4.02.2022, 12:50
Оқылды: 72

Бар көліктің бағасын білген жақсы

Железнов ауылындағы есептік кездесу де әдеттегідей басталды. Алдымен ауылдық округ әкімі Ербол Сидағалиевтің өткен жылы атқарған жұмысы туралы есебі тыңдалды. Аудан орталығына жақын орналасқан Железновқа жол жеткелі ауыл ерекше көркейе түскен. Жұмыс орнымен де айтарлықтай мәселе жоқ. Біраз ел ауылдағы «Киргенев», «Авангард» сияқты шаруашылықтарда жұмыс жасайды. Жалақылары да көңілден шығады. Кәсіпкерлік те ауылда жақсы жолға қойылған. Бұл салада 40-тан астам тұрғын еңбектенуде. Грант алып, іс бастағандар да жетерлік.

железнов2

 

-Жергілікті тұрғындарды көптен бері мазалаған мәселелердің бірі ауыз су болған. Осы күні көптің көңілін күпті қылып келген 300 метр су құбыры жаңарды. Одан бөлек алты көше тұрғындары үйлеріне дейін су тартып алды. Ауылдың таза ауыз сумен қамтылуы 64 пайыздан асты, - деді өз баяндамасында ауыл әкімі Ербол Сидағалиев.

Ауылдағы әлеуметтік нысандардың жылыту қазандықтары жаңартылып, Новенький ауылының бас ауыртар мәселесі болған ұялы байланысы да реттелген. Биыл аталған ауылға «Кар-тел» ЖШС 3G желісін қоспақ. Ауылда абаттандыру жұмыстары да ойдағыдай жүзеге асқан. Ауыл кәсіпкерлері округті қоқыстан тазартуға, ауыл маңындағы бөгеттерді ретке келтіруге көмектесіп тұрады екен.

Өткен жылы ауылда үш қылмыс тіркелсе, оның екеуі ашылыпты. Түрлі әкімшілік құқықбұзушылық, үй жануарларын ұстау қағидаларын бұзған азаматтарға ескертулер жасалып, қайталаған тұрғындарға айыппұл да салынған.

Округ әкімі биыл Железнов, Новенький ауылдарына медпункт салу, аталған қос ауылдарының бөгеттерін жөндеу, Новенькийге спорт алаңын салу, железновта балалар ойын алаңын тұрғызу сияқты мәселелерді шешуге кіріспекші екенін де өз баяндамасында айтып өтті.

железнов3

Кейін аудан басшысы сөз алып, ауданда өткен жылы атқарылған жұмыстарды саралады. Кәсіпкерлік, ауылдардың инфрақұрылымын дамыту, газ, су, жол сияқты мәселелердің шешіліп жатқанын да тілге тиек етті. Сонымен қатар шекаралық аймақта тұрған ауылдарды дамыту ісіне де ерекше назар аударатынын айтқан Марат Лұқпанұлы шеткері елді мекендерде қазақ сыныптарын ашу жұмыстары жүргізіліп жатқанын да атап өтті. Сондай-ақ барша елдің бас ауруына айналған бұралқы иттермен күресуге де ерекше назар аударылғанын жеткізген аудан басшысы білім саласы да назардан тыс қалмайтынын айтты.

Жергілікті тұрғындар шабындық жетіспейтінін, көп жер жекенің қолында болғандықтан, шөп жинау қиынға соғып жатқанын жеткізді. Аталған мәселе барлық жерде бар екенін айтқан аудан басшысы шешу үшін қолдан келер істің барлығын жасайтынына уәде берді.

Қазіргі таңда ауылдағы басты мәселелердің бірі Железновты қаламен қосатын маршрутты автобус болып отыр. Заңсыз адам таситындардың кесірінен автобус қалаға бос барып келетін болыпты. Ал тұрғындар автобусқа міне бермейді екен. Олай жалғаса берсе, автобус жүргізушісі жұмысын тастамақ екенін ескертті. Аудан әкімі Марат Тоқжанов аталған мәселені қарастырып, автобус маршрутының әлеуметтік маңызы бар екенін дәлелдеп, жүргізушіге демеуқаржы беру жағын ойластыруды жауапты мамандарға тапсырды.

Жалпы Железнов тұрғындары атқарылған жұмысқа разы екенін көрсетіп, алда атқарылатын іске сәттілік тіледі.

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале