16.02.2023, 10:45
Оқылды: 17

Бір ғана актер бүтін елге ой салды

Бүгін Жәнібек аудандық мәдениет үйінде «Кеш емес» атты моноспектакль сахналанды.

 

IMG-20230216-WA0007

Қазақы салт-дәстүр мен хадистерден құралған өнегені дүйім жұртқа жеткізу үшін арнайы әзірленген қойылым елімізде тұңғыш рет басталған болатын. Моноспектакльде талантты актер Нұржігіт Сейітмағанбетов жалғыз-ақ жүріп көрерменнің жүрегін елжіретті. Нұржігіт Амалбекұлы Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келіп, Алматы қаласындағы Темірбек Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясының түлегі атанған. Қойылым алғашында лауазымына масайып, өз анасын қарттар үйіне тапсырған "бастықсымақтың" сюжетімен өрбіді. Содан соң алаңсыз күн кешкен лауазым иесінің отбасы көлік апатынан жан тапсырып, шынайы тәубесіне келуіне ұласты. Жаратушыға жалбарынған ол ата-ананың қадірін, бізге берілген уақыт құндылығын, достарымыз бен барша жақындарымыздың бағасын дер кезінде түсінуге шақырды.
Халық бір сағат бойы тапжылмай тамашалаған қойылым соңында аудан әкімінің міндетін атқарушы Жақсылық Абдолов Жәнібек ауданының атынан алғыс білдіріп, естелік сыйлық табыстады.

IMG_20230216_080850
Демалыс орталығы басшысының міндетін атқарушы Лариса Абдуғалиева:
- Әдетте, ауданда спектакль өтеді дегенде, көп көліктерді, оның ішіндегі арнайы жабдықтарды және бір топ ұжымды елестетеміз. Ал бүгін бір ғана актерден тұратын қойылымды тамашаладық. Бір ғана театр актерінің барша халықты өз шеберлігімен баурап алғанын көзімізбен көрдік, - деп, толқыныспен сөз бастап, ризашылығын білдірді.

IMG-20230216-WA0008
- Қоғамда мейірімнің азаюы, ата-әжелеріміздің ұрпағынан бақыт көрер шағында қарттар үйін паналауы, адамдардың уақытша ғана қызметке алдануын көріп жай жүре алмадым. Қолымнан келері сахнада жүріп халыққа барымша ой салу. Ел ішін неше түрлі сөздер есіп кетті. Көзіне жас алған жандардан бөлек даттаушылар да табылып жатыр. Әрине, сынның айтылуы орынды. Дегенмен республикада тұңғыш рет өткізілген моноспектакльдің бір ғана мақсаты бар. Ол — жалған дүниеде сыйласып өту, - дейді Нұржігіт Амалбекұлы.

Ақтілек Әлібекұлы,
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале