24.05.2024, 12:00
Оқылды: 5

БҚО-да Қатимолла Бердіғалиев атындағы дәстүрлі ән сыныбы ашылды

Казталов балалар музыка мектебінде Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, ақын, әнші Қатимолла Бердіғалиевтің дәстүрлі ән сыныбы ашылды.

катимолла бердигалиев сынып (1)

Салтанатты шарада лента қию рәсімі үзеңгілес досы, айтыскер ақын, сазгер, әнші-термеші, еңбек ардагері  Сәрсенғали Бисенғалиұлына және музыка мектебінің ардагер ұстазы Розагүл Ғұмарқызына берілді.

катимолла бердигалиев сынып (4)

Ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімі Асланбек Ахметоллаұлы:

- Бүгін табиғи талант иесі, әнші, жыршы-термеші, айтыскер,  ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Казталов ауданының Құрметті азаматы» Қатимолла Бердіғалиевтің құрметіне орай, дәстүрлі ән өнерін,  ұлттық құндылығымызды насихаттау мақсатында дәстүрлі ән сыныбы ашылып отыр. Бұл ұлт руханиятының кемелденуі жолындағы маңызы зор шара және халқының туған жерде кіндік қаны тамған перзентіне деген шексіз құрметі деп білемін.

Қатимолла Жәңгірұлының есімі қазақ халқына ғана емес, түркітілдес халықтарға да белгілі кесек тұлға. Ол кешегі Бұқар, Базар, Қашаған сынды жыраулар мен Мұхиттың, Ғарифолла Құрманғалиевтің және өзге де халық компазиторларының әндерін ырғақты дауысымен орындап, тыңдаушыны еліктіріп, халық жүрегінен орын ала білген жан. Тарихта қайталанбас тұлғаның шығармашылығын дәріптеу біз үшін парыз деп білеміз.

катимолла бердигалиев сынып (2)

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Жалпы, ұлт мәдениеті – халық өмірінің айнасы, оның болмысы. Еліміздің рухани дамуы ұлттық рухқа тікелей байланысты. Сол себепті азаматтарымыздың рухы әрқашан биік болуы үшін мәдениетімізге, яғни руханиятымызға баса мән бергеніміз жөн»,  - деді.  Біз халқымыздың ұлттық дәстүрін, мәдениетін, өнерін дәріптей білуіміз қажет.  Дәстүрлі ән сыныбынан ұлттың руханиятын ілгерілетіп,  Қатимолла Жәңгірұлының ізбасарлары көптеп шығарына сенімім мол.  Казталов балалар музыка мектебінің ұжымы мен шәкірттерге шығармашылық шабыт тілеймін, -деді.

катимолла бердигалиев сынып (3)

Сонымен қатар  Хатимолла ағамыздың өнердегі үзенгілес досы ақын Сарсенғали Бисенғалиев,  Қазақстан Республикасының Халық ағарту ісінің үздігі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері,  әнші, сазгер, термеші Баян Құбайқызы сөз алып, ізгі тілектерін жеткізді.

Жұлдыз Асқар,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале