21.02.2024, 14:45
Оқылды: 17

Биыл Көшелек жыраудың дүниеге келгеніне 150 жыл толды

Тарихы терең Шыңғырлау ауданының халқына сыйлы, елдің есінен кетпейтін белгілі тұлғасы көп екені белгілі. Солардың ішіндегі шоқтығы биігі - Көшелек жырау Еламанұлы. Биылғы жыл жыршы-жырау бабамыздың 150 жылдығымен ерекшеленуде. Аудан айтулы датаны ұлықтауға да кірісіп кетті. Оның бір көрінісіндей болатын айшықты шара Алмаз ауылдық округінде жүзеге асты. Аудандық тарихи-өлкетану музейімен бірлесе өткен Алмаз ауылдық округі, Алмаз мектебі, кітапхана мен мәдениет үйінің ұжымдарының «Жырға қосқан елдік пенен ерлікті» шарасы өте жақсы өткеніне куә болдық. Жиында жас жыршылар сайысты.

Көшелек1

Шараның ашылу салтанатында мектеп директоры Рүстем Жаңабайұлы кіріспе сөзбен ашып, келгендерге қош келдің айтты.

Сахнада «Туған жер» әні қалықтап, көрерменге жылы сезім, қуаныш сыйлап тұрды. Орындаушы қыздар Ақмарал мен Айарудың дауыстары әсем үйлесімін тауып, тыңдарман жүрегіне жол тартты. Бұлар апалы-сіңлілі Наримановалар екен. Кешті бастан-аяқ байыппен әсерлі жүргізген Айпара қарындасымыз өзінің жоспарлағанындай өтіп, әрі қарай жалғай берді. Кеш қонақтары таныстырылып, Көшелек жайлы, ел жайлы қысқаша мәліметтер беруі де орынды болды.

Көшелек жыраудың өмір жолы, өнері туралы Алмаз кітапханасының каітапханашысы Жарқынай Жетмекова таныстырылым өткізді.

Әділқазылар алқасы сайланды, жүйріктер жиналды. Сайыс та басталып кетті. «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» демекші, сайыстың шарты бойынша қатысушылар Қобыланды батыр жырының Көшелек батыр жырлаған нұсқасынан үзінді айтып бақ сынамақшы.

Бұның өзі ауданда бірінші рет өткізіліп тұрған балғын жыршылар сайысы. Оның өзінің туған жерінде өтуін жақсы нашанға баладық. Сайысқа 12 жас жыршы қатысты. Бірден ескеретін жәйт, балалардың дайындық деңгейі өте жақсы болды. Бұл тұста мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдеріне алғыс айтуға болады.

Сайыс қорытындысы бойынша үшінші орынды Аяжан Бұсырманова мен Жолдыбай Бақтияр иеленді. Екінші орыннан Айару Нариманова көрінді. Ал І орынды оқу мәнері келіскен, сахнада сәнді көрінген Жәния Задыгер жеңіп алды.

Бұдан басқа да сыйлықтар ерекше өнерімен танылған қатыснасушыларға табыс етілді. Көшелек жыраудың ұрпағы таратқан сый-кәделерді көруге көз керек, айтуға сөзіміз жоқ. Бәрін қамтып, ешкімді құр қалдырмапты. Бұның сыртында өнер мен спорттың жанашырларының бірі - Д.Ульяров атты жеке кәсіпкер азаматтың ақшалай сыйлықтары беріліп, нұр үстіне нұр болды.

 Балаларға сыйланған кітаптардан соң қазақ елінің қадірлісі «Өзбекәлі Жәнібек және мәдени майдан» атты керемет кітаптың ауыл әкімінен бастап барлық ұйымдастырушыға мектеп директоры Рүстем Жаңабайұлының таратуы.

Адақ Шотпанов,

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале