18.05.2022, 11:15
Оқылды: 45

«Бәріне махаббатпен қарау керек»

«Ниет түзу болса, бәріне үлгеруге болады» деп жүрген Ұзынкөл ауылындағы  Жасұлан мен Элеонораның отбасын жазбай өту әсте мүмкін емес. Жасұлан Төреғалиев болашақ жұбайын Атыраудан кезіктіріпті. Ганюшкино ауылында дүниеге келіп, Құлсары қаласында бой жеткен Элеонора Қарабалина – есепті шемішкіше шағатын, үш тілде еркін сөйлейтін білімді жан.

11

- 2011 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін үздік бітірдім. Сол жылы көмекші-аудармашы ретінде Теңіз кентіндегі «КСБ Груп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне жұмысқа орналастым. Мұнай және күзет саласында жүріп, болашақ жұбайыммен таныстым. 2015 жылы тұрмысқа шығып, Теректі ауданына қарасты Ұзынкөл ауылдық округіне келін болып түстім. Бүгінде бір ұл, бір қыз тәрбиелеп отырмыз, - деп Элеонора өткенді есіне алды.

Қалада өскен қызға ұялы байланыс ұстамайтын ауылға келін болу алғашында оңайға түспепті. Ғаламторды тек қалаға барғанда пайдалану, суды сырттан тасу, күл алып, от жағу сынды жұмыстарды атқарып жүріп, сүйіп қосылған жолдасының отбасына сіңісіп кеткен Элеонора сол кездерді күліп есіне алады.

- Бүгінде сізге айтқанымның барлығы ертегі сияқты. 2016 жылы ауылымыз көгілдір отынмен қамтылды. 2019 жылы таза ауыз су келді. Енді біреуге хабарласу үшін  жол бойына шығудың қажеті жоқ. Ата-енемнің қолында тұрып, оларды күтіп-баптап, батасын алып келемін. Өзіміздің шағын дүкеніміз бар. Отбасым әрдайым бірінші орында. Ер азаматымның ата-анасын өзімдікі деп қабылдап, сыйлап, алдында иіліп  тұрсаң, ол кісілер де саған қызындай қарайды. Бос уақытымда торттар мен тәттілер пісіріп, сатамын. Уақытты ұтымды пайдалансаң, бәріне үлгеруге болады. Бастысы бәріне махаббатпен қарау керек, - дейді Ұзынкөл ауылдық округі әкімі аппаратында есепші бас маман болып қызмет етіп жүрген жас ана.

Балнұр Қанаева,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале