17.05.2024, 14:47
Оқылды: 0

Басылымға жазылудан қалыс қалмайық

Қазіргі таңда 2024 жылдың II жартыжылдығына баспасөзге жазылу науқаны жүріп жатыр. Кейбір адамдардың «Сол газеттің керегі қанша? Әлеуметтік желіден де оқи саламыз ғой» деген наразылығын естіп жүрміз.

медия жоспар

Иә, қазіргі таңда ақпарат алмасудың заманауи тәсілдерінің көбейгені рас. Айтылған әр ақпарат көзді ашып-жұмғанша сол мезетте-ақ ғаламтор мен түрлі сайтта, сондай-ақ әлеуметтік желілер арқылы әлемге тарап жатады. Десек те газет оқу – зиялылықтың белгісі. Осы тұрғыда Ахмет Байтұрсыновтың «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген сөзі әлі күнге дейін өзектілігін жойған жоқ. Өйткені газет оқу мәдениеті қашан да талғамы жоғары оқырманның талабы. Себебі мұнда шынайы ақпарат, байыпты сараптама, нақты тұжырым мен таңбаланған тарих жатыр. Секунд сайын жаңарып тұратын сайттардан газетті айрықшалайтын негізгі басымдық та осы. Әлі күнге дейін газет-журнал оқымай, руханиятқа көңіл бөлмей, дамып кеткен мемлекетті көрген жоқпыз. Демек, халық рухани және мәдени тұрғыдан сауатты болмай, алға баса алмайды. Ең алдымен осыны дұрыс түсінуіміз керек. Баспасөзге жазылу науқанына орай сейсенбі күні қоғам белсендісі, жерлесіміз Табылғали Сапаров пен «Жайық Пресс» ЖШС ақпарат агенттігінің бас редакторы Нұрбек Оразаев ауданымызда болып, мектеп директорлары және бөлім басшыларымен кездесті. Алғаш болып сөз алған Табылғали Сатқалиұлы газеттің маңызына тоқталып, басылымға жазылуға шақырды.

медия жоспар (2)

Айта кетейік, кейінгі кезде Ақтау, Ы. Алтынсарин және С. Жақсығұлов атындағы орта мектептер мен Достық ауылдық округі баспасөзге бір жылға жазылуды ұйымдастырып келеді. Бұл өте тиімді. Қалған мекемелер де солардан үлгі алса, нұр үстіне нұр болар еді. Ал жазылу маусымы бел ортасынан асса да, әлі күнге оған немқұрайлылық танытып отырған мекемелер де бар. Бір сөзбен айтқанда, басылымға жазылу баяу жүруде. Ауылдық округтерде де қозғалыс жоқ. Сондықтан ауылдық округ әкімдері мен мекеме басшылары осыған баса назар аударып, жоспарды дер кезінде орындауға үлесін қосады деген сенімдеміз.

Назгүл Серікқызы,

Тасқала ауданы, 

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале