16.09.2021, 9:57
Оқылды: 35

Бас имам дәріс оқыды

ҚМДБ-ның Батыс Қазақстан облысы бойынша бас имамы Бақытжан Құралбайұлы Бәйтерек ауданына іссапары кезінде жергілікті белсенді жастарға дәріс оқыды.

IMG-20210915-WA0079

 

Аудан орталығындағы «Бәйтерек» мәдени ағарту және тынығу орталығында өткен кездесуге аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұржан Дүзбатыр қатысты.

Кездесу барысында бас имам жастарды ҚМДБ тарапынан қабылданған негізгі құжаттар мен діни басқарма жұмысының басты жұмыс бағыттарымен таныстырды. Осыдан кейін «Ихсан – рухани тәрбиенің негізі» тақырыбында дәріс оқып, ғасырлар бойы байланысы үзілмеген ұлттық салт-дәстүріміз бен ата дініміздің сабақтастығының маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ соңғы жылдары тарихымыз таразыланып, мәдени мұрамыз жаңғырып жатқанын, бұл үрдіске ҚМДБ-ның да тікелей қатысы бар екенін айтқан өңірдің бас діни қызметкері аудандық мешітке көрнекті дін қайраткері Жұбан молда Жүрдібекұлы есімінің берілуі осының айқын көрінісі екенін де атап көрсетті.

 

– Қай кезеңде де қазақ жерінде толеранттылық пен діни еркіндік болған. Ғасырлар бойы даламызда түрлі мәдениет мен дін өкілдері татулықта тұрғанын ұмытпауымыз керек. Жастар дін мәселесіне байланысты ұстаз таңдауда сақ болып, қоғамда қалыптасқан іс-әрекеттер, жүріс-тұрыс және адамгершілік нормалар мен заңдылықтарын ұстанып, саналы әрекет етулері тиіс. Мұндай жағдайда кез келген адамның қателігі өзінің туған-туысқандарының өміріне әсерін тигізетінін түсінуі керек. Сол себептен де тарихын білу, тіл мен мәдениетті дамыту, өз халқының салт-дәстүрлерін дәріптеу, отбасы институтын сақтап қалу мен ұрпақтан-ұрпаққа қалдырған мұрагерлігін нығайту – жастар алдындағы басты міндет. Жастарымыз әркез Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) мен ата бабамыздың өмір жолын өзіне үлгі ететін болса, бұл шынайы, ізгі мұсылманның хақ жолы болмақ, – деді облыстың бас имамы Бақытжан Құралбайұлы.

IMG-20210915-WA0080

Кездесу барысында аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұржан Дүзбатыр сөз алып, жұмыссыз және neet категориясындағы жастарды көзден таса етпей қоғамға бейімдеу, мектеп оқушылары мен түлектерінің дін саласы мамандарына оқыту жайына да көбірек көңіл бөлу керек екеніне тоқталды.

Өз кезегінде жастар бас имамға көкейінде жүрген сауалдарын қойып, тұшымды жауаптар алды.

Кездесу соңында аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің қызметкерлері қонақтар мен белсенді жастарға арнайы жасақталған кітап көрмесін таныстырды.

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале