9.05.2022, 13:23
Оқылды: 69

Батырлар рухына тағзым

9 мамыр күні Казталов ауданы орталығындағы «Белгісіз солдат» және «Жеңіс» саябақтарында Ұлы Отан соғысында қаза болған боздақтардың рухына тағзым ету іс-шаралары өтті. Елі үшін жанын қиған батырларды еске алу шарасына аудан әкімі Рүстем Зұлқашев, тыл және еңбек ардагерлері қатысты.

2CF39667-B27F-4281-B381-5D1F69C9F579

Салтанатты жиында сөз алған аудан әкімі жұртшылықты мерекемен құттықтады.

-Биыл «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманда» ғұмыр кешіп жатырғанымызға 77 жыл толып отыр. Осыдан 77 жыл бұрын ананы жарынан, баланы әкесінен, перзентін Отанынан айырған Ұлы Отан Соғысы аяқталып, Рақымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатов Рейхстагқа жеңіс туын тіккен болатын. Талай батырларымыздың жанын жалмаған сұм соғысқа Кеңес Одағы құрамында болған мемлекетіміздің перзенттері де қатысты. Ауданымыздан бұл соғысқа 8000-ға жуық адам аттанып, 4000-нан астамы елге қайтып оралған. Бүгінде Отан үшін кеудесін оққа тосқан батырларымыздың ұрпақтары ортамызда. Соғыс ардагерлерінің саны жыл санап азайып барады. Мемлекет тарапынан да соғыс, тыл ардагерлері мен ұрпақтарына қолдау артып келеді. Біз ҰОС-да қаза болған боздақтарымызды мәңгі жадымызда сақтап, рухына тағзым етеміз. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, бейбітшілігіміз мәңгі болғай, - деді Рүстем Мүлкайұлы.

DF8B80C2-688E-4BE5-91FC-3D5803503E36

Салтанатты шарада Казталов аудандық полиция бөлімінің криминалисті, полиция аға лейтенанты Нұрсұлтан Серік БҚО әкімінің алғысхатымен, Казталов ауданы полиция бөлімінің әкімшілік полиция бөлімшесінің азаматтық және қызметтік қару айналымы басқару тобының инспекторы, полиция капитаны Есентемір Нариманов БҚО Полиция департаментінің бастығының грамотасымен марапатталды.

Салтанатты шараға қатысқан соғыс және тыл ардагерлерінің ұрпақтары мен аудан тұрғындары бабалар рухына тағзым етіп, үнсіздікпен еске алып, гүл шоқтарын қойды. Олардың арасында еңбек ардагері Қуаныш Ермекқалиұлы да бар.

-Бүгін, міне, Ұлы Отан соғысына қатысып, жан тапсырған боздақтарымыз бен ардагерлерімізді еске алып, тағзым етудеміз. Жеңіс бізге оңай келген жоқ. Сол нәубетті жылдардағы бабалар ерлігінің арқасында бүгінгідей бейбіт заманда ғғұмыр кешіп жатырмыз. Біздің басты байлығымыз – Тәуелсіздік. Мұны жыл басында орын алған Қаңтар оқиғасы дәлелдеп берді. Ал, Тәуелсіздік жолында жанын қиған бабаларды еске алу парызымыз болса, Тәуелсіздікті сақтап қалу міндетіміз, келешек ұрпақ алдындағы борышымыз. Бұл жас буынға өнеге болуы керек, - деді ол.

Асылбек Нәсіпқали,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале