23.08.2021, 11:11
Оқылды: 100

Бас жүлде – Бауыржанда!

Теректі аудандық мәдениет үйінде Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойына арналған облыстық айтыс өтті. Айта кетейік, аламан айтыс Теректі ауданы әкімінің қолдауымен және аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бастамасымен ұйымдастырылды. «Тәуелсіздік – тұғырым» атты жыр додасына Бауыржан Ширмединұлы, Айнабек Бисенғалиев, Әділ Ахметов, Нұрдана Темір, Райымбек Өтепов, Жарқынбек Шынтаев, Орынбек Мендіқұлов, Мұрадым Мирланов, Мақсат Тұяқ, Данияр Нысанғалиев, Бекболат Қаленов және Санат Мұхамеджанов секілді азулы ақындар қатысуға ниет білдірген еді.

IMG-20210822-WA0022

Мәдениет үйі ауласында қос киіз үй тігіліп, ақындар мен қазылар алқасы, сонымен қатар шақырылған қонақтарға аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі және балалар шығармашылық үйі қызметкерлері арнайы көрме ұйымдастырды.

Айтысқа келген құрметті қонақтардың қатарында БҚО әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов, Теректі ауданының әкімі Арман Өтеғұлов, айтыскер ақын, «Алтын домбыра» иегері Жансая Мусина, республикалық айтыстардың бірнеше мәрте жүлдегері, Атырау қаласынан арнайы келген Шалқарбай Ізбасаров болды.

Сөз додасының ашылу салтанатында аудан басшысы Арман Кәрімұлы сөз сөйлеп, қонақтар мен ақындарға "қош келдіңіз" айтты. Қазылар алқасының құрамында айтыскер ақын, Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығының директоры Бауыржан Халиолла, ақын, ұстаз Дариға Мұштанова, балалар жазушысы, облыстық «Орал өңірі» газетінің бас редакторы, жерлесіміз Бауыржан Ғұбайдуллин, Теректі аудандық мәслихат хатшысы Әлжан Нұрғалиев, облыстық халық шығармашылық орталығының директоры, көркемсөз оқудың шебері Мәулет Жұбатов болып, ақындарға әділ бағасын беріп отырды.

IMG-20210822-WA0028

Аламанды теректілік ақын Әділ Ахметов пен Бөрлі ауданынан келген Жарқынбек Шынтаев ашты. Әділ жас болса да өзін сахнада еркін ұстап, Жарқынбектің Қазалыда дүниеге келгенін тілге тиек қылып, туған жерде неге қызмет етпейсің деп уәж айтудан бастады. Жарқынбек талай доадаларды ысылғанын дәлелдеп бақты. «Ақындарда туған жер болмайды, олар да тек жалғыз Отан болады» деп сөз тапқандай болды.

 

– Жүйрік болсаң бәйгеге кім қоспайды,

Бәйгеден келсе жүйрік ойқастайды.

Бұл Әділ Марабайдың жалғасы еді,

Қалайша осы айтысқа үн қоспайды.

Мен Базардай жыраудың ұрпағы едім,

Жарқынбек жырға қалай жыр қоспайды.

Жыраулық бабасынан үзілмеген

Бұл тойды біз бастамай кім бастайды, – деп әуелеткен Жарқынбек,

 

-Қарағайлы дегенде қарағайлы,

Қарағайды көп жылқы аралайды.

Мен Базардың жетінші ұрпағымын,

Атым қалай алысқа тарамайды.

Бір тарихты айтайын көпшілікке,

Айтпай кетсек осында жарамайды,

Марабай мен айтысқан Балқы Базар,

Тарихын өсетін ұл саралайды.

Бұл 19-шы  ғасырда болған айтыс,

Ал бүгін атты жаңа таң арайлы,

Халқым көрсін 21-ші ғасырдағы,

Жырау Балқы Базар мен Марабайды, – деп көрермен ықылысына бөленді.

Екінші жұп – тағы бір теректілік талант Нұрдана Темір мен Жаңақаланың сойқаны Орынбек Меңдіқұлов еді.

– Бисимилах, жаңылмасын Хақ қолдап ер,

Жаңылмасақ біздерді салт жорға дер.

Ассалаумағалейкүм, Теректідей,

Береке, бірлігіне сақ болған ел.

Тарихын қаза берсең түпсіз терең,

Тақсай ханшайымына тақ болған ел.

Жыр жалауын жықпаған әлимисақтан,

Маңмаңгер Марабайдай қарт болған ел.

Бергісі Мақсот Жұмаев болып,

Гималайды бағындырып, даңқ болған ел.

Қойнауы дәнді-дақыл, егін өскен,

Бөлісіп басқалармен мәрт болған ел.

Теректі толғай берсем осындайсың,

Жырына ақындардың шақ болған ел.

Еміне ел жұртының жарап тұрған,

Жеріне біткен сорда бақ болған ел, – деп толғатты Орынбек. Ал Нұрдана оқушылар айтысында тәжірибе жинағанымен, үлкен додаларда әлі пісіп, жетілу керектігін аңғартып қалды. Дегенмен, Орынбек ақын Нұрдананы жетектеп, қарындасына қамқорлық танытумен болды.

Сахна төріне үшінші болып көтерілген сырымдық Мақсат Тұяқ пен Қаратөбе ауданынан келген Райымбек Өтеповтің айтысы да  сәтті шықты. Жезде мен балдыз арасындағы айтыста әзілден бөлек, еліміздегі жағдай да айтылды.

– Мына заман шынында қандай заман,

Кей істі көріп тұрып таңдай қағам.

Бұл карантин халықты мезі қылды,

Ақын-жүрек шынында жағдайға алаң,

Әкесі өліп жатса жиналма деп,

Әкімі келіп жатса елді айдаған.

Осы ғой қарашаның жанайқайы,

Вирус бір ғой болса да хандай бағаң.

Барлығына талапта бірдей болса

Қырандай қанатымды самғай қағам.

Одан қалса қоғамдық көлік жүрмей,

Демалыста халықта сор қайнаған.

Соңғы тиын жолақыға қалып тұрып,

Автобус жүрмей қалған қандай жаман, – деп шырқаған Мақсатқа қошемет бөлек болды.

Төртінші жұп боп сахна шығатын ақжайықтық Бекболат Қаленовтің жұбы Мұрадым Мирланов (Жәнібек ауданы) белгілі себептермен келмей қалып, Бекболат қазылар алқасының шешімімен финалға өтті.

Ақжайық ауданының намысын қорғаған Айнабек Бисенғалиев пен Жаңақаладан келген Данияр Нысанғалиев арасындағы тартыста біріншісі сәл басымдау болды. Айнабектің халықпен жұмысы, өзіне тән сабырлы қалпы және бастысы тәжірибесі оған зор көмек болды. Даниярдың да шабысы жаман емес. Қос ақын Тәуелсіздіктен бөлек, күні кеше Токиода өткен  спорт бәсекесін де тілге тиек қылды.

Айтыстың соңғы жұбы Ақжайықтың тағы бір ақыны Санат Мұхамбетжанов пен Сырымның сынығы, азулы ақын Бауыржан Ширмединұлы болды. Әп дегеннен Бауыржан төкпелетіп, халықтың делебесін қоздырды.

– Жүйткіген өмір деген қоңыр жолда,

Құлагерге жеткізбес көңіл жорға.

Қызыл тіл сенен асқан бағым бар ма,

Қызыл тіл сенен асқан сорым бар ма?

Келгесін Теректідей текті жерге,

Тілім сөйлемейтіндей жөнің бар ма?

Теректі - орыс жері деп ойлайтын,

Менің жаным ашиды тобырларға.

Тарихым бар жазылған топыраққа,

Жазылған мола пен қорымдарға.

Теректінің тарихы тереңдеді,

Тақсайдан Алтын адам табылғанда.

Ұзынкөлден де оба табылыпты,

Жұмбағын шешіп берер оның да Алла,

Жантөре, Айшуақтай хандар жатыр,

Қызылжар, Бекей деген орындарда.

Айшуақтың жүрегі бірге соққан,

Сырым Даттың дабылы соғылғанда.

Жантөре, Апақ деген балалары,

Сырыммен бірге шапқан қалың жауға.

Сол үшін Айшуақпен араз болған.

Атаман Донскойдай залымдар да.

Сырым батыр құтқарып алған дейді,

Айшуақ абақтыға жабылғанда.

Сол Сырымның елінен келіп тұрмын,

Тегін жерден келген жоқ Бауыржан да.

Батырдың ауылынан келген кезде,

Ханның елі құрметпен қабылдар ма?

Ханның белі қайқайып тұрмайды ма,

Айқайлап батыр белдік тағынғанда,-деп келіп,

 

– Айшуақ Кіші жүзге хан болыпты,

Дегендей аталардың жолын жалға.

Тіпті Хан кеңесін де басқарыпты,

Ұстап хандық биліктің жөнін қолға,

Орынбор таққа отырған жері дейді,

Біздің даңқ жетпеген өңір бар ма?

Осының өзі айтып тұрған жоқ па,

Теректі текті қылған төріңді Алла.

Бірісің облыстағы ірі ауданның,

Көп сенде елді мекен, ауылдар да.

Облыстың жалғыз көлі Теректіде,

Шаттанамын Шалқарға шомылғанда,

Облыстың шипажайы Теректіде,

Шипа берер, ем берер ауырғанға,

Облыстың аэропорты Теректіде,

Ұшақпенен жетемін сағымдарға,

Сырымдар, Айшуақтар кеткеннен соң,

Кіші жүздің даласы тарылған ба?

Ресейдің құрамында кетпегенде,

Теректіге кіреді - ау Орынбор да, – деп әуелетті.

Бауыржан Тайпақтың қарбыздарын білеміз, енді ақындары қандай болар екен деп ағасына кезек бергенімен, Санат ақын көбіне дін мәселесін қаузап, тақырыптан сәл ауытқушылық байқалды.

Бауыржан болса Жайықтың бүгінгі ахуалын жырлады.

– Жайықтың толқындары ал тулайды,

Айтасың оны сумен жарыту жайлы.

Көлтауысар дейсің бе Бауыржанды,

Санаға мына сөзің сәл тұрмайды.

Бюджет тауысарлар ғой көп қой бізде,

Жайық жайлы айтатын әртүрлі ойды.

Мемлекеттен қаражат сұрап алып,

Біреу "форум жасап", салпылдайды.

"Жайықты құтқарам!" - деп ұрандатып,

Тарасенко қайықпен қалтылдайды.

Қаражат шараларға кетіп жатыр,

Жайыққа бір тамшы да артылмайды.

Бөгетім болмағасын су тұрмайды,

Су тұрмаса, далаға мал тұрмайды.

Су мұнайдан қымбат болып бара жатыр,

Бұл мәселе әлі де қарқындайды.

Жайықтың тартылғанын менен көріп,

Жанымда Санат ағам қарқылдайды.

Су құймаса, бюджет құю керек

Ақжайық сонда ғана тартылмайды, – дегенде халық қиқулап, қошемет біразға дейін толастамады. Бауыржанның Шалқар көлінің жағдайын жырға қосып, «Жағасы көлдің таза болу керек, Әкімнің көйлегінің жағасындай» деп тауып айтқан жолдары көпшіліктің есінде ұзақ сақталары сөзсіз.

Сонымен, қазылар алқасының шешімімен финалда екі жұп айтысты. Бірі – Айнабек Бисенғалиев пен Жарқынбек Шынтаев болса, бірі – Бауыржан Ширмединұлы мен Бекболат Қаленов.

Қазылар алқасы қос жұптың арасынан үздіктерін анықтаймын дегенше, көрермен Жансая Мусина мен Шалқарбай Ізбасаровтың айтысына тәнті болды. Қос мықты әдемі айтыс жасап, пандемия кезінде еңсесі түскен халыққа тамаша көңіл күй сыйлады. Теректі ауданы әкімі Арман Өтеғұлов республикада қарсылас шақ келтірмей жүрген жүйріктерге құрмет көрсетіп, сый ұсынды.

Қазылар алқасының талқылауынан соң, Теректідегі айтыстың Бас жүлдесі (150 мың теңге) Сырым ауданынан келген Бауыржан Ширмединұлына бұйырды. Жүлдені БҚО әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов  табыстады.

Бірінші орынды ақжайықтық Бекболат Қаленов (100 мың теңге ақшалай сый), екінші орынды бөрлілік Жарқынбек Шынтаев (75 мың теңге ақшалай сый), үшінші орынды ақжайықтық Айнабек Бисенғалиев (50 мың теңге ақшалай сый) жеңіп алды.

Басқа қатысушылар алғысхатқа ие болып, ақшалай сыйлықты еншіледі.

Аудандар арасында биыл алғаш боп айтыс өткізген Теректіге ақындар да, қонақтар да риза болды. Бастысы, қазақтың бекзада өнеріне құрмет жасалды.

Әділет Орынбасаров,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале