14.01.2025, 10:30
Оқылды: 123

Бір қызметте – 42 жыл

Дана халқымызда «Мамандығым – мақтанышым», «Мамандығын мәртебелі еткендер» деген әдемі тәмсіл сөздер бар. Бір жерде табан аудармай жылдар бойы қызмет ету немесе саналы ғұмырын бір салаға арнау адам баласынан үлкен табандылық пен азаматтықты, қажырлық пен қайсарлықты талап етеді. Сондай құрметке лайық жандардың бірі – Айгүл Қалекенова.

WhatsApp Image 2025-01-14 at 11.17.37

Ол 1964 жылғы 1 қаңтар күні Фурманов ауданы, Балықты ауылдық кеңесі атқару комитетіне қарасты Айғанша елді мекенінде («Ақкөл» қой кеңшарының №1 фермасы) үйдің тұңғышы болып өмір есігін ашты. Бүгінгі таңда о дүниелік болған ата-анасы Сатқан Қалекенов пен Нұрзия Шамғонова – қатардағы еңбек адамдары. Кейін жанұя жағдайларымен аудан орталығы болған Фурманов (қазіргі Жалпақтал) ауылының Бөлек қала шағынауданына қоныс аударуына байланысты Айгүл апамыз 1971-81 жылдары Фурманов орта мектебінде оқып білім алды. Мектеп бітірген жылы арман қуып, облыс орталығы Орал шаһарына аттанған кейіпкеріміз барлық емтиханды ойдағыдай тапсырып, Орал мәдени-ағарту училищесіне кітапхана ісі мамандығы бойынша оқуға түсті. Арнаулы орта буынды кітапханашы мамандығы бойынша кәсіби білім алып шықты. Оқуын тәмамдап, Фурманов ауданына оралған жас маман сол кездегі Фурманов аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі Ғилым Едекешевтің 1983 жылғы 15 тамыз күнгі №67 бұйрығының 1-бөлімімен Сарықұдық селолық кітапханасының меңгерушісі қызметіне тағайындалды. (БҚОМА, ЖФ, Қор-42, Тізім-1ж, іс-57, п-2). Осы бір мәртебелі қызметін зейнеткерлік демалысқа шыққанға дейін абыройлы атқарды. Сарықұдық ауылынан өмірлік теңін тауып, өмірге Алланың қалауымен үш қыз әкеліп, тәрбиелеп өсірді. Ұрпақ өрбітті. Тұтас 42 жыл өмірін осы бір рухани салаға арнап, ауылдың рухани-мәдени дамуына өз үлесін қосты. Негізгі қызметімен бірге қоғамдық жұмыстарға да араласып, ауыл тұрмысын жақсартуға себепкер болған жандардың бірі. Бір кездері «Мәдениет және тұрмыс» журналына шығып, өсу мен дамудың даңғыл жолында тұрған Сарықұдық ауылы кешегі тоқырау жылдарында тұрмысы шатқаяқтап, тұрғындары жаппай қалаға көшіп, көптеген қиындықты басынан кешірді. Бірталай жылға дейін табиғи газ болмады. Осы бір экономикалық қиындықтарға қарамастан Айгүл апамыз қызметін ауыстырып, тұрмысы жайлы жерге қоныс аударып кетпеді. Өзіне сонау сексенінші жылдардан бермен қарай қасиетті мекен болған Сарықұдық ауылының келешегіне сеніп, байырғы қара орында отыра берді. Ол үміті де бекер болмады. Күрежолдың бойында қоныс тепкен Сарықұдық ауылына жан бітіп, кездескен кедергілер артта қала бастады. Табиғи газ бен су құбыры тартылып, заманауи мектеп салынды. Басқа да табысты жұмыстар сәтімен атқарылып жатыр. Кітапхананың да жұмысы жүріп тұр. Түрлі тақырыптық-мәдени кештер, ақын-жазушылардың шығармаларын насихаттау, оқырмандармен байланыс сынды саланың негізгі істері нәтижелі орындалуда. Қазіргі уақытта шалғай ауылдарға мемлекеттік «Дипломмен  ауылға» бағдарламасы  арқылы қызметке барып жатқан жас мамандарға үлгі болатын Айгүл апаның алдағы зейнеткерлік дәуреніне тек биік табыстар тілейміз. Ең бастысы денсаулық болсын.  Еңбек кітапшасында бір ғана жазба жазылған мұндай ерекше жандар саусақпен санарлықтай.

Миржан  Қарабалин,

«БҚО мемлекеттік архиві» КММ

Жалпақтал филиалының директоры 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале