29.09.2021, 11:58
Оқылды: 73

Бәрі де ауызбіршіліктің арқасы

Бүгінде істің қиюын келтіріп, әр салада өз кәсібін дөңгелетіп отырған шаруалар аз емес. «Жақсының аты – жария» болатыны рас қой. Елдің алғысына бөленіп жүрген, бала күннен еңбекке ерте араласып, ақыл-парасатымен көпшілікке үлгі бола білген жайсаң жан, күйгенкөлдік Боранбай Айтқалиев туралы сөз қозғамақпыз. Мал өсіріп, оның игілігін көріп, өзінің маңдай тері - еңбегінің арқасында шаруасын шалқытып отырған «Ерлан» шаруа қожалығына арнайы барып қайттық.  

WhatsApp Image 2021-09-29 at 11.42.32

Қожалық 1995 жылы құрылса да, өз жұмысын 2000 жылдары бастаған. Содан бері екі бұзаулы сиыр, бір бұқамен басталған шаруаның ісі өрге жүзіп келе жатыр. Осы уақытқа дейін шаруашылықтың жұмысы бір ізге түскен. Мал саны жыл сайын өсіп келеді.

-Қожалық 1995 жылы құрылғаны болмаса, жұмысты 1999-2000 жылдары бастадық. Далаға қоныстанып, үй салдық. Себебі ол жерде ештеңе де болмады. Мемлекетіміз ауыл шаруашылығына, оның ішінде мал шаруашылығын дамыту үшін жағдай жасап жатыр. Сол себепті, біз ерінбей, аянбай жұмыс жасауымыз керек. Несие алып, малды сатып алып, үйде жатып алсақ, ешқандай өсіп-өну болмайды. Малды бағу оңай шаруа емес, оларды қарап, баптап отыру керек. Түйе малынан басқасының бәрі бар. Аллаға шүкір, шаруамыз бірдейленді. Ауыл шаруашылығына қажетті бес трактор, «КамАЗ» тіркемесімен, ұсақ-түйек көліктің түрлері бар. Сонымен қатар ауыл шаруашылығына арналған көптеген мемлекеттік бағдарламалар жұмыс істеуде. Қандай бағдарлама бастау алмасын бәріне де қатысып, берген субсидиясын алып, пайдаланудамыз. Лизингке техникалар алдық. Одан бөлек асыл тұқымды бұқалар асырап келемін. Алла қосса, асыл тұқымды мал шаруашылығы мәртебесін алуды жоспарлап отырмыз. Биыл қыстан аман шықтық. Іскірт жарымдай шөбіміз қалды. Алдағы қысқа да дайынбыз. Мал азығын жинап алдық. Мал шаруашылығымен айналысқан адам оның игілігін көретіні анық. Шүкір, қазір ел қатарлы жүріп жатырмыз. Жұмыстың жеңілі жоқ, қиындықтың бәрін жеңіп, алға ұмтылу керек. Ерінбей еңбек етсең ғана, бақыт келіп басын иеді. Сондықтан барлығы маңдай термен келеді, - деді «Ерлан» шаруа қожалығының иесі Б.Айтқалиев.

Жалпы шаруа қожалығында заңды түрде тіркелген бес жұмысшы бар екен. Бірі мал бақса, екіншісі өзге шаруаларды атқаруда. Қожалық иесінің айтуынша, маусымдық жұмыстарға жұмысшы алып тіркегенмен, тұрақтамайды. Бір ай істеп кетіп қалады. Мал бағатын адамның жағдайын жасамасаң, шаруа алға баспайды. Жалпы, жұмыс жасаймын деген адамның қолын қақпайды.

Мал шаруашылығынан бөлек ауылдық округ орталығынан «Бағлан» атты азық-түлік дүкені тұрғындарды қажетті азық-түлік және басқа да заттармен қамтамасыз етіп отыр. Осындай еңбек майданында Боранбай ағаның жан жары Мақпал апа, төрт ұлы, екі келіні және алты немересі көмектесіп келеді.

WhatsApp Image 2021-09-29 at 11.42.31 (1)

«Жан жарым дүкеннің басында, сонда сатушы болып істейді. Негізінен өзімнің туған үш ұлым бар. Туған інім мен келінім қайтыс болды. Арттарында қалған баланы өзімнің қарауыма алдым. Сол себепті менің төрт ұлым бар деп айта аламын. Балаларым жоғары оқу орнын бітірген, мамандық иесі. Алайда, сөзімді жерге тастамай, төртеуі де қасымда жүр. Ауызбіршіліктің, тәрбиенің арқасы болар, барлығы да еңбекқор. Әрқайсысы өз ісімен айналысуда. Бірі мал басында жүрсе, бірі мал азығын жинауда. Ал үшіншісі дүкенге көмектесуде, - деді мақтаныш сезіммен Боранбай аға.

Боранбай аға айтса айтқандай, балалары жанында шаруаны дөңгелетіп отыр. Екі ұлы өз алдына шаңырақ көтерді. Қолдары ұзарып, келін жұмсап, балалардың болашағына сүйсінген ата-ананың әлі де алға қойған мақсаты, тындыратын тірлігі бар.

WhatsApp Image 2021-09-29 at 11.42.31

Шаруашылық жайымен таныса жүріп, қыстақ басындағы үйі мен аула-қорасын, жылыжайын, ауыл шаруашылығына қажетті техникаларын көрдік. Іргетасы биік қаланып жатқан шатырлы үйі тағы бар. Қожалықтың алдыға қойған мақсаты жоғары. Әрбір науқандық жұмыстың жүзеге асырылуынан, тындырымды тірліктен рахат тапқан шаруа қожалығы иесінің еселі еңбегіне табыс тіледік.

Гүлзара Тілекқабылқызы,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале