7.09.2022, 15:45
Оқылды: 39

Бәсекелестіктің кілті – білімде

Кең байтақ елімізде 1 қыркүйекте Білім күні аталып өтті. Жер-жердегідей аудан мектептерінде алғашқы қоңырау шаралары ұйымдастырылды. Жаңа оқу жылына зор дайындықпен, ізденіспен келген мұғалімдер мен оқушылар күздің алғашқы мерекесін көтеріңкі көңіл-хошпен қарсы алды. Ақжайық аудандық білім бөлімінің мамандарының мәліметінше, аудан бойынша 45 мектеп жұмыс істейді (24 орта, 11 негізгі, 10 бастауыш). Биылғы оқу жылында 6385 оқушымен бастады. Аудан бойынша 621 бүлдіршін мектеп табалдырығынан алғаш аттады.

5

Осы күні аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Ердос Үмітов №1 орта мектептің, аудан әкімінің орынбасары Бақберген Әбуов Абай атындағы мектеп-гимназияның, аудан әкімі аппараты басшысы Рауан Рахметуллин Жұбан ауылындағы Талап мектеп-бөбекжай кешені және аудандық мәслихат хатшысы Сәлімгерей Сиражев Алғабас орта мектебінің  алғашқы қоңырау салтанатына қатысты.

Адам өмірінде жарқын сәттерімен есте қалатын осынау мереке қашан да тың жаңалықтармен ерекшеленбек. Жас ұрпақтың озық білім алып, заманауи технологияларды жаппай игеріп, әлемдік деңгейдегі бәсекеге қабілетті, білікті маман қалыптастыру маңызды. Осы жөнінде де Президентіміз Жолдауында жақсы мәлімдеді. Сондықтан олардың еркін білім алуына қолайлы болуы үшін жаңа білім ордаларының бой көтеруі, ескілерінің жаңғыртылуы алдағы басты мақсат екені баяндалды. Сапалы білім мен саналы тәрбие мығым болса, өскелең ұрпақ қашанда бәсекеге қабілетті бола алады.

Бүгінде ауданымыздың Тайпақ ауылындағы  624 орындық Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектеп (қаржы сомасы 300 225, 0 мың теңге. Мердігер Орал қаласы «Тасқала Транс Газ» ЖШС) пен 480 орындық Базартөбе орта мектебінде (қаржы сомасы 367 964,0 мың теңге. Мердігер Шымкент қаласы,«Град Строй Сервис» ЖШС) тамыз айынан бастап күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Айжан Ақыл,

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале