Шыңғырлау ауданында азаматтық қоғам өкілдерінің қатысуымен «Жаңа Конституция: құқықтық мәдениет пен әділетті қоғам» тақырыбында мазмұнды кездесу өтті. Басқосуға аудан әкімі Мұрат Өмірәлиев, облыстық және қалалық Аналар кеңесінің өкілдері, БҚО «Қоғамдық келісім» КММ мамандары, Бөрлі және Шыңғырлау аудандарының ақсақалдары мен ардагерлері, үкіметтік емес ұйымдар және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Кездесу барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайда айтқан ел бірлігі, заң мен тәртіптің үстемдігі, зиялы қауымның қоғамдағы орны туралы маңызды ойлары кеңінен талқыланды. Президент атап өткендей, халықтың ынтымағы мен береке-бірлігі- мемлекеттің басты құндылығы. Ал елдің тұтастығы ең алдымен зиялы қауымның ауызбіршілігі мен аға буынның өнегелі ұстанымынан бастау алады.
Жиында облыстық Қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ басшысының кеңесшісі Жамал Ихсанова «Заң мен тәртіп басымдығы- кемел келешек негізі» тақырыбында баяндама жасап, қоғамда жаңа құндылықтар жүйесін қалыптастырудың, жастарды ұлттық рух пен қазақы тәрбие негізінде тәрбиелеудің маңызын атап өтті. Сондай-ақ, ел мүддесін жеке бастың қалауынан жоғары қоятын адал азаматтарды тәрбиелеуде аға буынның өмірлік тәжірибесі мен тағылымының орны ерекше екеніне тоқталды.

Кездесу барысында отбасы институтын нығайтудағы Аналар кеңесінің рөлі, ұрпақ тәрбиесі, еңбекқорлық пен кәсіби біліктілікті дәріптеу, адал азамат, адал еңбек пен адал табыс қағидаларын қоғам санасына орнықтыру мәселелері де жан-жақты сөз болды. Қатысушылар ұлттық құндылықтарды сақтау мен жас буынға дұрыс бағыт-бағдар берудің маңызына ерекше назар аударды.
Жиын соңында қоғамдық келісімді нығайтуға, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына, баталар сайыстары мен басқа да тағылымды іс-шараларға белсене атсалысып жүрген бірқатар ардагерлерге Батыс Қазақстан облысы Қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ директоры Нұрғали Жолдасқалиевтің атынан Алғыс хаттар табысталды.
Кездесу қорытындысында қатысушылар Отанды сүю- ұлтшылдық емес, ұлтжандылық екенін атап өтіп, заңға құрмет, бірлікке беріктік және ұлттық құндылықтарға адалдық- әділетті қоғамның берік негізі деген ортақ пікірге келді.
Адақ Танабайұлы
Шыңғырлау ауданы