25.08.2021, 14:59
Оқылды: 54

Бірлігі бекем ұжым

Күн санап ақпарат кеңістігі өркендей түскен заманда жас ұрпаққа сапалы білім беру мұғалімнің, ұжымның "бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып" жұмыс істеуін талап етеді. Ауыл мектебінің бүгінгі бет-бейнесін жаңа қырынан көрсетіп келе жатқан білім ордасының бірі­ – Шыңғырлау ауданына қарасты «Сегізсай негізгі орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі.

сегізсай ұжым

48 орындық негізгі мектепте қазіргі таңда 41 жас өрен білім нәрімен сусындап, 20 педагог еңбек етуде. Сегізсай негізгі орта мектебінің әрбір шәкірті білім көкжиегіне сеніммен ұмтылып, облыстық, республикалық байқауларға, олимпиадаларға қатысып, мектеп мақтанышына айналуды мақсат етсе, инемен құдық қазғандай білім тұңғиығының нәрін алған «Үздік аттестат» иегерлері бұл күнде республикамыздың барлық аймағында еңбектенуде. Мұның барлығы бірлігі бекем, жұдырықтай жұмыла қызмет етіп отырған біртұтас ұжымның еңбегі.

Осыдан аттай он үш жыл бұрын алақандай ауылдың негізгі білім ордасы жабылып, талай шәкіртті түлеп ұшырған киелі орда бастауыш мектеп болып қалған еді. 1972 жылдан бастап елге қызмет еткен мектептің осындай күйге душар болуы ауыл тұрғындарының, қала берді шәкіртсіз қалған мұғалімдердің көңілін күпті қылғаны жасырын емес. Алайда, қанша қиын болғанымен мектеп бастауыш мектеп болып 2 жыл қызмет етті. Ол шақтар Сегізсай ауылы үшін үлкен сынақ болатын. Себебі, ауыл тұрғындары елден жыраққа қоныс аударып, ел жаппай көшудің аз-ақ алдында тұрған. Сол кезде ауыл ақсақалдары, бір топ белсенді азаматтар, соның ішінде мектеп  мұғалімдері мен қызметкерлері атақонысты бірлесіп сақтап қалуды ойлап, біраз кеңескен еді. Сөйтіп, ортақ шешімге келген ауылдастар балалар үйінен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бүлдіршіндерді патронаттық тәрбиеге алып, бір жағынан қамкөңіл жеткіншектерге пана болып, екінші жағынан ауылды, киелі білім ордасын сақтап қалу жолында сауапты іске бел буады. Осы игі істің басы-қасында жүрген Сегізсай бастауыш мектебінің меңгерушісі қызметін атқарған Ақмарал Исмағұлова өткен шақ туралы:

«Рас, қызығынан қиындығы басым жылдар болатын ол кездер. Алайда, әр нәрсенің біз болжай бермейтін игілігі бар ғой. Үлкендердің ақылына құлақ асып, біз де мектеп ұжымы болып осынау игі іске бар ынта-жігерімізбен кірістік. Алғашындабалалар үйіндегі 17 баланы 14 отбасы бауырына басып, қайырымдылықтың бастамашысы атанды. Араға жылдар салып ауыл тұрғындары тағы 8 бүлдіршінді патронаттық тәрбиеге алды. Барлығы 25 тәрбиеленуші жаңа отбасына қосылып, ауылымыз үлкенді-кішілі балақайлармен толыққан еді. Өзім де, менің әріптестерім де ортақ іске үлес қосып, бір-бір балақанның маңдайынан сипауды ұйғарғанбыз», - деп еске алады.

Сол қайырлы істерінің қайтарымы болар, қазір шалғайдағы ауыл еңсесін тіктеді. Осынау зор еңбектің арқасында жабылудың аз-ақ алдында тұрған білім ордасының жанынан 2014 жылы 48 орындық жаңа білім ордасы бой көтеріп, елді мекен тұрғындарының көңілі жадырап сала берді. Ауылға көптеп жас мамандар келіп, ұжым қатары толыға бастады.  Ел көшуді қойып, тұрғындардың ұйымдастыруымен және асар әдісімен педагогтарға арнап 4 тұрғын үй салып берді. Бұл игі іске де мектеп ұжымының қосқан үлесі аз емес.

Бүгінде мектебіміздегі ең жасы үлкен патронаттық ана, георгафия пәнінің мұғалімі Сара Есетбаеваның 7 жастан бауырына басқан Сұлушаш есімді қызы анасының ұстаздық жолын жалғау мақсатында Ж.Досмұхамбетов атындағы жоғары педагогикалық колледжге түсіп, білім алуда. Сол кездегі мектеп меңгерушісі Ақмарал Тумағалиқызының ұлы Эдуард Ерғалиев бүгінгі күні құрылыс саласында жұмыс жасауда және болашақта ауылында үй салуды жоспарлап отыр. Қазіргі таңда мектебімізде 5 патронаттық тәрбиеленуші білім алуда.

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев: «Еліміздің ертеңі мен бүгіні жас ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры – ұстаздың қолында» деп өз сөзінде айтқанындай, білімді ұрпақ тәрбиелеу – бүгінгі ұстаз қауымының алдында тұрған үлкен мәселе. Міне, осындай үлкен жетістікті арқалап келе жатқан мектептің жетер жетістігі, алар асуы, бағындырар белесі әлі алда. Берекелі ұжымның болашақта да бірлігі ажырамасына сенеміз.

 

Айтолқын Қужаниязова,

Сегізсай негізгі орта мектебінің директоры

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале