Биыл – жерлесіміз, Қазақстан Халық жазушысы, КСРО және Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты, ақын Жұбан Молдағалиевтің туғанына 105 жыл. Осыған орай Жұбан орталығында ақынның өмірбаянына негізделген «Анкетама қосымша» өлеңінің ізінде «Бір өлеңі – бір елдің мұрасындай» атты әдеби-сазды кеш өтті. Аталмыш кешке аудан әкімі Мұрат Сердалин, зиялы қауым өкілдері, оқырмандар қатысты.
Тағылымды шара ақын, Ақжайық ауданының Құрметті азаматы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Сағынтай Бисенғалиевтің Жұбанның өмірі мен шығармашылығына шолуымен басталды. Ол өз сөзінде ақынның мұрасын насихаттау, рухына тағзым ету мақсатында ауданда жылдар жүзінде атқарылған жұмыстарды тілге тиек етті, 105 жылдықты да жұрты, қалың орман Ақжайығы лайықты деңгейде атап өтетініне сенім білдірді.
Кітапхана қызметкерлері Тұрсынай Сейтжанова, Алмагүл Мақатова, Ерке Бақтиярова, Әнуар Қайыржановтар ақынның «Анкетама қосымша» өлеңін ақынға тән тәкаппарлық, тектілік, келбеттілікпен оқығанда, Жұбанмен қайта жүздестіргендей болған. М.Әуезов атындағы мектептің оқушылары Жұлдыз Сансызбай «Мен қазақ әйеліне қайран қалам» өлеңін, Ақниет Хамидолла «Жесір тағдыры» поэмасынан үзіндіні кестелей төгілтіп оқып берді. Жұбан поэзиясындағы шоқтығы биік туынды, оның теңдессіз эпик ақын екенін сөзсіз дәлелдеген шығарма – «Мен қазақпын» поэмасы. Ұлтымыздың рухын оятып, еңсесін тіктеген осы поэмадан үзіндіні Мәдина Мұратбаева нақышына келтіріп оқыды. Балғын көркемсөз оқу шеберлерінің орындауына көпшілік қошеметпен қол соқты.
Аудандық мәдени-демалыс орталығының әншілері Әділбек Елешов, Алтынбек Базаров ақынның сөзіне жазылған жерлес сазгер Ғұбайдолла Хибашевтің «Ғашық болып өтеміз» әнін сазына сай әуелете орындады.
Шараны қорытындылаған аудан басшысы Мұрат Амангелдіұлы Жұбанның 105 жылдығына арналған қам-қарекеттерді атап өтіп, ақын мұрасын дәріптеуде басты міндет туған мекені Ақжайыққа жүктелетінін, жұртшылықтан қолдау боларын тілге тиек етті. Сонымен қатар ол қатысушылардың елдігімізді айғақтайтын ауқымды шараға қатысты ой-пікірін біліп, сұхбаттасты. Ардагер-ұстаздар Алдаберген Сәрсеков пен Құрман Бисеғалиев ортақ істе назардан тыс қалмауы қажет ұсыныстарын ортаға салды.
Шара әнші Венера Нұрғалиеваның орындауындағы Ж.Молдағалиевтің сөзіне жазылған «Туған ел» әнімен мәреленді.
Әлия Шарапиева,
Ақжайық ауданы