15.02.2023, 18:18
Оқылды: 63

Биыл Қаратөбеде тұрғын үй салынбайды

Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 3 наурыздағы №826 «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығын орындау мақсатында Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев Қаратөбе ауданының мәдениет үйінде қаратөбеліктермен кездесті.

IMG_8794

Аудандағы барлық салалар бойынша былтыр атқарылған жұмысты жан-жақты баяндаған аудан басшысы Қадыржан Сүйеуғалиев Президентіміздің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыруда бүгінгідей кездесулер орнының ерекше екендігін атап айтты.
- Ауданның бүгінгі күнгі келбеті мен жеткен жетістігі ауданның әр азаматының қосқан өлшеусіз үлесінің көрінісі екендігін алға тартып, ауданды абаттандыру, халыққа ыңғайлы жағдай жасау, инфрақұрылымды дамыту, халықты еңбекпен қамту бағытындағы жүйелі жұмыстар алдағы уақытта жалғасын табатындығын тілге тиек етті.
Алдымызда аудан тұрғындарының әлеуетін арттыруға бағытталған ауқымды жұмыстар бар. Бұл жұмыстарды іске асыруға бәріміз бір кісідей атсалысып, үлкен нәтижелерге жетеміз деген сенімдемін, - деді аудан әкімі Қадыржан Орынбасарұлы.

IMG_8761
Аудан әкімінің айтуынша қазіргі таңда ауданда тұрғын үй кезегінде түрлі санаттағы 349 адам тұр.
Кезекте тұрған аудан тұрғындарына жаңа баспана алуға мүмкіндік туғызу үшін 2021 жылы аудан орталығында «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында үш 4 пәтерлі бір қабатты тұрғын үйдің құрылысы басталып аталмыш құрылыс биыл қаңтарында пайдалануға беріліп, 12 тұрғын баспаналы болды.

IMG_8768
Сонымен қатар көктемгі су тасқынынан зардап шеккен Шалғын ауылының тұрғындарына «Қазақстан халқына» қоғамдық қорынан тиісті қаражат бөлініп, 23 тұрғын үй салынды. Келісім шарт құны – 580 млн.теңге. Мердігер компания – «Жиенбай» ЖШС.
Сондай-ақ, облыстық төтенше жағдайлар резервінен 60 орынға арналған мектеп құрылысының іргетасы құйылып, қабырғасы қалануда. 2023 жылдың тамыз айында пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.
Жоба құны – 766,8 млн.теңге. Мердігер компания – «Жиенбай» ЖШС.

IMG_8772
2023 жылдың су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстары жүргізілді. Өткен жылы жергілікті бюджеттен жалпы құны 12,4 млн теңге бөлініп, Қалдығайты өзенінің Қаратөбе ауылы тұсына және Шилі өзенінің Шалғын ауылы тұсына өзен жағалауларына бөгет салынған.
2022 жылдың қорытындысы бойынша 424 адам жеке тұрғын үй салу үшін жер телімі кезегінде тұр.

Жер кезегінде тұрған тұрғындарға тұрғын үй салу үшін аудан орталығында инженерлік-коммуникациялық желілері тартылған 144 жер телімдеріне арнайы кезекпен жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін беру жұмысы жүргізілуде.
Бүгінгі таңда 87 тұрғын 1 кезең бойынша өтініш беріп құжаттарын алса, 35 адам толық заңдастырып шешімдерін алған.
Бүгінгі күнде аудан бойынша 22 елді мекеннің 13 елді мекені орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Бұл аудан халқының 91,3 % құрайды.
– Ауылшаруашылығын, өңдеу өнеркәсібін, құрылысты дамытуға маңыздылық беру керек. Мемлекеттен қолдау алып, сүтті және етті бағыттағы ірі қара малын аламыз, ал өңір тұрғындарын сүтпен қамту әлі күнге дейін толық қолға алынбай импортқа тәуелділіктен арыла алмай келеміз. Біз өзімізге қажетті өнімді өзіміз дайындауымыз керек. Сиыр бар да, бірақ, сүт өндірілмейді. Сондықтан сүт өндіруге, бау-бақша өнімдерін дайындауға, мал азығы үшін екпе шөптерді егуге ден қоюымыз қажет. Ауданда дәнді дақылдар мен екпе шөптерді егу қолға алынған. Бұл өте құптарлық, маңызды іс.
Облыс халқын алаңдатып отырған екінші өзекті мәселенің бірі – жол.
Биыл жолға 72 млрд теңге қаражат бөлініп отыр. Шебін тапшылығы мен құрылыс материалдары бағасының күрт өсуіне байланысты біз ең алдымен республикалық, облыстық маңызы бар жолдардың басталған құрылыстарын аяғына дейін жеткізуіміз керек, - деді өңір басшысы Нариман Төреғалиев.
Біраздан жол мәселесін көтеріп келе жатқан қоскөлдік кәсіпкер Серікқали Жолымбетов республикалық маңыздағы «Шымкент-Самара» тас жолы бойынан округ орталығы Қоскөл ауылына дейінгі 9 шақырым жолға асфальт құю қажеттілігін алға тартса, аудан орталығының тұрғыны Махсот Ермеғали осыдан бірнеше жыл бұрын құрылысы басталады деп жоспарланған 83 үйдің құрылысының салынбай қалғанын айтып, «Алдағы уақытта тұрғын үй салына ма?» деген сауал тастады.
Ханкөл ауылының тұрғыны Ғабдрахман Бисеғұлов әкімдер тарапынан атқарылған жұмыстарға ризашылығын білдіріп, ауыл тұрғындарына жол азабын тартырып жүрген 51 шақырым жолды жөндеу туралы ауыл халқының аманатын өңір басшысына жеткізді. Тұрғындар тарапынан қойылған сауалдардың дені жол салу, жол жөндеу мәселесі болды. Ханкөлдік Қаныбек Ғиниятовта осы өзекті мәселеге тоқталды.
Ауыл тұрғындарының сауалдарына облыс әкімі Н.Төреғалиұлы мен аудан басшысы Қ.Орынбасарұлы және облыстағы салалардың басшылары жауап берді.
Зейнеткер Махсот Ермеғалидың «Тұрғын үй салына ма? деген сауалына облыстағы құрылыс саласының басшысы:

«Биыл тұрғын үй салынбайды. Бөлінетін қаражатқа үй сатып алынады» деп жауап қатты.
Кездесуден соң өңір басшысы Нариман Төреғалиев пен облыстағы салалар басшылары аудан тұрғындарын жеке қабылдады.
Айта кетсек, ауданның әлеуметтік жағдайын жақсарту баршаға ортақ іс. Жиналыс өтті. Мәселелер талқыланды. Осы орайда облыс басшысымен кездесу жиналысына қызметтегілер мен бірқатар зейнеткер қатысты. Ал қарапайым ауыл тұрғындарының дені көрінбеді.

Ерболат Мырзағұлұлы,
Райымбек Абайұлы,

Қаратөбе ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале