27.01.2022, 17:30
Оқылды: 561

Бастауыш сынып мұғалімінің кәсіби біліктілігі – заман талабы

Бастауыш сатыдан бастап баланың тілін, ой-өрісін, қиялы мен шығармашылығын дамыту арқылы заман талабына сай жан-жақты дамыған жеке тұлғаны қалыптастыру екінің бірінің қолынан келе бермейді. Шәкірттерімен бірге оқу-тәрбие процесін жаңаша ұйымдастыруда, олардың шығармашылық таным-қабілеттерін дамыта отырып, жеке ерекшеліктерін де таныта білетін Жәнібек ауданы орталығындағы Т.Жароков атындағы жалпы білім беретін орта мектебінде қырық жылға таяу абыройлы қызмет атқарып, терең білім мен тәлімді тәрбиені  шәкірттеріне  сіңіріп, адамға тән асыл қасиеттерді тал бойына жинақтаған Гүлнар Серікқызы Хайырлиева туралы сөз қозғамақпыз.

21

-Болашақта еліміз дамыған алдыңғы қатарлы елдердің қатарынан көрінуді мақсат етіп отыр. Бұл мақсатқа жету үшін әрбір азаматты мектеп қабырғасынан кәсіби біліктілікке баулу қажет. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» дейді дана халқымыз. Мектептегі білім мен тәрбие беру негізі бастауыш сыныптардан басталады. Бастауыш сынып мұғалімі – пән оқытушы ғана емес, ол – бағбан, баланың болашағына бағыт беруші, бала бойындағы қабілетінің көзін ашушы, қорғанышы деуге болады. Барлық білімнің негізі бастауышта қаланатын болса, балаға дәл осы кезде білім беріп қалудың маңызы зор. Бастауыш мектеп – баланы оқуға үйрету мен тәрбиелеу, оның тұлға ретінде өзін-өзі ашуға, жалпы дамуының қалыптасуына жағдай жасайтын негізгі саты. Жалпы адамның мектептегі білім алу кезеңі және тұтас педагогикалық үрдіс сапалы нәтижеге жету үшін бастауыш сыныптардағы оқу-тәрбие үрдісі қазіргі заман талаптарына сай құрылуы шарт. Сондықтан бастауыш мұғаліміне қойылар талап пен жауапкершілік те салмақты,- дейді ұстаз.

Гүлнар Серікқызы 1962 жылдың 1 маусымында Қаратөбе ауданының Аққозы кеңшарында дүниеге келген. 1969 жылы орта мектептің табалдырығын аттаған. Мектепте оқып жүргенде білімге құштар, ән салып, би билеп, мәнерлеп оқуды жаны сүйген, белсенді оқушы болды. 1979 жылы жеті пәннен емтихан тапсырып, орта мектепті аяқтап, А.С.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының химия-биология факультетіне оқуға түсіп, оны 1982 жылы тәмамдаған. Аққозы ауылындағы орта мектепке жолдама алып, алғашқыда сағат болмай пионер вожатый болып еңбек жолын бастап, кейін толық сыныпқа жетекшілік етті. Алғашқы ұстазы Хәмия Дәулетова, жалпы ұстаздары өздерін ұстауы, киім киісі, сабақ беру әдісі, бойларындағы адами асыл қасиеттері талапты жас Гүлнардың болашақ мамандығын жаңылыспай таңдауына әсер етті. 1983 жылы Жәнібек ауылындағы Т.Жароков атындағы орта мектепке бастауыш сыныптың мұғалімі болып орналасты. «Ағаш ағашқа қарап сәнін алады, адам адамға қарап тәлім алады»  демейме,  бүгінде білім ордасында қызмет еткен аға буын ұстаздар Сафия Тұрғалиева, Шолпан Текебаева, Қатима Жасымғалиқызы, Лена Қабиқызы, Ғалия Момыновалармен әріптес болған.

Гүлнар Хайырлиева өзінің ұстаздық еткен еңбек жолында аудандық «Жыл мұғалімі» байқауында «Үлгілі ұстаз», бастауыш сынып мұғалімдерінің облыстық олимпиадасына қатысып «Шебер ұстаз» аталымына ие болды. Сабағында қазіргі заман талабына сай дамыта оқытудың жаңа технологияларын пайдалана отырып, әртүрлі әдіс-тәсілдерді кеңінен қоданып, оқушылардың сабаққа деген қызығушылығын арттырып, өз бетінше білім алуға, құштарлығын оятып, шығармашылықпен ізденуге ұмтылдырады. Оқу процесінде үнемі үлестірмелі топтамаларды, сызба, көрнекілік суреттерді, тіл дамытуға арналған дидактикалық материалдарды, тест тапсырмаларын, техникалық құрал-жабдықтарды кеңінен пайдаланады. Мұғалімнің сыныптан тыс жұмыстары, ертеңгіліктер, тәрбие сағаттары, мерекелік қойылымдары үнемі жоғары дәрежеде өтеді.

«Қазіргі таңдағы мұғалім оқушы үшін «дайын» білім көзі ғана болмай, керісінше кіші мектеп оқушыларының танымдық іс-әрекеттерінің ұйымдастырушысы және үйлестірушісі бола білу қажет. Ол үшін мұғалім өз бетімен білімін жетілдіре алатын, шығармашылық, сыни ойлауы қалыптасқан, қалыптан тыс кәсіби міндеттерін шешуде жаңаша жол табуға дағдыланған маман болуы қажет. Бастауыш сынып оқушыларының тәрбиесі, оқуы мен дамуы жайлы теория мен тәрбие таным мәселесінде қиылысады. Қазіргі балалардың таным белсенділігі мен қызығушылығын қалыптастыруға септігін тигізетін оқытудың инновациялық әдіс-тәсілдерін білім беруде орынды пайдалансақ, ол өзінің сипатын береді. Яғни, оқушының жаттығу жұмысы нәтижесінде деңгейлері көтеріліп, пәнге деген қызығушылығы артады. Сондай-ақ, оқушының білім сапасы жоғарылап, логикалық ойлау мен шығармашылық іс-әрекетке қабілеті артады» - деді өз сөзінде Г.Хайырлиева.

Гүлнар Серікқызы білімін жетілдіру мақсатында 2011-2013 жылдары  Батыс Қазақстан инженерлік-гуманитарлық университетіне түсіп, «бастауышта оқыту педагогикасы мен методикасы» мамандығы бойынша біліктілігін шыңдап, білімін тереңдетті. Ауданда бастауыш сыныптарға дәріс беретін тәжірибелі  мұғалімдердің еңбек жолындағы игі істері мен тәжірибелерін жас буынға үлгі ретінде аудан, облыс көлемінде тарату үшін «Ұстаз ұлағаты – бізге үлгі», «Ардагер ұстаз – ақылдың кені» тақырыптарындағы әдістемелік жинақ кітапшалар құрастыруға өзінің үлесін қосып, үлгі-өнеге көрсеткен парасатты ұстаз. Өнімді еңбек еткен жаңашыл мұғалімнің еңбегі лайықты бағаланып, 2015 жылы  БҚО білім басқармасының  Құрмет грамотасымен, 2017 жылы БҚО кәсіподақтар орталығы төрағасының алғыс хатымен, 2018 жылы Халықаралық ғылым мен білімді қолдау орталығының атынан дипломмен, 2019 жылы «Nur Otan» партиясы БҚО филиалы төрағасының  бірінші орынбасары М.Мұқаевтың  атынан алғыс хатпен марапатталды. 2017 жылы Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің  кәсіподағы атынан «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін»  төсбелгісіне ие болды.  Тәжірибелі мұғалімнің қызметі  туралы мәліметтер 2018 жылы Алматы қаласында шыққан «Мәңгілік ел ұстаздары:V Республикалық тәжірибиелі, білікті білім саласының үздік қызметкерлерінің антологиясына» енгізілді.

Гүлзара Тілекқабылқызы,

Жәнібек аудандық білім беру

бөлімінің баспасөз қызметі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале