31.03.2020, 10:28
Оқылды: 190

Бейқамдықтан арылайық, тәртіпке бағынайық!

Дүние жүзін жайлаған коронавирус елімізде де қарақұртша қаптап барады.

545206EB-AD1C-4621-92C9-8754545E7EE4

Сағат санап меңдеген кеселдің салдарынан елде төтенше жағдай жарияланып, карантинге алынды. Оқушылар мен студенттер үйлеріне оралып, қашықтықтан білім алуға көшті. Ойын-сауық орындары, кафелер, адам көп шоғырланатын жерлер уақытша жұмыстарын тоқтатып жатқанымен, қарапайым халық әлі дерттің екпінін сезіне алмаған сыңайлы.

 Иә, басында естіп, дүрбелеңге салынып, үйлерін қап-қап азық-түлікпен толтырғанымен, «қазақтың тойы бітпесін» деген желеумен қонақтықты жібермей, шекеден шеке қалдырмай жүрген жайы тағы бар.

Теледидар, әлеуметтік желілерді ашып қалсаң қаптап жүрген коронавирус туралы ақпараттар дене түршіктіреді. Дәрігерлер қауымы да тас-түйін жиналып, дертті жедел анықтап, емдеу әдісін меңгеруде. Күн сайын анықталған ауру саны да, емделіп, жазылып шыққандар да көбейіп келеді. Ауру санының өскенінен қорықпаңыздар. Ауруды табу – ауру қоздырғыштарын жойып, оның таралуына жол бермеу, осылайша қалған азаматтардың дерт жұқтыруының алдын алу деген сөз. Өздеріңіз байқаған шығарсыздар. Науқастың көбі – ауруханаға өз аяғынан барғандар емес, тексеру нәтижесінде анықталғандар. Басқаша айтқанда, Үкіметтік мекемелер де, дәрігерлер де тізе қосып, дертті ауыздықтаудың жолын тапты, тәжірибе алды. Енді тек бір мәселе қалды. Ол – сіз бен біздің сақтық ережелерін мүлтіксіз орындауымыз, тәртіпті болуымыз, рұқсатсыз іс-әрекетті тоқтатуымыз. Аурудың алдын алу – біздің қолымызда. Тазалық сақтап, оқшауланып, бос жүрісті қою керек. Аса бір қиын шаруалар емес. Қанша тажалды дерт болғанымен, уақытында анықталып, емі уақтылы басталса, жазылып кетуге толық мүмкіндік бар. Немқұрайлылықты қойып, өзімізді, отбасымызды, туыстарымызды, халқымызды ауыртып алмауды қолға алайық. Біздегі бейқамдық, той, садақа, туған күн, құдалық сияқты жиындардың әлі де тоқтамай отырғаны алаңдатады. Сондай-ақ балалардың ойын алаңдарында ойнап жүргенін көзіміз шалып жүр.

Әлеуметтік желіде індетті анау емдейді, мынау құтқарады деген қауесет өріп жүр. Ауылдастар, кез келген ақпаратқа сене бермеңіздер. Былай қарасақ, әлем бойынша 500-ден астам адам жалған ақпараттың кесірінен қаза тапты. Олардың обалы фейк ақпаратты таратушылардың мойнында, ал жазасын Жаратушы мен құқық қорғау органдары жақсылап берері сөзсіз. Қоғамымызда, өкінішке қарай, ақылға сыймайтын ақпараттарды шынайы қабылдайтын жандар жетерлік. Жалпы, біздің қоғам жалған ақпаратқа сенгіш. Вирустан сақтанудың жолы қарапайым: үйде отыру, үйді таза ұстау, күніне екі мәрте желдетіп алу, қолды, бетті сабындап жуу, антисептик қолдану, масканы тастамау және иммунитетті көтеру. Осыларды ескерсек ертең-ақ бұл сынақтан да өте шығамыз.

Халыққа айтқан базынамызға жерлес ақын Жандос Әмірғалидың жазған өлең жолдары түйін бола алады.

Ағайынның ақыл сөзін ұқсаңдар,

Дау-дамайсыз сабырменен құптаңдар.

Ауызбірлік қажет бізге ауадай.

Бір-біріңе араға от жақпаңдар.

Ел-халықты айдап салып, от жағар,

Қазағымда неше түрлі топтар бар.

«Сақтансаң тек сақтармын» деген Жаратқан,

Жанұяңа дерт әкеліп жұқпаңдар.

Болсын десең бауыр бүтін, бас аман,

Ең дұрысы алыс жолға шықпаңдар!

Маралбек Болатбекұлы

Қаратөбе ауданы

zhaikpress.kz

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале