29.03.2021, 11:25
Оқылды: 87

«Батыр» театр

Сырым ауданына қарасты Бұлан халық театры 1976 жылы алғаш драма үйірмесі болып ашылған. Сол кездегі совхоз, партия ұйымының жетекшісі Я.Қожиев болды. Ол шаруашылықтағы әр түрлі жұмыстарды (тракторист, жүргізуші, дүкенші, сауыншы, комсомол секретары т.б.) атқарып жүрген бір топ жастардың басын қосып, Б.Майлиннің «Неке қияр» комедиясын сахналап, көрші Жамбыл, Қызылағаш, Аралтөбе т.б. ауылдарына барып, өнер көрсетті.

 IMG-20210325-WA0043

Сол жылы облыста өткен театр фестиваліне Жымпиты халық театры атынан барып, Н.Островский атындағы орыс драма театрында Б.Майлиннің «Неке қияр» комедиясымен өнер көрсетеді. Содан кейін де шағын драмалық көріністер (1 актілі пьесалар) сахналайды.

1979 жылы Ақтөбе мәдени-ағарту училищесінің театр бөлімін бітіріп, жас маман болып ауылға Г.Өтешева келеді де үйірме жұмысын одан әрі жандандырып, көптеген жастармен толықтырады. Сол жылы Қ.Аманжоловтың «Досымның үйленуі» атты 11 бөлімді драмасын сахналап, көрермен қауымға ұсынып, халық тарапынан өз бағасын алады. Көршілес ауылдарға, аудан орталығына сахналанады. Совхозда еңбек етіп жүрген өнерлі жастар Қ.Ташенов - Досымның ролін, Ж.Қазмағамбетова - Насихаттың ролін (басты рольдер) сомдайды. Драманың режиссері Г.Өтешева болды.

IMG-20210325-WA0036

Бұлан халық театры әркез жас өнерпаздармен толығып отырды. Мектепке, шаруашылыққа, әкімшілікке келген жастар тартылды. Бұлан халық театры сахналаған түрлі тақырыптағы қойылымдарды атап өтуге болады. Әсіресе Р.Шотпаеваның «Құйынбайдың құдалары», Е.Домбаевтың «Дөкей келе жатыр» комедиялары, Д.Исабековтың «Түйетауық, есепшот және домино», Ж.Аймауытовтың «Мансапқорлар», Қ.Мұхамеджановтың «Құдағи келіпті», Е.Домбаевтың «Зымырайды поездар» т.б. спектакьдері, Қ.Ысқақ «Мазар», Б.Әбдіразақов «Ауылдан келген майшелпек», С.Балғабаев «Бізде ғашық болғанбыз» драмалары, Р.Отарбайдың «Нашақорлар», Е.Домбаевтың «Айналайын ақ келін» пьесалары қойылып, көрермендер тарапынан жоғары баға алған.

IMG-20210325-WA0040

1989 жылы Бұлан драма үйірмесі облыстық театрлар фестиваліне О.Бодықовтың «Барымташы» драмасымен қатысты. Осы фестивальден соң «Халық театры» атағын қорғады. Басты рольдерде совхоз механизаторлары М.Мусин, Е.Жақсымбетов, токарь С.Ихсанов, ағаш шебері С.Шамелов, есепші К.Қожасова т.б. ойнады.

1999 жылы нарықтың өтпелі кезеңінде жаппай мәдениет ошақтары қысқартуға ұшырағанда, Бұлан халық театры да қысқартылды. Бірақ драма үйірмесі өз жұмысын тоқтатпай, одан әрі күрделі, тақырыптық шығармаларды сахналай берді. Ұлы Жеңістің 40, 50, 60 жылдығына арнап Ә.Әбішевтің, «Кім менің әкем?», Т.Ахтановтың «Күтпеген кездесу», С.Жүнісовтің «Жаралы гүлдер», Б.Жәкиевтің «Әке тағдыры» трагедиялары көрерменге ұсынылды.

Біздің театр – облыстағы ауылдық деңгейдегі жалғыз театр. Тоқырау жылында тоқырамай аман қалған, ауылда болса да, аты мен атағы өңірге танылған, реквезиттерін ауылдан, үйден таситын, сонда да актерлары кәсіби мамандардың оң бағасын алған біздің театрды «батыр театр» десе болғандай.

2005 жылы Жалпақтал ауданында өткен облыстық театрлар фестиваліне Л.Егембердиеваның «Рэкеттің махаббаты» трагедиясымен қатысып, халық театры атағын қайтадан қорғады. Басты рольдерде мектеп суретшісі Ы.Садықов, кітапхана меңгерушісі Ә.Аманбаева, (сол кездегі) мәдениет үйінің директоры А.Өтешев, кішкентай бала ролін Е.Қайыр сомдады. Шығарма өте биік деңгейде қойылған деп, комиссия мүшелері жақсы қабылдап, жекелеген әртістерге алғыс хаттар ұсынды.

Осыдан он жыл бұрын Тасқала ауданында өткен облыстық театрлар фестивальінде Б.Ұзақовтың «Үміт» психологиялық драмасын «Жымпиты» халық театрымен бірге сахналады. «Үміт» жастар номинациясы бойынша театрдың ең жас әртісі Е.Хайруллин дипломмен, сыйлықпен марапатталды.

Қазақ хандығының 550 жылдығына арнап, ауданда өткен шараға Бұлан халық театры «Тарихқа тағызым» атты сахналық көрініс шығарды. Ауданда өткен облыстық театрлар фестивалінің ашылу салтанатында «Сұлтандар кеңесін» қойды. Мұндағы Керей хан бейнесін Бұлан мәдениет үйінің директоры А.Өтешевтің сомдауын халық ерекше ықыласпен қабыл алды. Осы сахналық көріністе театр актерлары сұлтандар, сарбаздар, Қазыбек, Әйтеке, Төле би бейнелерін сомдады.

Бұлан халық театрының жеткен жетістіктері мен алған марапаттары да аз емес. Соның ішінде ардагерлерге арналған «Қайран ерлер – қаһарман ардагерлер» атты облыстық фестивальде Кеңес Одағының батыры Н.Әбдіровке арналған «Ана мен ескерткіш» атты сахналық көріністі  көпшілік назарына ұсынып, облыстан ІІ орынға ие болды. Бұл кезде халық театрының мүшелері Г.Көлбаева, А.Өтешев, Г.Өтешева және «Ару-ана» әжелер ансамблі өнер көрсетті.

2014 жылы облыстық қазақ драма театрында халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен аудан театрларының фестивалі өтті. Осы шараға Бұлан халық театры драматург Ж.Әлмашұлының «Жеңіс мерекесіндегі жеңіліс» атты соғыс реквиемін апарды. Қаһарман ақын Абдолла Жұмағалиевтің туғанына 100 жыл толуына арналған, ауданда өткен «Өшпес өмір, өлмес жыр» атты ғылыми конференцияда Бұлан халық театры «Жымпиты» халық театрымен бірігіп, 6 бөлімнен тұратын театрландырылған сахналық қойылым жасады. Абдолла образын Самат Убанов сомдады. Бұл қойылымда Мариям Хакімжанова, Қажым Жұмалиев, Қасым Аманжолов және Кеңес жауынгерлері образдары сомдалып, сахналанды.

Кейін театр режиссері Г.Өтешова зейнеткерлік жасқа жетуіне байланысты өз қызметін тоқтатып, орнын жаңадан режиссер мамандығын бітіріп келген жас мамандар жалғастырады. Солардың ішінде 2018 жылы жас режиссер З.Әшімнің қолдауымен «Жұмақтын кілті жаныңда» атты спектаклі сахналанады. Спектакль көрерменнен жоғары баға алды. Аудандық мәдениет үйінің қызметкері А.Мұрадимованың да Бұлан халық театрының жұмысына қосқан үлесін айтуымыз керек. А.Мұрадимова Бұлан ауылдық халық театры мен Жымпиты халық театры әртістерін біріктіріп, 28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күніне орай ҚР Журналистер Одағының мүшесі, Сырым аудандық «Сырым елі» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі Шынар Молднаиязованың «Қос қарлығаштың қасіреті» әңгімесі желісінде түсірген қысқаметражды фильмін түсірді. Пандемия уақытында түсірілген фильм біз үшін жаңа бағыт, жаңа әдіс болды.

Бүгінгі таңда Бұлан халық театры Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Абай» қойылымына дайындық үстінде.

 

Айдарбек Көлбаев,

Бұлан ауылдық мәдениет үйінің меңгерушісі

Сырым ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале