8.11.2022, 17:00
Оқылды: 69

Біздің елдің жігіттері

Бұл қазақта жігіттер бар марқасқа,

Жарқылдаған алмас па? -деп келетін Төлеген Айбергеновтің өлең жолдары тілімізге бекер оралып отырған жоқ. Ел ішінде жетімді жылатпауға, кемтарды жасытпауға, өнерліні өрістетуге барынша қолғабыс етуге тырысатын азаматтар баршылық. Олардың кейбіреулері халықтың бел ортасында, жақсы істердің үнемі басы-қасында, елдің көз алдында жүрсе, кейбіреулері өздерін жарнамалағанды ұната бермейді. Сондықтан да көбіне олар қаншама игілікті істер атқарғанын жұрт біле бермейді.

4

Ұлтжанды жерлес-кәсіпкер

Сондай жаны жайсаң, қиналғанға әркез көмек қолын созып, қолдап жүретін, есімін ел білуге тиіс жанның бірі - жергілікті кәсіпкер Бақытжан Ғаділшеев. Және жәй кәсіпкер ғана емес, «AK SALAM GROUP» ЖШС құрылтайшысы, 2013 жылдан бері Батыс Қазақстан облысы бойынша Ұлттық кәсіпкерлер палатасының аймақтық кеңесінің мүшесі.

Бақытжан Меңдігерейұлы - осы ауданның тумасы. Осында туып-өскен. Осы Ақсайда ержеткен. Сондықтан да ауданның, қаланың көркеюіне, адамдарының «бай-қуатты» өмір сүруіне барынша атсалысу парызым деп біледі. Мектепте орысша білім алғанына қарамастан мемлекеттік тілді өрістетуге  барынша қолдау көрсетіп жүреді. Әсіресе аудандық қоғамдық кеңестің мән-мағынасы қалмаған көше атауларын өзгерту бойынша отырысында кейбір «керітартпалар» «қаржы жоқты» сылтауратып, заман ағымына кедергі келтірмек болғанда, «шығынды өз мойыныма аламын» деп азаматтық танытқаны елең еткізген-ді. Сөзінде тұрып, көп ұзамай-ақ көше атаулары жазылған әдемі аншлагтарды ауыстырып, іліп те тастады өз қаржысына. Бұл шаруаға қанша қаржы жұмсағаны өзіне ғана мәлім, ал қарымтасы ел алғысы болды. Ал 2020 жылы Қызылтал ауылдық клубына  2 миллионнан аса қаржыға 10  ұлттық нақышта киім тіктіріп бергені оның патриоттығы деп бағаласа болатын шығар. Әсіресе ұлттық өнерге, ұлттық мәдениетке деген жанашырлығы қуантты.

444

«Жақсылық қылсаң..»

Негізі Бақытжан «жақсылық қылсаң - жасыр, жақсылық көрсең - асыр» дейтін жігіттердің сойынан. Жаңалыққа жаны құмар ол қашан көрсең жаңа ашылған кәсіпорын, жаңа басталған игі істер туралы әңгімелеп, іскер жастарды жарнамалап, жаңалықтың жаршысы боп жүреді. Өзі де қаншама адамға жұмыс тауып беріп, қаншама адамды қамқорлап отырғанын айта бермейді. Бірақ ол айтаса да ел біледі. Көрініп тұрған нәрсені неге көрмеске. Жақсылық жерде жатпайды. Мәселен, 2019 жылы Наурыз саябағының жөндеу жұмыстарына біраз кәсіпкерлер қаржы бөлген болатын. Сол жылдары иесі нақтыланбай, азып кеткен қала орталығындағы саябақ жергілікті кәсіпкерлердің көмек-қолдауының арқасында көркіне көрік қосқан болатын. Сол қалалық саябақтың жөндеу жұмыстарына қол ұшын созғандардың ішінде Бақытжан Ғаділшиевтің аты тізімде 500 мың теңгесімен бірінші тұрған болатын. Ал қалалық №5 мектептің ауласындағы алма бағы - таза өз еңбегі. Яғни өз қаражатына, нақтырақ айтқанда 5 миллион теңгеге мектеп ауласына бақ отырғызып берген әзірге жалғыз кәсіпкер Б.Ғаділшиев боп тұр-ау. Жыл сайын соңғы қоңырау салтанатына құр бармайтынын бәрі біледі. Әсіресе, "Мектепке жол" акциясына белсене қатысады, оқушыларға мектепке керек құрал-жабдықтарын алып беру үшін жыл сайын 500 мың теңге бөліп отырады.

2022 жылдың көктемі су тасқынын ала келді. Ақсай қаласы, Қызылтал шағын ауданы біраз қиындық көрді. Аудан басшыларынан бастап күндіз-түні тасқын су басылғанша басы-қасында жүріп, қолдан келгеннің бәрін жасады. Әсіресе үйлерін су басқан қызылталдық бірнеше тұрғынның үйлеріне жөндеу жүргізуді бірден қолға алған жергілікті кәсіпкерлерге ел қатты разы болды. Солардың бірі - өз қалтасынан 800 мың теңге қаражат бөліп, көмек қолын созған Бақытжан Ғаділшиев болатын.

Бақытжан-депутат

Сонымен бірге Б.Ғаділшиев аудандық мәслихат депутаты. «Ақжол» партиясынан сайланған халық қалаулысы. Аудандық мәслихаттың  тұрақты комиссиялар отырыстары мен кезекті сессия мәжілістерінде де өте белсенді. Өйткені ол өзі туып-өскен елдің мүддесін әркез  жоғары қояды. Біз термелеген қайырымдылық істердің барлығы депутат болғасын шығар демеңіз. Депутат болып сайланғалы екінші жыл ғана. Ал ол жасаған игі істер бұдан көп жылдар бұрын бастау алған. Және біздің білетініміз белгілі бір мөлшері ғана.

«Қайырымдылық көрсету, демеушілік жасаудан қашқан емеспін. Көмек сұрап келетіндерді бір дәптерге тіркеп жазып отырамын. Оны ешкімге көрсетпеймін. Айтпаймын да. Өзіме-өзім есеп беру үшін жазып қоямын. Кейде бір күнде келетін өтініштер тізімі дәптердің бір бетіне сыймай да қалатын күндер болады. Мен қайырымдылық қоры емеспін. Кәсіпкер ғанамын. Бірақ осы елдің, жердің азаматы болғандықтан қиындыққа кездескендерге бейжай қарай алмаймын. Дәстүрлі қайырымдылық айлығына арнайы қаржы бөліп қоямын. Сондай-ақ өнер, мәдениет саласындағы жастарға қолдау көрсеткенді жақсы көремін», - дейді кәсіпкер. Сөзге сараңдығының, жарнаманы жаратпайтындығының себебін қазбалай бастап ем, «кәсіпкер жұмыс істеу керек» деп бір-ақ қайырды. Дұрыс та шығар. Ендеше кәсіпкер-депутат Бақытжан Ғаділшиевтің жұмысына жеміс тілейік. Айтпақшы, оның біздің газетімізге де әрқашан қолдау көрсететінін, жыл сайын өз мекемесінің қызметкерлеріне  50 дана газет жаздырып отырғанын да айта кетейік.

Дариға Нұрашова,

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале