14.02.2022, 9:41
Оқылды: 53

Белестің берекесі артып келеді

Белес ауылдық округінің әкімдігі өз жұмысында негізгі көңілді әлеуметтік-экономикалық ахуалды жақсарту, жұмыссыздықпен күрес, шағын және орта бизнесті дамытуға бөледі. Бұл туралы округ әкімі Мәлік Ілиясов ауыл халқы алдында берген есебінде баяндады.

3C7261D7-0826-440D-A300-23AFBC55BA33

Ауылнайдың сөзінше, былтыр округте алда тұрған міндеттер жан-жақты талқыланып, ауылдағы Жағалау, Мерей қиылысы көшелеріндегі 14 үйге ауыз су өткізу, Разъезд Кардон елді мекеніне газ тарту, Белес ауылындағы Абай Құнанбаев көшесіндегі бес үйге электр жарығын жүргізу, Ақжол елді мекеніне қосымша көше жарығын тарту сияқты мәселелер көлденең тұрған.

-Осы күні Жағалау, Мерей көшелерінің 14 үйіне су тарту жұмыстары әлі жүргізілуде. «Қазсуашар» РМК БҚО филиалының директоры Н.Джумагалиевке хат жолданды. Қазіргі таңда 5 үйге су өткізу жұмыстары жүргізілуде. Қалған 9 үй биылдан қалмай суға қосылады. Разъезд Кардон елді мекеніне газ тарту мәселесі бойынша жұмыстанудамыз. Ал Абай Құнанбаев көшесіндегі бес үйге электр жарығы жүргізілді. Ақжол ауылына 15 шам қондырылды,-деді ауыл әкімі Мәлік Ілиясов.

0B156A3D-1DE2-425D-B1EE-E426AEAE6F13

Қазіргі таңда ел үкіметі "Еңбек" нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының 1-бағыты шеңберінде жұмыстар атқаруды мықтап қадағалап отыр. Сол себепті ауыл әкімдігі осы бағытта біраз жұмыстанған. Мәселен, ресми түрде тұрған жұмыссыздар арасына тіркелген бір адам қысқа мерзімді оқуға жолданып, 25 адам тұрақты жұмысқа орналасса, қоғамдық ақылы жұмысқа 117 адам тартылыпты. Жастар тәжірбиесі бойынша үш маман тәжірибеден өткен.

Ауылдық округте жыл бойына өкпе, онко ауруларына шалдыққан мұқтаж 21 адамға жергілікті бюджеттен 917 700 теңгеге материалдық көмек тағайындалып, аз қамтылған бір отбасыға атаулы әлеуметтік көмек рәсімдеген.

B710401F-8376-49B2-90E3-708E5CF555FA

Белесте «Бастау бизнес» мемлекеттік бағдарламасы бойынша алты адам грант алып, өз кәсібін бастаған. Олар негізінен мал шаруашылығын дамытпақ ниетте.

Өткен жылы ауылда мал басы артып, шаруалар да өз ісін ойдағыдай атқарыпты.Ветеринарлық жұмыстарды да ойдағыдай жасаған ауыл басшылығы біраз малға қатерлі ауруға қарсы екпе салыпты. Сонымен қатар мал мен үй жануарларын бірдейлендіруге де округ үлкен мән беріп келеді.

07D8432C-F54D-4D1B-B43E-275C78CDDFFE

Түрлі қайырымдылық акциялары да ауылда ойдағыдай жүзеге асуда. «Жайық Мұнай» әкімшілігі 250 000 теңгеге оқу құралдарын, «Белес Агро» 100 000 теңгеге 8 балаға спорттық киімдер, «Триал» ЖШС 100 000 және КазИИТУ ғылым-білім кешені 100 000 теңгеге ауыл мектебінде оқитын мұқтаж отбасы балаларына көмек көрсеткен. Одан бөлек жалғызбасты қариялар мен кейуаналар да көзден таса қалмаған.

-«Туған жер» акциясы аясында ауыл мектебі алдына «Белес Агро» ЖШС жаңадан саябақ салып, 115 түп ағаш отырғызды. «Белес Агро» ЖШС жұмыс жасайтын ауыл тұрғындары және басқа ауыл азаматтары осы саябақты тұрғызуға  және көшеттерді отырғызуға атсалысты. Оған жергілікті меценат 400 000 теңге бөлген. «Арыстанов» шаруа қожалығының басшысы ауылдағы зейнеткерлерге, мүгедектер мен көпбалалы және аз қамтылған 15 отбасыға тегін мал азығын берді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай  ауылдық клуб, мектеп, балабақша аулаларына көшеттер отырғызылды. Белес ауылдық округінің жастары, атап айтсақ, Тәуелсіздік құрдастары және жолаушы тасымалдаушы жүргізушілер де игі іске атсалысып, ауылды көріктендіре түсу үшін біраз жерге көшет сыйлады,-деді өз баяндамасында Белес ауылдық округінің әкімі Мәлік Ілиясов.

Жалпы ауылда жасалған із аз емес, мәдениет пен спорт, білім саласында да ілгерілеу бар. Көпшіліктің бас ауыртар мәселесі болған қоғамдық тәртіпті қадағалау мақсатында ауылдың учаскелік инспекторы арнайы санаттағы азаматтарды үнемі бақылап, тұрғындармен тығыз қарым-қатынас орната білген.

Биыл әкімдік Белес ауылындағы Жағалау, Мерей қиылысы көшелерінің 9 үйіне ауыз су өткізуді аяқтау, Белес мектеп-бөбекжай-балабақша кешеніне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу, Белес ауылдық округі бойынша 3 электротрансформаторын жаңалау және мектеп алдында салынған саябақты жарықтандыру сияқты кезегін күткен істерді атқармақшы.

Кейін аудан әкімі сөз алып, өткен жылы атқарылған жұмыстар туралы баяндап өтті. Ауылдарды газға қосу, ауыз сумен қамту, округ орталықтарына кірер жолдар мен тозығы жеткен автожолдарды жөндеу сияқты жұмыстарды жіпке тізген Марат Тоқжанов белестік ағайынның оң бағасын алды.

EFF35E09-69CE-42CD-A832-10B9476EBD18

Баяндамалар аяқталған соң ауыл тұрғындары бұралқы иттердің көзін жою, ауылішілік көшелерді жөндеу, қоқыс тастайтын орындар тұрғызу және облыс орталығына қатынайтын көлікті реттеу сынды сауалдарын жолдады. Әр мәселені мұқият тыңдаған аудан басшысы көтерілген сұрақтарды шешу жолында жұмыстанатынын айтты.

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале