой, Шәки аға, сізде күнде мейрам ғой, жұмысқа кірісейік», - деймін ғой. Сонда аға: «Қателеспеңдер, адамның әр күні мейрам, жұмысты жақсы көңіл күймен бастайық, жұмыс қайда қашар дейсің?» -дейтін, жарықтық. Содан соң езуіне өзіне тән күлкі ұялап, «өлеңімді тыңдап жіберіңдерші» деуші еді, қайран аға. Бұл күнде сол сәттің бәрі сағыныш.

Ағаның кітаптарын парақтаған сайын қадірлі әріптес, аяулы жан есіме түсе береді. Домбыра, баянда ойнайтын. «Гүл-гүл жайна» деген халық әнін жақсы көруші еді. Жылқы жануарын ерекше баптайтын. Сол аты ауыздығын алып қашып, аттан құлап, иығы мен қолын ауыртып алып еді. Содан оңалып кете алмады. Аспапта ойнауын денсаулығына орай қойып кетті. Әлі есімде 60 жылдық мерейтойы жан-жақтан дос-жарандары келіп, ауылдық мәдениет үйінде өтті. Тағдыр дегенді қойсаңшы?! Ұлдай атты қызы жол апатынан қайтыс болып, өмірден ерте кеткен құлыншағының қайғысы батып кетті ме, өзі де ауырды. Сол Ұлдайын ерекше жақсы көруші еді. Жолдасы Ағиба апаның айтуы бойынша, мерейтойдан соң, дәл 60 күн өмір сүріп, қайтпас сапарға аттанды. Жазмыш деген осы ғой. Аман-сау ортамызда жүрсе, 71 жасқа толар ма еді?.. Қайран аға, артына сүйікті ісін, өнерін қалдырып кетті.

Иә, қойнауы қазынаға толы, талай дарындарды дүниеге әкелген Ақжайық өңірі айтыс ақындарына кенде емес. Сонау Мектеп Досқалиев, Жаңыл Жұрмағанбетова, Нығмет Нағымовтардан бастау алып, Шолпан Қыдырниязова, Сәрсенғали Бисенғалиев, Қатимолла Бердіғалиев, Сағынтай Бисенғалиевтермен жалғасып, Мэлс Қосымбаев, Бауыржан Халлиолла, Ерік Ахметов, Асылбек Ищанов, Жансая Мусиналарға ұласқан аяулы өнердің, дүбірлі доданың бел ортасында жерлесіміз Шәки Қайырғалиев те жүрді.

«Намысы үшін ауданның,

Айтыстарға да барғанмын.

Тоқпағымен шындықтың,

Алқалы топты жарғанмын» - деген жырларына ел куә.

«Жанашыр болып жүрмін бар асылға,

Ауысып мәдениет саласына.

Қараймын үмітпенен баласына,

Бас ием елдің сыйлы ағасына», - деп, осы салада өмірінің соңына дейін қызмет атқарған, осынау жылдар ішінде артынан із қалдырып, талай-талай шәкірттер тәрбиелеп, өрелі өнерпаздарға бағыт-бағдар бере білген Шәки ағаның жарқын бейнесі жүрегімізде.

Шәки ағамыз нағыз патриот ақын еді. Отан, туған жер, махаббат, табиғат, ата-ана, жастық шақ туралы тебірене толғанды. Қаламының қайратына ғана сенетін, өмірдің көлеңкелі жақтарынан да шуақ іздейтін, сезімін үнемі сергек ұстайтын Шәки ақынның жан серігі қаламынан төгілген өлеңдері өміршең, ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса берері анық.

«Артында қалған оңалар» дегендей, соңында ізін жалғастырушы ұрпағы қалды. Жұбайы Ағиба, ұлы Мақат жанұясымен, қыздары Марина, Мейрамгүл, Назым бүгінде әке жаққан шамшырақты сөндіріп алмай, ізін жалғап келеді. Немере-жиендері де өсіп келеді.

«Жақсының аты өлмейді» дегендей, Шәки ағаның алмастай өткір жырлары жылдар өткен сайын ұмытылмай, керісінше әр жырсүйер ізбасарларының жүрегінде мәңгі сақталары айқын.

Ақырыс Абдрахманова,

Шежін мәдениет үйінің директоры

Тасқала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале