26.09.2022, 9:15
Оқылды: 114

Бір әннің тарихы

1982 жыл. Сонау күндей күркіреп өткен сұрапыл соғыстан Батыр атанып, кеудесіне жарқыратып «Алтын жұлдыз» тағып келіп, еңбек майданында да ерен істерімен танымал болған Есен Шегірейұлы Орақбаев асқаралы алпыс жасқа толды. IMG-20220925-WA0014

Ердің елеулі жасын елеусіз қалдыру елге сын. Содан келіп ауданның басында үркердей болып отырған он шақты адамнан құралған келелі кеңес (ол кезде бюро деп аталады) бірнеше рет бас қосып, той өткізу жөнінде бір мәмілеге келе алмай-ақ қойды.

О заманда темір тұлпар сыйлау  деген атымен жоқ, ат мінгізіп, шапан жабу дырдай бір шаруашылықты жиырма жылға жуық басқарып отырған Батыр адамға айтарлықтай тартымды тарту емес. Ақыры кесімді сөзді аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Әділғазы Нұрғалиев айтты. «Мен Әсет досыма хабарласамын, Есақаңа арнап ән жазсын. Батыр ағамызға осыдан артық сый болмас». Кеңес бірауыздан осы ұсынысты мақұлдады.

Қазіргідей 200-300 адам шақырмағанмен, Батырдың мерейлі мерекесі лайықты атап өтілді. Тойға Есақаңның қарулас дос-жарандары, алыс-жақыннан үзеңгілес жора-жолдастары қатысты. Батыр тойына анау Алматыдан аңқылдап атақты композитор, республиканың еңбегі сіңген өнер қайраткері Әсет Бейсеуов те келді. Әсекең құр қол емес екен, өзінің досының бірауыз сөзін жерге тастамай Батырға арнап «Асыл аға» – деп ән жазып келіпті. Өлеңін белгілі сатирик-ақын Оспанхан Әубекірев жазған. Тойдың ажарын ашқан да осы ән болды.

Қазір республикалық эфирден Нұрғали Нүсіпжанов, Бахтияр Тайлақбаев, Ақжол Мейірбеков сынды елімізге кеңінен танымал әншілердің шырқап жүрген Әсет Бейсеуовтің «Асыл аға» әнінің дүниеге келу тарихы осындай.

Кейін ақкөңіл Әсекең «Ән бір адамға арналмасын, еліміздегі барлық асыл ағаларға арналсын» - деп жинақтарына, эфирге мәтіннің бір шумағын алып тастап берді. Сөзіміз дәлелді болу үшін сол қысқарған бір шумақ өлең жолдарын  келтіре кетейін.

Қыз қуған жігіт едің кеше ғана,

Алпысқа қалай келдің, Есен аға.

Батырға  оңы-солы бірдей – деген,

Келерсің жүз жасқа да, келерсің жүз жасқа да Есен аға».

IMG-20220925-WA0015

Атақты композитордың той иесіне өз қолымен сыйлаған нотаға түсірілген ән мәтіні қазір аудандық музейде тұр.

Әсекең тілеген жүз жасқа Батырдың өзі болмағанмен рухы жетіп жатыр.

Той құтты болсын, ағайын!

Закария Сисенғали,

ақын-журналист,

еңбек ардагері,

Жаңақала ауданы

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале