23.02.2023, 9:00
Оқылды: 28

Бөгеттер тұрғызылып, жағалар бекітілуде

Бәйтерек ауданы әкімі  Марат Тоқжановтың төрағалығымен төтенше жағдайлардың алдын алу және салдарын жою жөніндегі аудандық комиссияның кезекті отырысы өтті.

IMG-20230222-WA0252

Талқыланған мәселе – биылғы су тасқыны кезеңіне ауыл-аймақтың тыңғылықты дайындық жұмыстары, сындарлы сәтке төтеншеліктер, тұрғындар және техниканың сақадай сай тұруы. Биылғы метеорологиялық ахуалды негізге ала отырып, табиғаттың «тосын мінез» танытуы ғажап емесін ескерткен аудан басшысы, округ әкімдерінің әзірлігін пысықтады. Қарастырылған қаражаттың жоспарлы жұмсалуын және осы бағыттағы іске қарқын қосуды тапсырды.

IMG-20230222-WA0254

Бүгінгі күні аудан аумағындағы өзендердің мұзының қалыңдығы 50-95 см жеткен. Ал қардың биіктігі орташа есеппен 15-20 см. Жердің тоңы 75-120 см тереңдеген. Соңғы күндері сынап бағанасы -3, -1, 0 градусты көрсетуде. «Осының әсерінен көктем ерте шықса, су басу қаупіне қарсы іс-шаралар кешенін қамдап, мекеме қызметкерлері және еріктілер жасағының күшімен іске кірісуге дайынбыз» дейді округ әкімдері. Атқарылған істерді атап айтсақ, Мичурин, Махамбет, Асан, Достық, Зеленый ауылдарына бөгеттер тұрғызылып, су өткізу құбырлары салынған. Өткен жылы аудан әкімдігі мен облыстық ТЖ департаментімен бірлесіп, Достық, Сұлукөл, Раздольное, Шалғай, Переметный, Зеленый, Аманат ауылдарына жаға бекіту, бөгеттерді күшейту, арналарды тазалау сынды инженерлік шаралар жүргізген. Қауіпті кезеңнің алдын алу мақсатында жанар-жағармай, құм-қиыршық қоспасы, қапшықтар алу үшін ақпанда төтенше қордан қажетті қаражат бөлінген. Қазіргі таңда аталған қорда 35 құтқару кеудешесі, 4 қайық, 34 су сорғы, 55 генератор, 20 ассенизатор көлігі бар. «Жол картасы» бағдарламасы аясында Павлово ауылындағы су қоймасындағы гидроқұрылғы жөнделіп, Чировтағы бөгеттің жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеуге қаражат қарастырылған. Бұдан кейінгі байқау процедураларының алты айға созылатыны жауапты мекеме басшылары тарапынан ерте ескерілмейтінін аудан әкімі сынға алды. Аудандық ТЖ бөлімінің бастығы Олжас Әбдірахманов округтердегі қар шығару жұмыстарының әлі де кемшін екенін алға тартып, айтып келмейтін апатқа бейжай қарамауға шақырды. Бүгінгі күні Переметный ауылында еріген қар суы басу қаупінің деңгейі төмен. Ал Зеленый, Ақжол, Аманатта өзен арналарының көтерілуінен, Мичурин, Асанда жаңбырдың салдарынан тасқын су қатері орташа деңгейде.

IMG-20230222-WA0253 Сондай-ақ күн тәртібінде көтерілген тағы бір мәселе – облыс аумағында жүргізілген зерттеудің негізінде өңірде әлемдік ауқымдағы мұнай-газ өндіруші кен орындарының орналасуына байланысты Орал қаласы мен 8 ауданның (Бәйтерек, Жаңақала, Қазталов, Бөкей ордасы, Тасқала, Теректі, Ақжайық, Шыңғырлау) қарқыны 5-6 балдық сейсмикалық қауіпті аймаққа кіруі. Осыған байланысты алдағы уақытта тұрғындармен түсінік жұмысы жүргізіліп, сақтық шаралары жүзеге асырылмақ.

Гүлжаз Баделова,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале