12.02.2021, 18:30
Оқылды: 98

Басты мақсат – елдің мүддесі

12 ақпан күні Шыңғырлау ауданының әкімі Әлия Мұханбетжанованың аудан халқы алдындағы алғашқы есептік кездесуі онлайн форматта өтті. Бұл шараға облыс әкімі Ғали Есқалиев бейнебайланыс жүйесі арқылы қатысты.

A80B62E3-18C1-4D9B-BFB8-1450FA3B11F8

Онлайн жүздесу 2020 жылы атқарылған іс-шараларды қамтыған бейнероликтің көрсетілімімен басталды. Өткен жылдың негізгі жетістіктері мен айшықты сәттері қамтылған бейнефильмнен кейін аудан әкімі Әлия Мұханбетжанова жыл бойы тындырылған жұмыстар мен алға қойылған нақты міндеттерді халыққа баяндады.

Өткен 2020 жылы шыңғырлаулықтар үшін нәтижелі жыл болды деп айтуға болады. Әлеуметтік нысандар күрделі жөндеуден өтті, нысандар бой көтерді. Жаңа алаңдар салынып, ауылдарға ауыз су тартылып, жолдар күрделі жөндеуден өтті. Жыл сайынғы есептік кездесулерде жиі көтерілетін ұялы байланыс мәселесі де оң шешімін тауып, шалғай ауылдар да сымсыз желіге қосылды.

3756745E-0BC1-4592-AC54-D782C5BB4C0C

 Шыңғырлау ауданының жақсы көрсеткіштерінің бірі тұрғындардың көгілдір отынмен 100 пайыз, ауыз сумен 94 пайыз қамтылуы. 2020 жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы Алмаз ауылына, «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы арқылы Ақтау және Ардақ елді мекендері сапалы ауыз суға қосылды. Қазіргі таңда, таза сумен қамту мақсатында 7 елді мекенге (Шоқтыбай, Қайынды, Қарағаш, Ұрысай, Ақсуат, Сегізсай, Ақсоғым) жобалық-сметалық құжаттамалар дайындалды. Жалпы 2023 жылға дейін ауданымызда ауыз сумен қамту көрсеткішін 100 пайызға жеткізу жоспарға қойылған.

Құрылыс саласына қатысты облыс және аудан әкімдерінің есеп беру кездесулерінде бірнеше жыл көтерілген ауданның негізгі мәселелері өткен жылы шешімін тапты. Он жылға жуық рухани орын болмаған Ақбұлақ ауылында сыйымдылығы 150 адамға арналған мәдениет үйінің құрылысы және аудан орталығына 170 адамға арналған дене шынықтыру кешенінің құрылысы басталды. Сонымен қатар Ақшат ауылының Андрей Тихоненко атындағы мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, материалдық базасы жаңартылып, жаңа спорт алаңы, хоккей корды салынды. Сонымен қатар 2020 жылы «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында аудан орталығындағы Дән мәдениет үйінің күрделі жөндеу жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді. Ендігі кезекте, Ащысай мектебіне, Л.Қылышев атындағы орта мектебі мен мектеп жанындағы интернатына және Ақшат және Ащысай ауылдарының мәдениет үйлеріне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттамалары дайындалуда.

 Ауылшаруашылық саласында да ауқымды істер атқарылған. Өткен жылдың көктемгі және күзгі далалық жұмыстарының қорытындысы бойынша, аудан шаруаларымен 12 мың 570 гектар аумаққа егіс салынды. Орылып алынған 4 мың 227 гектар дәнді дақылдардан 8 мың 25 тонна өнім жиналды. Аудан бойынша 88 050 тонна мал азығы дайындалып, жоспар 110% орындалды. Мал шаруашылығында ірі қара мал басы 16,5%, құс – 0,9%-ға, жылқы–29,3%-ға, қой–ешкі – 4,7%-ға және түйе – 3,9%-ға өссе, бұдан басқа, ет өндірісі — 3,1%-ға, сүт — 2,1%-ға және жұмыртқа 2,0%-ға ұлғайған.

- Ауданда асылдандыру шаралары да біркелкі жүргізіліп келеді. 2020 жылдың өзінде ауданымызда асыл тұқымды мал өсірумен айналысатын шаруашылықтар саны 17-ге дейін жетті. Олар ангус, ақбас, герефорд, сементал, еділбай қойы, көшім жылқысын өсіруде.

Бүгінгі күнге аудан бойынша 13 ауыл шаруашылық-өндірістік кооперативтері қызмет істеуде. Оларда 125 бас асыл тұқымды бұқа мен 3 мың 125 бас тауарлы аналық мал тіркелді. Ауданымызда «Шыңғырлау-Агро» ауылшаруашылық кооперативінің модульді мал сою пункті жұмыс жасайды.

Ауданға 2020 жылы барлығы 910 млн. теңге көлемінде инвестиция тартылса, үстіміздегі жылы 8 инвестор келіп, жаңа супермаркет, қоғамдық монша, асыл тұқымды ірі қараны кіргізе отырып, ірі шаруа қожалықтарын құру секілді жобаларға инвестиция құю көзделуде. Бұл жұмыстардың нәтижесінде 50-ге жуық тұрақты жұмыс орындары ашылатын болады, - деді аудан әкімі өз баяндамасында.

  Өңір басшысы аудандағы кәсіпкерлік, білім, жұмыспен қамту, цифрландыру, жастар, мәдениет, әлеуметтік және басқа саладағы игі шараларды саралап, өз баяндамасын қорытындылап, әлеуметтік желі арқылы түскен аудан тұрғындарының сұрақтарына жауап берді. Тұрғындардан Алмаз ауылына футбол алаңын салу, Қарағаш пен Шоқтыбай ауылдарына таза ауыз су өткізу, иттерді жою, жеке малдарды жаюға жайылымдық жерлерді, жер учаскелерін беру, Ащысай ауылына кіре беріс жолын жөндеу, шаруа қожалық ашу секілді сауалдар түсіп, толық жауап алынды.

Онлайн арқылы өткен тікелей тілдесуде облыс басшысы Ғали Есқалиев Шыңғырлау ауылының тарихына тоқталып, аудан көлемінде атқарылған жұмыстарға көңіл тоғайтатынын тілге тиек етті. Дегенмен ауданның бар мүмкіндіктерін пайлану үшін ауданға инвистиция тарту, ауыл шаруашылық жерлерін тиімді пайдалану секілді тапсырмалар берді.

 Аман Ізмұхан

Шыңғырлау ауданы

 zhaikpress.kz

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале