10.09.2020, 13:21
Оқылды: 132

Біздің бағытымыз айқын

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған ”Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі” атты Жолдауы қалың бұқараға жол тартты.

Байтенова 4

Еліміздің даму бағыттары айқындалған құжаттың маңызы өте зор. Бұл – мемлекет өмірінің, қоғам мен экономиканың барлық тараптарын одан әрі жаңғырту­дың ауқымды бағдарламасы.

Адамды және қоғамды уақыт талабына сай жетілдіру қажеттігін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек» дейді.

Бұл көзқарас бүгінгі күні өте маңызды екенін жақсы білеміз.

Біріншіден, жиырма бірінші ғасырдың ұрпағы терең білімді болғаны жөн.

Екіншіден, жас буынды ерінбей еңбек етуге бейімдеу қажет.

Үшіншіден, кез келген істі кәсіби дағды арқылы жүзеге асырған дұрыс.

Төртіншіден, темірдей тәртіп және жоғары жауапкершілік баршамыздың бойымызда болуы керек.

Бесіншіден, әділдіктен айнымаған жөн. Әділдік – қоғам дамуының маңызды шарты. Әділеттілік, әсіресе ел-жұрттың тағдырын шешу үшін аса қажет қасиет.

Алтыншыдан, бізге керегі – адалдық, ұқыптылық, тиянақтылық. Біз сонда ғана бәсекеге қабілетті мемлекет, зияткер ұлт қалыптастыра аламыз.

Жаңғырған қоғам жат әдеттерден біртіндеп арылуы керек.

Ысырапшылдық пен даңғазалық қоғамның да, адамның да абыройын төгеді. Жауапсыздық, немқұрайлылық бүкіл елді қасіретке ұшыратады. Ал бос сөзділік пен бөспелік, мақтаншақтық қоғамның дамуын тежейді. Бұл туралы ұлы Абай «Өңкей жалған мақтанмен, шынның бетін бояйды» деп ашық айтқан. Бұл мәселе бүгінгі күні де өзекті болып отыр. Сондықтан да еңбек деген ұлы ұғымды әр азаматтың санасына сіңіргеніміз жөн.

Біздің елімізде «Жауапты мемлекет – жауапты қоғам – жауапты адам» жүйесі берік орнығуы керек. Міне, Жолдауда атап көрсетілген басты бағыттардың бірі бұл.

Біздің стратегиялық бағытымыз айқын.

                                                                                    Светлана Бәйтенова,

                                                                «Nur Otan» партиясы Шыңғырлау аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале