12.05.2022, 11:00
Оқылды: 60

Бірлікте дала қызықтары өтті

Таяуда Жаңақала ауданы Бірлік ауылдық округінде Ұлы Жеңістің 77 жылдығына орай дала қызықтары ұйымдастырылды. Алдымен тай жарыста ауылдық округ тұрғындарының дайындаған тайлары жарысқа түсті. Бірнеше қашықтықта ат бәйгесі өтті. Сонымен қатар жаяу жүгірістен бірнеше ауылдық округтерден келген азаматтар сынға түсті.

A91E3EAB-1C77-4F85-B5A8-5272A556F020

Сондай-ақ мінбеге міну, қой көтеру, көкпар ойындары ұйымдастырылды. Төрт айналымнан тұрған 15 шақырымдық аламан ат бәйгесінде алдына қара салмай Бекжан Қарабалиннің сәйгүлігі І орынды иеленсе, Мәди Имашевтың аты ІІ орынды қанжығасына байлады. Ал Алтынбек Төлепбергеновтың қылқұйрығы ІІІ орынды еншіледі.

Үш айналымнан тұратын 9 шақырым бойынша топ жарыстан Әліби Боранбаевтың жорғасы бас бәйгені жеңіп алса, пятимарлық Мақсот Сейталиевтің аты ІІ орынды, Мәди Имашевтің жүйрігі ІІІ орынды қанжығасына байлады.

Үш шақырым бойынша тай жарыстан Ермек Едресовтың бозжорғасы І орынды еншілесе, Азамат Ақәділдің (Жаңақала ауылдық округі) арғымағы ІІ орынды, Берік Аюповтың тұлпары ІІІ орынды иеленді. Жаяу жүгірістен 3 шақырым бойынша Қолғанат Ғайнуллин (Жаңақала ауылдық округі) оқ бойы оза шауып І орынды иеленсе, Тимур Бақтыгереев (Жаңақала ауылдық округі) ІІ орынды еншіледі. Әлішер Мирасов ІІІ орынға табан тіреді.

Арқан тартыстан 1990 жылғы азаматтар жеңіске жетсе, ІІ орынды «Ағайындылар» командасы, ІІІ орынды 1985 жылғы пятимарлық білекті жігіттер еншіледі. Қой көтеруден сынға түскен Арнұр Болатов ең көп көтеріп, қойды жеңіп алды.

Көкпардан Жаңақала ауылдық округінің командасы жеңіске жетсе, Бірлік ауылдық округінің командасы ІІ орынға, Жаңақала ауылдық округінің командасы ІІІ орынға ие болды. Барлық жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне ақшалай сыйақылар мен арнайы дипломдар табысталды.

Райхан Хамзина,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале