15.11.2023, 15:45
Оқылды: 71

БҚО-ның бірнеше елді мекенінде табиғи газ қосылды

Жаңақала ауданына қарасты Пятимар ауылдық округінің Плантация мен Борық, сондай-ақ Көпжасар ауылдық округінің Салтанат, Саралжын елді мекені тұрғындары үшін бүгінгі күн жағымды жаңалықпен басталды.

газ (2)

Ауыл тұрғындарының көптен күткен армандарына айналған көгілдір отын пайдалануға берілді. Осы уақытқа дейін ауылға газ тарту мәселесі тұрғындар тарапынан жиі көтеріліп келген болатын. Аталмыш елді мекенге газ тарту жұмысы биыл сәуір айында басталды.

газ (4)

Жоба құны - 148 миллион 716 мың теңге.

 Газ тарту құрылысын мердігер «Газстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі атқарған. Шараға аудан әкімі Алпамыс Көшкінбаев, аудандық мәслихат төрағасы Қамбар Қаменов, БҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Миржан Нұртазиев, аталмыш басқарманың газбен қамтуды дамыту және тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы Мұрат Қонысбаев, ауыл әкімі Бауыржан Сәкенұлы және ауыл тұрғындары қатысты.

газ (1)

Алпамыс Көшкінбаев пен Миржан Нұртазиев халықтың қуаныштарына ортақтасып, тілектерін арнап, бас мердігер «Газстрой» ЖШС-ның  директоры Александр Викторұлына алғысхат табыстады.

Бұдан кейін ауыл қариясы, еңбек ардагері  Жасұлан Мәженов құттықтау сөз сөйлеп, аудан басшылығына, атсалысқан азаматтарға ризашылығын білдірді.

 Көгілдір отын желісін Алпамыс Жаңабайұлы мен Жасұлан Мәженов іске қосты.

-Талай жыл бойы от жағып, күл алып қиналып жүрдік. Пешті күздің қара суығынан бастап көктемге, күн жылығанға дейін жағатынбыз. Енді міне, ауылымызға көгілдір отын кіріп, қуанышымызды шек жоқ. Ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға барынша көңіл бөліп жатырған аудан, ауыл басшылығына ырзамыз. Осындай игі бастама әлі де жалғасын таба берсін, - деді Плантация ауылының тұрғыны Жұмазия Бөлешова.

Айзада Ақбасова,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале