6.04.2021, 14:36
Оқылды: 216

Бәс тігу – бас тігумен бірдей

Бүгінде спортқа ақша тігіп, құмар ойынға құл болған жандар көп. Бірі ұтса, бірі ұтылып жатады. Кей кездері ойынқұмарлардың «экспресі» ойнап, ақшаға қарық болса, көбіне тіккен құнынан түгел айырылып, қарызға батқандар да жетерлік. Букмекерлерге бар ақшасын салып жіберіп, отбасынан айырылғандар да арамызда жүр. Мысал мен дәлел жетерлік. Дегенмен, ақша тігушілер саны азаймай отыр. Өзім де бір кездері ақша тігіп, құмар ойын ойнаған соң одан арылудың қаншалықты ауыр екенін білемін. Сүйікті командаңа, не ойыншыңа сеніп, бәс жасаған соң үміттеніп күтесің. Ал адам үмітпен өмір сүретінін ескерсек, көп ақшаға қарық боламын деген ой сені жібере қоймайды. Ұтылған сайын ойынға деген құмарың артып, бір күні көп ақша ұтамын деген сағым-үміт ақша тігуге итермелейді де тұрады. Тігудің қажет еместігін біліп тұрсаң да, қандағы адреналин мен кеткен соманы қайтарамын деген түсініксіз сезім ойынға жетелей береді. Сөйтіп ұтылыс серияң жалғасқан үстіне жалғаса түседі. Оның үстіне осы күні букмекерлерден ақша ұтып беремін деген уәдесін үйіп төгетін алаяқтар да көбейді. Соған сенгендер қаржысынан еселеп айырылуда.

 ставки2

Алаяқтардың қаптап кетуіне ұтылған жандардың көптігі де сеп болуда. Өйткені, кеткен ақшаны қайтару үшін ойынқұмарлар «эксперттерге» жолығады. Былайша өмірде оларды «каппер» дейді. Сол каппер қалай жұмыс жасайды? Қалайша көп адам олардың құрығына ілігуде? Соны бір шолсақ. Ең оңай әрі көп кездесетін тәсіл – тенниске бәс тігу. Каппер әлеуметтік желіге 100 пайыздық сенімділікпен ойнап кететін бәс бар екенін жазады. Бірақ, хабарландыруына бәс тігемін деушілердің саны 100 адамға толған соң ғана қайда ставка жасау керектігін айтатынын қосып қояды. Керекті адам саны толған соң әрқайсысынан 1000 теңгеден алып, 50 адамға бірінші нөмірлі теннисші жеңетінін, 50 адамға екінші теннисші жеңетінін айтады. Ал теннисте тең есеп болмайтынын ескерсек, 50 адам жеңеді, қалғаны ұтылады. Жеңілгендер өз арызын айтып келген кезде, «бұл – спорт, ондай-ондай болып тұрады» деп кешірім сұрап, жылы сөзбен шығарып салады. Кейбіреулерін жеңілгенің үшін саған тегін болжам беремін деп жұбатып та қояды. Одан кейін әлгі капперді таппайсыз. Ал ұтқан адамдар су арзан болжам берген «экспертін» өз достарына жарнамалайды. Сол арқылы каппер тағы да біраз «клиент» табады.

Бүгінде әлеуметтік желіге кіре қалсаңыз, танымал блогерлердің ешқашан ұтылып көрмеген ойынқұмарлардың жарнамасын жасап жатқан посттарын көрген боларсыз? Әр блогер ақша ұтып беретін адамға жолығатын сілтемені де ұсынады. Сол арқылы кіре қалсаңыз, жарнамаланған адам су жаңа көлігімен, жаңа пәтерімен мақтанып, бума-бума ақшаны көрсетіп, көзді алдайды. Сөз арасында осының барлығы бәс тігудің арқасында келгенін де айтып өтеді. Жарнамаға сенгендер оған жеке хабарлама жазып, ақшасын көбейткісі келетінін айтады. Осы кезде-ақ адам құрыққа түседі. Каппер оған өзінің букмейкерді қалай жеңгені жайындағы оқиғасын айтып, есепшотын айналдырып, қаржысын еселеп беруі туралы ұсыныс тастайды. Ол үшін бәс тігуші өзі букмекерлік кеңседе тіркелген есеп-шотына белгілі бір соманы, мысал үшін 30 000 теңге салып, логині мен паролін ақша өсіремін деп отырған жанға беруі керек. Каппер өз пайызы деп 5000 теңге алады. Ал қалған 25 000 ақшаға бәс тігеді. Алғашында ол сомма өседі. Ақша көбейген  сайын саған суреттерін жіберіп, есеп те беріп отырады. Өскен ақшадан каппер тағы да пайыз алады. Шоттағы ақша 100 000 болды делік. Осы жерден тоқтай алсаңыз, қарық боласыз. Ал тоқтамасаңыз, шотыңызда дым қалмайды. Бірақ, сеніміңізге әбден кіріп алған каппер сізді барлық сомманы өзі айтқан матчқа тігуге мәжбүрлейді. Ақырында сізде дым қалмайды. Ал ақша ұлғайған сайын өз пайызын алып отырған алаяқ кем дегенде 25 мың теңгеге байып қалады. Иә, олар елдің бәрін алдап жүр деуге болмайды. Бірақ, жеңгендер некен-саяқ. Бұл – алдаудың бір түрі.

Бәс тігушілерді сан соқтырудың екінші түрі – «ставка сату». Барлығымыз инстаграм, ВК немесе басқа да әлеуметтік желілерді өмірі жердегі жұмақтың жартысы екеніне сендірген жарнамаға жолықтық. Көріп шыққан соң бәрімізден ол адам жоғарыға свайп жасауын сұрады. Свайп арқылы каппердің телеграм каналына түсесіз. Канал тарихын тексеріп қарасаңыз, кілең жеңіс. Сосын 2 коэффициент – 2500, 4 коэффициент – 5000, екеуін қатар алсаңыз, 7000 теңге деп тұрады. Бұл алаяқтыққа көбіне жаңадан бәс тігіп жүргендер түседі. Барлық бәс жеңіледі дегеніміз емес. Бірақ, осы арқылы капперлер күніне 100-ден 500 мыңға дейін ақша табады деген ақпарат бар. Оларды жауапқа тарту оңай емес. Өйткені каппер сізді заңды тұрғыда алдаған жоқ. Өзіңіз барып тіктіңіз және сіз де, ол да ұтылды. Тіпті жауапқа тартқан күннің өзінде ешқандай іліп алар айып таға алмайсыз. Сондықтан тікпеген, тіккен күннің өзінде бәс сатып алмаған дұрыс. Осы күні бәс сатушылардың жарнамасы жер жарып тұр. Өйткені оңай олжаға кенелушілерден түскен қаржыны капперлер жарнамаға жұмсайды. Сондай-ақ олардың көбі өз тұтынушыларына промо кодтар ұсынады. Сол код арқылы жаңа кеңсеге тіркелесіз, ол сіз әлгі каппердің рифералды сілтемесі бойынша кеңсеге келгеніңізді білдіреді. Ол үшін букмекерлік кеңсе сізге қосымша ақша да ұсынады. Бірақ, оның барлығын ерте ме, кеш пе ұтыласыз. Ал сізге промо код ұсынып, букмекерге тіркегені үшін алаяқ тағы да өз пайызын алады. Бұл жерде минусқа тек өзіңіз кіресіз. Ал каппер сізді алдаған ақшадан бөлек, букмекердің ұсынған пайызын алып қалды. Өйткені ол букмекерлік кеңсеге жаңа клиент алып келді. Егер де бұндай каналдарды көрсеңіз, алыс жүргеніңіз абзал.

ставки

Бұдан бөлек, келісілген матчтардың нәтижесін сату деген бар. Бұл енді нағыз ақымақтарға арналған бәс. Келісілген матчтар жоқ демеймін. Олар бар. Бірақ оның нәтижесін ешкім ешқашан сыртқа шығармайды. Өйткені бұл ақпарат бүтіндей бір команданың ғана емес, түгел елдің, чемпионаттың имиджіне үлкен нұқсан келтіреді. Сондықтан сенбеуге шақырамын. Бұл да жоғарыда аталған теннис сияқты жұмыс жасайды. Көбіне келісілген матчқа қоюшылар оның үлкен қауіп және алаяқтық екенін білсе де, ақшасын қиып, бәс жасайды. Өйткені оны ұсынушылар әдемілеп тұрып барлығын схема түрінде жеткізеді. Сонымен қатар бұл ақпарат тек он-он бес адамға ғана беріледі, - деп сендіріп, сол себепті бағасы қымбат болатынын айтады. Ондай сөздерден кейін көп жылдар бойы ойнап жүрген адамдардың өзі алданып жатады. Ал қалай да ақшамды қайтарам деген ой жетегіндегі бәс тігуші бәрібір тәуекелге барады.

Сөз басында құмар ойынға құмартқандардың кесірінен көп отбасының ойраны шыққанын жазған болатынбыз. Бұндай мысал Бәйтерек ауданында да бар. Бәс тігуге басы кеткен күйеуінен мезі болған кейіпкеріміз ажырасуға мәжбүр болған.

Газетке өз пікірін беруді сұрағанымызда алдымен қашқақтаған ол кейін өз оқиғасымен бөлісті.

- Екі баламыз бар. Жолдасым оларды қатты жақсы көреді. Бірақ ойынқұмарлығын қоя алатын емес. Соның кесірінен ажырастық. Осыдан он шақты жыл бұрын бәс түгуді бастады, - деді ол.

Оның айтуынша, жолдасы алғашында жай ермек үшін сала бастапты. Ұтқан кездері болған. Тіпті үлкен сомадағы жеңісін әкеліп, несиелерін жапқан шақтар да болыпты. Бірақ, күн өткен сайын тапқан-таянғанын түгелдей букмекерлік кеңсеге жоятынды шығарған. Алғашында жолдасының құмарлығын өз күшімен басуға тырысқан кейіпкеріміздің қолынан ештеңе келмепті.

- Өмірлік серігің үйге еш көмегін тигізбей жатқаны жанға батады екен. Өз ақшасын жойғанымен қоймай, үй аламыз деп «Каспий банктегі» депозитке жинап жүрген ақшаны алатын болды. Оны бұғаттап тастағанымда жанжал шығарып, қол көтерді. Жылап та, ұрысып та түсіндіргендей едім, еш нәтиже болмады. Айнала қарызға батты. Жылдам несие рәсімдеп, одан алған ақшаны да бәске тікті. Ақыры ажырасуға мәжбүр болдым, - дейді аудан тұрғыны.

Бұндай оқиға еліміздің әр аймағында бар екеніне сенімдімін. Ішпей-жемей, үйін тонатқан жандар саны азаймай жатыр. Соңғы кездері жастар да бәс тігуге құмартатын болды. Футболды тек ставка тіккені үшін қарайтындар да бар. Елдің бәрі бәс тігіп, босып кеткен жоқ. Бірақ, арты жақсылыққа апармайды-ау деген қорқыныш басым.

Материал дайындау барысында ауыл тұрғындары арасында шағын сауалнама жүргіздік. Кездескен ағайынға «Сіз ставка тігесіз бе?» деген бір ғана сұрақ қойылды. Тігемін дегендердің дені жастар боп шықты. Әңгімені ұтқан және ұтылған соммаға қарай ауыстырғанымызда көп адам сұхбатты жалғастырудан бас тартты. Тек Азамат Қалбаев есімді жігіт ешқашан екі мың теңгеден артық ақша ұтып көрмегендігін айтты.

- Мен күзетші болып жұмыс жасаймын. Кезекшілікке түскен күні ұйықтамауың керек. Сол себепті бір ойынға 500-ден 1000 теңгеге дейін ақша тігемін. Сол өз ойың шыққанынша ұйқы қашып, кезекшілік өтеді, - деді Азамат.

Кейіпкеріміздің сөзінше, бәс тігу ол үшін уақыт өткізудің бір түрі екен. Ал «Капперлерге жолығып көрдіңіз бе?»деген сауалымызға ол бірден «иә» деген жауап қайырды.

- Букмекерлік кеңселердің ақшасын есеп-шотыңа салып беремін. Үнемі ұтыста боласың деген жарнамаға сеніп, капперге жолыққанымды жасырмаймын. Бірақ, қызметін пайдаланбадым. Өйткені ол бірден үлкен сома сұрап, ойынның нақты есебін тауып беретінін айтты. Сондықтан бас тарттым. Одан кейін тек өз білігіммен қоямын. Жарнамаға сене бермеймін, -деді Азамат өз сөзінде.

Иә, еліміздің әр аймағында бәс тігіп, байып жатқандар да кездеседі. Бір әріптесім танысы букмекерден екі миллион ақша ұтқанын айтты. Сөзінше, әлгі танысы өте салқынқанды әрі уақытында тоқтай алады екен. Бірақ кез келген адамның бойында ондай қасиет жоқ қой. Сондықтан сақ болған абзал.

Әрине әркім тапқанын қайда жұмсайтынын өзі біледі. Десе де, спортқа бәс тіккен кезде әр ойынды, команданы толық зерттеп барып қойған жөн. Сондай-ақ ұтылуың мүмкін екенін де ұмытпаған дұрыс. Өйткені ол – спорт және де адамның дегені бола бермейді. Сол себепті «қоюды» қоя алмасаң да бәсеңдеткен жөн-ау?

 

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале