2.05.2024, 17:47
Оқылды: 20

Бірнеше ауылда ауыз су ұңғымалары алапат судың астында қалды

Осыған дейін газет беттерінде хабарлағанымыздай, Жайық өзені деңгейінің көтерілуі кей ауылдарды ауыз сумен қамтуда қиындық тудырып жатыр. Дәлірек айтар болсақ, айналасын қанша бекітіп, бөгеттер тұрғызғанымен, Чапаев, Мойылды, Ілбішін, Ақсуат, Ақбұлақ, Атамекен, Қарауылтөбе, Базартөбе ауылдарындағы ұңғымалар судың астында қалып, аудан орталығынан өзгесінде ауылдар орталықтандырылған ауыз су жүйесінен ажырап қалды.

4

Әйтсе де, ауыз сумен қамтуға жауапты «Жайықтехсервис» МКК директоры Тимур Мырзағалиевтің айтуынша, аудан әкімдігімен бірлесіп, уақытша қиындықты еңсеру, ауыл тұрғындарына ауыз су жеткізу үшін бар күш жұмылдырылып жатыр.

- Аудан орталығында үш ұңғыма жұмыс істеп тұрған осыған дейін. Олардың екеуі қазіргі күнде судың астында қалды, тек биіктегі біреуінен ғана ауылға су беріліп тұр. Әрине, күніне 500-600 тонна су пайдаланатын ірі ауыл үшін бір ұңғымадан шыққан су жеткіліксіз. Үш ұңғыма қатарынан жұмыс істеп тұрған күннің өзінде, 2 резервуарда суды кезек-кезек тұндырып, ауылға жіберетін едік. Қазір суды бұлай тұндыруға мүмкіндік болмай жатыр. Ұңғымадан шыққан суды тікелей ауылға жөнелтіп отырмыз. Жағдайды аздап жеңілдету үшін бұрын бітеліп қалған ұңғыманы жөндеп, жаңа сорғы орнатып, дүйсенбіде іске қостық. Соның арқасында судың қысымы көтерілді. Екінші ұңғымада дебет (су мөлшері) тіптен төмен. Сондықтан қос ұңғыма болса да, суды әлі де тұндыруға мүмкіндік болмай отыр. Себебі су қорын жинап алуға кем дегенде, 10 күн уақыт керек. Халық уақытша қиындықтарға түсіністікпен қарайды деп сенеміз. Біз де су деңгейі түсіп, ұңғымалар кепкен бойда, жағдайды қалыпқа келтіруге күш саламыз, – дейді ол.

3

Оның сөзіне сүйенсек, ұңғымалары су астында қалған Мойылды ауылына ауыз су тасымалданып жатыр, алдын ала хабарлама алған ауыл тұрғындары құдықтарға су құйдырып алған. Ілбішін ауылының ішінде бұрында қазылған ұңғыма бар екен, қазір бітеліп қалған су көзіне қайта жан бітіріп, іске қосу жұмыстары жүргізілуде. Содан шыққан су Ақсуат пен Ақбұлақ ауылдарына тасымалданады. Атамекен, Қарауылтөбе, Базартөбе ауылдарына да су тасымалдау жұмыстары ұйымдастырылды.

- Жайықтың арнасы 30 жылдан астам уақыт ішінде дәл мұндай деңгейге көтерілген жоқ. Су жүйелерінің салынғаны да – соңғы 20 жыл ішінде. Ұңғымалар судың көтерілуі ескерілмей, қазылған. Сондықтан осындай қиындықтар болып жатыр. Бізге көмекке облыстан су таситын көліктер келе жатыр. Енді солар жоғарыда аты аталған округтерге бөлініп, су тасиды, –дейді Т.Мырзағалиев.

Әсия Шырай, 
Ақжайық ауданы, 

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале