18.07.2022, 11:31
Оқылды: 52

Батырдың есімі мәңгі жасайды

Кеңес Одағының батыры Есен Орақбаевқа 100 жыл толуын жерлестері, яғни Ақжайық ауданының Алғабас жұртшылығы мәнді шаралармен атап өтуде. Жуырда Қарағай ауылдық кітапханасының кітапханашысы Рая Сабированың ұйымдастыруымен «Өлкеден шыққан ерен тұлға» атты еске алу кеші өтті. Шараға ауыл оқырмандары, Алғабас ауыл округі әкімі аппаратының бас маманы Сайра Имашева, жетекші маман Гүлмира Ишанова және Алғабас, Тегісжол, Тоған елді мекендердің кітапханашылары қатысты.

55

Алдымен шарада Қарағай ауылының тарихын зерделеп, содан соң майданда ерлік көрсеткен ардагерлерді еске алып, үнсіздік жарияланды. Мерей Тәліш «Туған жер», Ранида Рафхат «Менің атам майдангер», Раяна Сәбит сынды мектеп оқушылары «Жеңіс келді, алақай» тақпақтарын  оқып, «Туған жерге тағзым» атты көріністі сахналады.

Е.Орақбаевтың өмірі мен еңбек жолы туралы баяндалып, жетістіктері мен ерлік істері паш етілді. Хас батырдың көзін корген ауыл ақсақалы Қ.Ешмұқанов ата ыстық естеліктерін ортаға салды. Елді мекеннен келген кітапханашыларда қалыс қалмады. Атап айтсақ, Тегісжол ауылының кітапханашысы Дәмелі Бисенғалиева Мұхтар Шахановтың  «Ғайша», С.Сейітовтың «Отан мені шақырды» өлеңдерін нақышына келтіріп жатқа айтса, Алғабас кітапханашы Жәмила Шадыманова Сағынтай Бисенғалиевтің  «Батырларға» өлеңін оқып берді. Тоған ауылынан Г.Нұрмантай да өнерден құралақан емес екен. Жерлес баһадүрдің есімін жаңғыртқан кеште ол «Соғыстан қайтқан солдаттар» әнін шырқады. Сонымен қатар мұнда «Ердің ерлігі – ұрпаққа үлгі» атты кең қанатты көрмеге шолу жасалды.

Ауылдың түлегі, осы кешке арнайы келген  музыка пәнінің мұғалімі Айнагүл Тоғжанова  «Ағаларым», «Әке туралы», «Алғыс» т.б әндерімен көрерменнің көңілін бір серпілтіп тастады.

Сайра Нұрболатқызы,

Ақжайық ауданы

Алғабас ауылдық округі

әкімі аппаратының бас маманы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале