26.04.2024, 17:49
Оқылды: 29

Біздің күшіміз - бірлікте!

Әдетте аса алаңдаушылық туғызбай тыныш өтетін Шыңғырлау көктемі биыл тосын мінез танытты. Шыңғырлау ғана емес, еліміздің бүтін батыс аймағын дүрбелеңге салған топан су талай ауылдарды бауырына басып қалды.

IMG-20240422-WA0066

 

Ауданымыздың географиялық орналасу нүктесінің сәл биіктігі, ауданымыздағы тиісті мекемелер мен күштік құрылымдардың шұғыл әрекеті, басшылықтың алдын алу - құтқару шараларының ұтымдылығы арқасында ауданымыз бұл апатты шақтан аса ауыр шығынсыз өтті. Алайда, арнасынан асып, кең жайылған қар суы облыс орталығы - Орал қаласына қауіп төндіріп тұр. Осы тұста "Баршаңызға белгілі, қазір елімізде күрделі жағдай қалыптасып отыр. Осындай қиын-қыстау кезде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару айрықша маңызды. Бір ел, бір халық болып жұмылып, бұл апатты еңсереміз. Бұл біздің қолымыздан келеді" деп атап өткен мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың су тасқыны салдарынан қалыптасқан ауыр жағдайға байланысты үндеуі ойға оралады.

436566736_1154351962357397_5926345357581062731_n

 

Аудан жастарының еріктілер қозғалысы елдің елдігі мен ердің ерлігі таразыға түскен сындарлы шақта Орал қаласына қауіппен күреске аттанып жатты. «Біздің күшіміз- бірлікте!» деген ұранды тіркес біріктіруші үлкен күшке айналды. Осы қозғалысқа үн қосқан Ақбұлақ, Ақшат  және Шыңғырлау ауылдық округтерінің жастары, мектеп мұғалімдері «апат айтып келмейді, осындай ел басына қатер төнгенде теңіздің тамшысындай болса да қолдау көрсету әрбір азаматтың абыройлы міндеті!» деген ұстаныммен Орал қаласында тасқын сумен күресушілер қатарында жүр. Мұнда осындай мыңдаған еріктілер тізе қосып, күні-түн еңбектенуде.

Ерліктің үлкен-кішісі болмайды, Жайықтың жағасын бекітіп, бір мақсатқа біріккен елдің ұлы күшін, елжандалықтың боямасыз үлгісін көресің мұнда! Бүгініңе үлкен сенім, болашағыңа үміт сыйлайды аласапыранмен арпалысқан жастар майданы!

Бастысы еліміз бүтін, азаматтар аман болсын, қалған қиындықты ел боп еңсереміз.

Біздің күшіміз - бірлікте!

Әсел Әлім,

Шыңғырлау ауданы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале