29.06.2022, 10:45
Оқылды: 81

Біздің Балнұр!

Ойпырым-ай, ә?! Уақыт шіркін, ағын су іспеттес көзді ашып-жұмғанша зуылдап өтеді екен-ау? Біз жас маман болып келгенімізде, жасы үлкен әріптестерден кеңес сұрасақ, енді, міне, қатарымызға қосылған жас тілшілерге біз де ақыл айтатын жасқа келіп қалыппыз.

IMG-20220629-WA0010
Жастар әмәнда шаршап-шалдығуды білмейді. Үнемі «білсем, көрсем, жетілсем» деп жүреді. Солай болуы да заңды, әрине! Газетіміздің ең жас тілшісі Балнұр Қуанышқызы да осындай жан. Фотоаппаратын асынып алып, қай жерде жиын бар, сол жерде жүрген жанды көрсеңіз, бұл – біздің Балнұр! Танысып қоялық, ол 2000 жылы 4 қарашада Теректі ауданына қарасты Рыбцех ауылында дүниеге келген. Әкесі Қуаныш пен анасы Ағайшаның кенже қызы. 2006 жылы Шалқар негізгі мектебінің даярлық тобына қабылданып, 2008 жылдан бастап Сарыөмір ауылына қоныс аударған. Сол себепті білімін Х.Есенжанов атындағы жалпы орта білім беретін мектебінде жалғастырған. Кейін Орал қаласындағы Орал гуманитарлық-техникалық колледжіне оқуға түсіп, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мамандығы бойынша дипломға қол жеткізген.
Колледж қабырғасында оқыған кезінде Балнұр өте белсенді болыпты. Төрт жылын ерікті болуға арнаған ол 2019 жылдан бастап колледжішілік «Jas Otan» бастауыш бөлімшесінің жетекшісі атанады. «Жас саясаткер» мектебінің он бірінші буын түлегі. «Зерен» оқу-демалыс лагерінің, «Жастар керуені» жобасының халықаралық «Достықта шекара жоқ» конференциясының, республикалық «Топ 100 студент» сайысының қатысушысы. Сонымен қатар республикалық «Үздік студент» байқауының жеңімпазы. «Үздік студенттер академиясының мүшесі», «Қазақстан жастарының алтын кітабы» және «Алтын төсбелгі-2020» иегері. Мұның бәрі Балнұрдың студент кезіндегі жетістіктері. Алда әлі талай асу, асқақ армандары бар.
Жалпы журналист – қарапайым халық пен жоғарғы билік арасындағы көпір тәрізді. Тек шындықты айтатын, жақтайтын адам ғана журналист бола алады. Ол – сөзге шешен, ұтқыр ойлы, рухани бай, кез-келген адаммен тіл табыса алатын, қарапайым, білімді адам. Мен де, жоғарғы білім алып, халқыма қызмет еткім келеді. Ащы болса да, шындықты жақтайтын, шындық үшін күресе білетін, өз ісімнің маманы болсам деген оймен «Теректі жаңалығы – Теректинская новь» газетіне жұмысқа орналастым. Басылымға келіп, көп нәрсені үйреніп жүрмін. Мәселен, бас редакторымыз Әділет Әлібекұлы, жауапты хатшы Аягөз Айбарқызы, тілші Камелия Өтеуқызы әркез жанымнан табылып, мақала жазудың қыр-сырын үйретуден еш жалыққан емес, - дейді Балнұр Қанаева.
Ендеше, жаза бер, жасай бер, жас әріптес!

Самал Жамет,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале