30.04.2022, 9:37
Оқылды: 88

Билік пен бұқара арасындағы ашықтық – сенімге жетелейді

Кеше облыс әкімі Ғали Есқалиев  Қаратөбе ауданында болып, аудан тұрғындарымен кездесу жиынын өткізді. Аудандық мәдениет үйінде болған кездесуге облыстық басқарма, департамент басшылары, жергілікті атқарушы билік құрылымдарының басшылары, мәслихат депутаттары, қоғамдық ұйым өкілдері мен аудан тұрғындары қатысты.
2A9ADB68-7E92-44B0-A1AC-DCFB9E55B75A

Алқалы жиынды бастап сөз сөйлеген аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев Қаратөбе ауданында өткен жылы жүзеге асырылған жұмыстар мен ауданның әлеуметтік көрсеткіші турасында баяндап өтті.

 Кәсіпкерлік саласы – тұрақты даму кепілі

Аудан басшысы Қадыржан Орынбасарұлының айтуынша. жергілікті жерде шағын кәсіпкерлік саласын дамыту – жаңа жұмыс орындарын ашып, бюджеттік қаржыларды толықтырумен қатар экономиканың одан әрі өсуінің және халықты жұмыспен қамтудың, тұрғындардың әл-ауқатын жақсартудың негізіне айналып отыр.

Бүгінде ауданда жеке кәсібін ашамын деген азаматтарға мемлекет тарапынан қомақты қолдаулар көрсетіліп келеді. Жеңілдетілген несиелер, гранттар мен демеу қаржылар бизнесті қолдаудың нақты шаралары.

Қазіргі таңда аудан бойынша 1014 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген, есептік кезеңде жаңа 53 кәсіпкерлік субьектісі ашылды. Бұл салада 1 265 адам жұмыс жасайды.

Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуда 2017 жылы басталған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының орны ерекше. Аталмыш бағдарлама аясында өткен жылы 82 адам кәсіпкерлік негіздерін оқып, үйренген.

Ауданымызда 82 адамға 47,8 млн. теңгеге грант, 37 кәсіпкер – 172,9 млн. теңге көлемінде жеңілдетілген несие берілген. 9 кәсіпкер 85 млн. теңгеге «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының аясында жеңілдетілген несиеге қол жеткізді.

Өткен жылы Егіндікөл ауылында 200 орындық «Әсем» тойханасы ашылды. Инвестор «Өтебаш» шаруа қожалығы, жоба құны – 26 млн. теңге. Ханкөл, Аққозы ауылдарында шағын азық-түлік дүкендері, Аққозы ауылында «Серікқали» жеке кәсіпкерлігі жүн түту цехын және «Қуаныш» жеке кәсіпкерлігі көрпе тігу цехын ашып, өз жұмыстарын жүргізуде.

 Жайылымдық жерлер сұранысқа ие

Аудан халқының негізгі күнкөрісіне айналып отырған ауыл шаруашылығы саласы мен жайылымдық жерлер мәселесіне тоқталған  аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев:

– Кәсіпкерлікті дамыту, соның ішінде ауылшаруашылық саласын, инвестициялық тартымдылықты жақсарту, кәсіпкерлердің өз бизнестерін одан әрі дамытуы және жаңа жұмыс орындарын ашуы мақсатында өткен жылы ауылшаруашылық мақсатындағы жерлерге 2 конкурс ұйымдастырылды. Жеңімпаз болып табылған 14 өтініш иелеріне жалпы көлемі 10 180 гектар жер (телімдері) берілді.

Конкурстар нәтижесінде 1 млрд. 208 млн. 600 мың теңге инвестиция тартылады және 62 жаңа жұмыс орындары ашылады деп күтілуде.

Соңғы 4 жылда 32 шаруа қожалығының 56 578 га жер телімін мақсатына сай пайдаланбай отырғаны анықталды Осы пайдаланылмай отырған жер телімдері иелеріне түсінік жұмыстарын жүргізу нәтижесінде 12 шаруа қожалығының 6620 га жер телімі мемлекетке кері қайтарылды.

Қайтарылған 6620 га жер телімінің 4100 га қайтадан айналымға енгізілді. Жеке ауладағы ауыл шаруашылығы жануарларын жаю үшін халықтың жайылымдық алқаптарға деген мұқтажын қамтамасыз ету үшін  бос жайылымдық жерлер, оның ішінде босалқы жерлер, 49 жыл мерзімге, жалпы көлемі 126 221 га жер резервке қойылды.

Ауданда жерге қатысты мәселелер бар. Жерді алып пайдаланбай отырғандар да бар. Бұл бағытта да тиісті жұмыстар жүргізілуде. Жалпы ауданда сәуір айынан бастап маниторинг топ өз жұмысын бастады. Шаруалар жерге конкурсқа құжат тапсырғанда қомақты инвестиция салам, техника алам, немесе адамдарды жұмыстандырам немесе екпе шөптер егем деп бизнес жоспар жасайды. Сол бойынша баллмен өтіп кетеді. Бірақ көбінде нәтижесінде ондай жұмыстар жасалмайды. Мониторинг тобы осыларды жер иелеріне түсіндіру бағытында өз жұмыстарын бастады, нәтиже береді деп ойлаймын.

Қазір жерге сұраныс бар, шаруа қожалығын ашамын деп жүрген азаматтар көп келеді. Сондықтан да бұл бағыттағы жұмыстарды күшейту керек деп есептеймін, - деді.

Өз баяндамасында ауданда атқарылған жұмыстар мен қатар алдағы уақытта жүзеге асырылар жобаларға тоқталған Қадыржан Орынбасарұлы көктемгі су тасқыны кезінде табиғи апатқа тап болған Шалғын ауылына арнайы келіп, тұрғындар жағдайын біліп, тұрғын үй мен мектеп салу мәселелері бойынша оң шешім қабылдағаны үшін өңір басшысына аудан халқы атынан алғысын білдірді.

04D94A8E-DAB0-4642-B862-092212E6ED8D

 Сауалдар жауапсыз қалмайды

Кездесуде сөз сөйлеген облыс әкімі Ғали Нәжімеденұлы жиналған көпшілікті Рамазан айымен құттықтап, қоғам мен билік арасында диалог орнатуда, Президентіміздің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыруда да бүгінгідей кездесулердің орыны ерекше екендігіне тоқталды.

– Ағымдағы жылдан бастап жергілікті халықпен кездесу форматы сұрақ-жауап тәсілінде болады. Сіздердің қордаланған түйткілді мәселелеріңіз бен елді мекендерді көркейтуге қатысты ұсыныстарыңыз болса сауалдарыңызды жолдауға болады. Сұрақтарыңыз жауапсыз қалмайды. Тұрғындар тарапынан қойылатын сұрақтар үш деңгейде қарастырылатын болады. Аудандық, облыстық, республикалық деңгейде қойылатын сұрақтарға мүмкіндігінше жауап беріп, шешімін табуға тырысамыз. Республикалық деңгейдегі мәселелер негізінен «ҚазТрансГазАймақ», «Қазақтелеком» АҚ сынды ұлттық компанияларға қатысты болса, сауалдарды құзырлы органдарға жолдаймыз. Баршаңызды ашық диалог құруға шақырамын, - деген облыс басшысы әлеуметтік желілер арқылы жолданған сұрақтарға жауап берді.

Жиында жалпы әлеуметтік желілерден 8 сұрақ және 6 тұрғыннан жиырмаға жуық сауалдар мен ұсыныстар жолданды.

Әлеуметтік желілер арқылы түскен «Ханкөл ауылына мектеп салына ма?», «Үшағаш ауылына медпункт салу жоспарда бар ма?» сынды сауалдар мен Ханкөл ауылынан Орал-Ақтөбе күре жолына қосатын жолдың салынуы, Сулыкөл ауылынан аудан орталығына қатынайтын 27 шақырым жолды ағымдағы жөндеу, Шөптікөл ауылына бұрылыстағы 2 шақырым жолдың құрылысы қай уақытта жүзеге асатындығы турасында қойылған сұрақтарға тиісіт басқарма басшылары жауап қайтарды.

Кездесуде сөз сөйлеген «Қоржын» шаруа қожалығының жетекшісі Құсайын Мұқанов ауданымыз мал шаруашылығына негізделгенін, Қаратөбеден Атырау облысының Миялы ауданына жол салынса аудан экономикасына оң өзгерістер болатындығына тоқталып, ауданда орман шаруашылығы ашылса деген ұсынысын да білдіріп, қазіргі таңда механизаторлар мен малшылар таптырмайтындығына қынжылысын жеткізді.

Кезегінде сөз алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Рамазан Қыдырашев пен облыстық мәслихат депутаты Жаңабек Жақсығалиев Шалғын елді мекеніне мектеп пен үйлер салуға шешім қабылдап, үлкен қамқорлық танытқан облыс басшылығына алғыс айтып, Егіндікөл, Қоскөл округтерінде қыс мезгілінде 5 тәулік бойы электр жарығы болмай қалатындығын, газ құбырынан ақау шығуы салдарынан көгілдір отын да болмай қаратынын алға тартып және Саралжын округін ауданмен жалғайтын жолға былтыр ағымдағы жөндеу жүргізілгенімен айтарлықтай нәтиже болмағандығын тілге тиек етті.

Халықпен жүздесу жиынында Аққозы, Саралжын ауылдық округтеріндегі ауыз су мәселесі, қала мен аудан арасына қатынайтын такси қызметінің қымбаттығы, ауданда медицина мамандарының жетіспейтіндігі, былтыр пайдалануға берілген 67 үйдің құрылыс сапасына байланысты шағымдар сынды маңызды мәселелер көтеріліп, облыс басшысының назарына ұсынылды. Айтылған барлық мәселелерді мұқият тыңдаған Ғали Есқалиев халықты толғандырған сұрақтар назарда болатындығын еске салып, мүмкіншілігіне қарай шешу жолдары қарастырылатындығын атап өтті.

Кездесу соңында азық-түлік тауарларының қымбатшылығына байланысты ойын білдірген облыс басшысы қазіргі геосаяси ахуалдың салдарынан бағаның көтеріліп тұрғандығын тілге тиек етіп, сары май, ет, сүт өнімдері мен көкөністерді жергілікті жерден өсіріп табиғи өнімдерді барынша пайдаланып, аста-төк ысырапшылдыққа жол бермеуге шақырды.

Қаратөбе ауданындағы есептік кездесуден кейін өңір басшысы Ғали Нәжімеденұлы мен бірқатар облыстық басқарма басшылары аудан тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдау жүргізді.

 Серікбай Хасанов,

Қаратөбе ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале