15.04.2024, 16:45
Оқылды: 22

Біз біргеміз, Орал! Қаратөбе ауданының еріктілері көмек қолын созды

Жайық өзенінің денгейі көтерілуіне байланысты Орал қаласы мен оның аумағындағы елді мекендерді су басу қаупі төніп тұр. Осыған орай Жайық өзенінің жағасын бекіту, су тасқынына қарсы жұмыстарға атсалысу мақсатында Қаратөбе ауданының еріктілері де көмек қолын созуда.

 Біргеміз Орал 5

Жайық өзеніндегі су деңгейінің көтерілу қаупіне байланысты Орал қаласында су тасқынына қарсы шаралар атқарылып жатыр. Қазіргі таңда Жайық өзені жағалауын нығайту жұмыстары қарқынды түрде жалғасып жатыр.

Тасқынға тосқын болу қаратөбеліктердің сынынан өткен. Қазір аудандағы жағдай тұрақтанды. Ендігі кезекте негізгі көмек те, күш те Орал қаласы маңына жұмылдырылуда. Қаратөбеліктер де бұл игі істен құр қалмады. Аудандағы мәдениет және музей қызметкерлері, аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы, спортшылар, педагогтар және бір топ еріктілер көмөкке барды.

Біргеміз Орал 3

Жағалай жайылған Жайық өзенінің жағасындағы бөгеттерді биіктету жұмысына еріктілер білек сыбана кірісті.

Қазіргі уақытта ерікті жастар құм қаптап, өзен жағалауын нығайту, бекіту жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Осындай қиын-қыстау кезде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару айрықша маңызды. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, бұл апатты бір ел, бір халық болып жұмылып, еңсереміз! Біз біргеміз!

Біргеміз Орал 6

Райымбек Абай, 

Қаратөбе ауданы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале