16.06.2023, 10:30
Оқылды: 63

БҚО-да этнофестиваль өтті

Халық жақсы білетін «Дубрава» демалыс орнында БҚО әкімдігінің, мәдениет басқармасының және Бәйтерек ауданы әкімдігінің қолдауымен, БҚО іскер әйелдер мен «Қазақ Аналары - дәстүрге жол» БҚО филиалының ұйымдастыруымен «Тойбастар» атты алғашқы облыстық этнофестиваль өтті.

ЖП этнофестиваль (3)

Ұлы даламыздың дәстүр-салты мен қазақы қалпымызды сақтап қалу, келешек ұрпағымызға ата-бабамыздан келе жатырған дәстүрімізді жалғастыру, жаңарту, жаңғырту мақсатында өктен шараға Орал қаласы мен облыстың жеті ауданынан 30 шақты қолөнерші қатысып, өнімдерін ұсынды.

ЖП этнофестиваль (1)

Фестиваль «Назерке»халық биі ансамблінің «Тойдуман» биімен ашылды. Кейін сөз алған Бәйтерек ауданы әкімі Марат Тоқжанов қазіргі таңда табиғи өнімдердің нарықта жоғары сұранысқа ие екенін, бүгінгі шараның мақсаты тек дәстүрді жалғастыру ғана емес, он саусағынан өнер тамған іскер, ісмерлердің басын біріктіру, тәжірибе алмасып, шеберлердің кәсіптерінің өркендеуіне жол ашу, жағдай жасау екенін түсіндірсе, БҚО іскер әйелдер кеңесінің төрағасы Ляна Тұрсынова қатысушыларға алғысын айтты.

ЖП этнофестиваль (5)

- Ұлттық өнім мен дәстүрлерді дәріптейтін мұндай шаралар халық ауызбірлігін нығайтып, болашақта өзге өңірлерге үлгілі облыс болуға септігін тигізеді. Осы шара болашақта эстафета түрінде басқа аудандар да жалғасын тапса нұр үстіне нұр болар еді, - деп ұсыныс білдірді БҚО қоғамдық даму басқармасының басшысы Нұрділдә Ораз.

Этнофестивальдің одан кейінгі концерттік бөлігінде Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармония өнерпаздары өз өнерлерін ортаға салып, қонақтарға ерекше әсер сыйлады.

ЖП этнофестиваль (4)

Аталмыш шараның қызған тұсы құда түсу, беташар, шашбау тағы сынды ұлттық дәстүрлер қойылымы мен сән үлгілері дефилесі болды.

Дефиледе Ақжайық ауданынан Жанна Шәкірбаева, Бәйтерек ауданынан Азиза Бисан, Қарлығаш Хамидоллақызы, Теректіден Жамиля мен Құндыздың, Орал қаласынан Гүлім Еңсегенова қазақы нақышта тіккен этно топтамаларын ұсынды.

Сондай-ақ әр өңірдің іскер әйелдерінің қатысуымен «Дубраваның» алаңында тігілген киіз үйлер мен террассада тойбастарға арналған қолөнер бұйымдарының көрмесі өтті.

Онда түрлі өнімдердің кең ассортименті ұсынылды.

Соның ішінде: қазақша оюлы көрпе-көпшік, құрақ көрпелер, қоржындар, зергерлік бұйымдар, шоколад, ұн және сүт өнімдері, бонбоньеркалар, ағаш астау-табақтар, қуыршақтар, декоративті картиналар тағы басқасы бар.

Фестиваль соңында қатысушылар шеберлік сағатын өткізіп, тәжірибе алмасты.

Нұрсәуле Әбілпейсова,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

ЖП этнофестиваль (1) ЖП этнофестиваль (2) ЖП этнофестиваль (3)

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале