25.02.2019, 18:41
Оқылды: 30

БҚО-да мектеп оқушысы өртеніп жатқан үйден кішкентай бала мен ер адамды алып шықты

Ақжайық ауданының Тайпақ ауылында 22 ақпан күні сағат 17:55 шамасында Әлия Молдағұлова атындағы көше бойындағы №13/1 пәтер өртенді.

пожар

         Тоңазытқыштың тұсынан басталып, 51 шаршы метрді қамтыған өрт біраз тұрмыстық заттарды жойды. 1981 жылы салынған екі пәтерлік үйдің төбесі толық өртенді.

         Қ.Байсықов атындағы мектептің 11-сынып оқушысы, сол пәтердің көршісі Мирас Жүнісов үйдегі 8 жасар ұл мен 1967 жылғы ер адамның жедел шығуына көмектескен.

         –Мектептен келе жатқанымда терезеден жарқ еткен нәрсені көрдім, - дейді ол. -Басында үйдің өртеніп жатқанын білмедім. Кейін от күшейіп кеткенін көргенде солай қарай жүгірдім. Қақпасы кілтеніп тұрды, бірақ үйдің есігі кілтенбеген. Ішке кірсем, қара түтін дым көрсетпеді. Көрші үйге барып, өртпен күрес бөліміне хабарласайын деп жатқанымда әлгі пәтерден кішкентай баланын дауысы естілді. Дереу үйдің ішіне кіріп, баланы алып шықтым. Қорқып қалған, үйде кім бар екенін сұрасам, қалшылдап айта алмады. Кері кіре бергенімде, жөтел естілді. Естілген дауысқа қарай барып, сол үйдегі ер адамның шығуына көмектестім. Кейін көрші Жадыра апайдың үйіне баланы апардым. Ол өртпен күрес бөліміне хабарласты. Сөндірушілер келгенше көршілер бар, бәріміз шелекпен су тасып, отқа шаштық.

         –Біздің жеке құрам өртті 2 сағат ішінде сөндірді. Көрші пәтердің бір бұрышы жанған, - дейді №18 өртпен күрес бөлімінің бөлімше командирі Е.Нұғманов.

         Қазіргі таңда үйі өртенген отбасы басқа уақытша баспанада тұрады.

Бекем Бекұлы,

Ақжайық ауданы

© zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram -дағы парақшамыздан және Telegram каналымыздан алғашқы болып біліңіздер

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале