29.02.2024, 17:00
Оқылды: 12

Бір жанұядағы екі депутат

Қазақстан мәслихаттарының құрылғанына биыл 30 жыл толып отыр. Мәслихат, ондағы халық қалаулылары туралы әңгімені қозғай қалған кезде Шыңғырлау ауданының І шақырылымының депутаты болған Гүлсабира Тілемболованың есімі тілге оралады.

депутат серпін (4)

Гүлсабира Даулетқызының туған отаны Ресей Федерациясы. 1968 жылы Орал қаласында №1 мектеп жанындағы педкласты бітірген, мамандығы балабақша тәрбиешісі. Өмір жолында облысымыздың өзге де аудандарында түрлі қызметтерді абыроймен атқарған ол жұмысын Шыңғырлау ауданында, Жаңакүш, Полтава совхоздарындағы балабақшаларда тәрбиеші болып жалғастырды.

Аудан орталығына қоныс аударған Гүлсабира Даулетқызы «Шұғыла» балақшасының меңгерушілігіне тағайындалғаннан кейін тапжылмастан осы жерде зейнеткерлікке шыққанша еңбек етті. Ізденгіш, жаңашылдыққа жаны құштар, түрлі әдістемелерді өмірге дендеп енгізе бастаған да осы меңгеруші болатын. Бұл ұжымның аудандағы үздік балабақша болып саналуында да Гүлсабираның еңбегі өлшеусіз. Сол жылдары балабақшаға барған әр бұлдіршін Гүлсабира Даулетқызын өздерінің туған әжелеріндей жақсы көріп, үйіріліп айналасынан шықпайтын. Кетіп бара жатқанда да әжелеріне жүгіріп келіп «ертеңге дейін» деп қимастықпен қол бұлғап бара жататын. Жүзінен шуақ төгіліп, әр балаға аналық қамқорлық көңілмен қарайтын болмысының өзі мейірімге толы еді. Гүлсабира Даулетқызының ел арасындағы беделі, айтар ойы салмақты еді. Сол себепті де болар, еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейінгі 1994 жылы І шақырылған Шыңғырлау аудандық мәслихатына депутат болып сайлануы. Халықтың ойында жүрген мәселелерді шешуге барынша үлесін қосып, өзіне берілген аманаттарға адал болуға тырысқандығынан да ел алдында абыройлы  болды.

Еңбек жолында қоғам мен білім саласының дамуына қосқан өзіндік үлесі үшін Қазақстан Республикасының білім және ғылым министрлігі атынан және Батыс Қазақстан облысының білім басқармасы басшысының атынан Құрмет грамотасымен марапатталған.

Бір үйде екі белсенді тұлғаның бірге өмір сүруі үлкен жауапкершілікті талап ететіні белгілі. Г.Даулетқызының жолдасы Нәсіпжан Камжанұлы да аудандағы ауылшаруашылығы басқарамасының тізгінін ұстаған білікті, жан жақты азамат болатын. Әр жылдары ол Тасқала ауданында ветеринариялық дәрігері, Жанакүш ауылында мал бордақылау кеңшарында бас зоотехник, Полтавка (қазіргі Ардақ) кеңшарында бас зоотехник, Шыңғырлау аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бірінші орынбасары, Шыңғырлау ауданы ауыл шаруашылығы басқармасы басшысы қызметтерін абыроймен атқара білді.

депутат серпін (6)

Нәсіпжан Қамжанұлы аудандық ауылшаруашылығы саласына басшы болған тұс елімізде кеңестік жүйенің ыдырап, колхоз-совхоздардың тарап жатқан кез еді. Сол тұста мал мен техника бөліске түсіп, әркім қолына тигенін алып жатты. Ешкім де ертеңін ойламады, қолдағы барын сатты, айырбастады, тіпті азық-түліктің қорын молынан да жасақтады. Бірақ әр нәрсенің де шегі болады емес пе, қолға тиген тегін дүние солай қайтарымсыз кете барды. Ел ішіндегі осы жағдай, жұмыссыздық Нәсіпжан Қалжанұлын да қатты мазалайтын. Ол кезінде аудан тек төрт мүлік малға ғана емес, егін салуға да қолайлы аймақ екенін айта жүріп, ісімен де дәлелдеген еді. Осы тұста ол қайтсе де алдына мал салмай, қолына күрек алмай ешбір шаруаның қиюы келіспейтінін айтудан танбады. Осындай озық ойлы азаматтардың көксеген армандары бүгінде шындыққа ұласып, қазіргі кезде шаруа қожалығы көптеп ашыла бастады емес пе?

Иә сол кездегі ауыл шаруашылығы саласындағы еселі еңбегі еленіп Нәсіпжан Қамжанұлы да 1980-86 жылдары облыстық мәслихаттың депутаты болып сайланған еді. Облысымыздың экономикасы мен ауыл шаруашылығы саласының дамуына зор үлесін қосқан азамат ретінде еңбек ардагері атанып, Құрмет грамоталарымен, облыс, аудан әкімдерінің алғыс хаттарымен марапатталған.

Жуырда жігерлі жастық жылдарын ауданымыздың өсіп-өркендеуіне жұмсаған Гүлсабира Даулетқызы мен Нәсіпжан Қамжанұлын облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Мұқаев қабылдап, 75 жасқа толып отырған Гүлсабира Даулетқызын қуанышты күні және Қазақстан мәслихаттарының 30 жылдығымен құттықтады. Тәуелсіздік жылдарында еселі еңбек етіп, бар білігін, тәжірибесін ауданымызға бере білген, еңбек жолдары өнеге жандарға ізгі тілегін білдірді.

Қазіргі таңда Оралда тұратын олар ел жаққа елеңдеп, жақсы хабарларға қуанып, ізгі істерге көңілдері марқайып қалатындықтарын айтады. Бір ұл, бір қыз өсіріп, немере-жиендерінің ортасында отырған олар ел амандығын тілейді.

 

Гүлшат Ибрагимқызы,

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале