1.02.2022, 16:45
Оқылды: 98

«Бойға шабыт, көңілге шаттық ұялатады»

«Шебердің қолы алтын». Сөзге шебер, іске де ұста халқымыздың мәдениетін паш ететін құндылықтарының бірі – оның қолөнері. Асыл тастан сән бұйымын жасаған, жүннен көздің жауын алатын тұскиіз басып, сүйек пен ағашты қиыстырған халық шеберлерінің ісі – мақтауға тұрарлық өнер туындысы. Қазақ қашаннан он саусағынан өнер тамған ісмер жандарға кенде емес. Тігіншілік, қолөнермен айналысу – бүгінгі заманның ең табысты бизнесінің бірі. Подстепныйлық Гүлжайһан Әбдірахманова да тігіншілікті кәсіп етіп келеді.

IMG-20220201-WA0028

Өзінің сүйікті ісін табыс көзіне айналдырған тігінші:

– Жалпы, тігін дегеніміз – тұнып тұрған математика. Себебі дәлдік, есеп, теңдік керек. Тігіншілік өнер бойға шабыт беріп, көңілге шаттық ұялатады. Адамды іскерлікке, икемділікке, дәлдікке баулиды. Зеректік пен ептілікке тәрбиелейді.

Біздің бала кезімізде әр үйде тігін машинасы болатын. Ол кездің әжесі һәм анасы да іс тігіп, тоқыма тоқып отырушы еді. Өздері  киетін киім-кешекті тігіп алып жүре беретін. Мінекей, осыларды көріп өстік. Ине-жіппен «достығым» 3-4 сынып оқып жүргеннен басталды. Ең әуелі қуыршақтарға киім тігуді үйрендім. Кейін мектептегі қолөнер үйірмесіне қатыстым.

Тігінші мамандығын Орал шаһарындағы №2 кәсіптік лицейден тәмамдадым. Бұл іске деген сүйіспеншілігім айрықша. Ертеден бері өзінің өміршеңдігін жоймаған бұл өнерді тұтынушы талғамына жəне заманға сай үлгіде жалпақ жұртшылыққа ұсынып жүрміз. Сонымен қатар өңіріміздегі «Қазына», «Қарауылтөбе» би ансамблдерінің концерттік көйлектері біздің қолымыздан тігілген туынды. Сұраныс берушінің көңілінен шығатындай тауар жасау үшін сүйіспеншілікпен, өнерге деген ыстық-ықыласпен жұмыс істеу қажет, – дейді Гүлжайһан Аңсарқызы.

Кейіпкеріміз жас болса да өз ісінің хас шебері. Тігінші мамандығын төрт жыл оқып, қаладағы тігін шеберханасында бес жылдай қызмет атқарған. Демек, тәжірибе де мол деген сөз. Олай болса, «Өз кәсібімді неге бастамасқа?» деген ойдың туындауы да орынды.

Ақыл таразысына салып, байыптап қарасаңыз, кәсіп істеймін деген адамға мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмек аз емес. Сөздің орайы келгенде айта кетейік, ауданымызда өз алдына кәсібін енді бастаймын дегендер қайтарымсыз грантқа ие болса, бұл орайда аз-кем тәжірибе жинақтаған, енді ісін ұлғайтуды көздегендерге шағын несие түрінде қолдау көрсетілуде. Сол себепті өңірде өз ісін ашуға ниет білдіргендердің қатары қалың.

IMG-20220119-WA0000

Қандай да болмасын істі қолға аларда отбасының қолдауы қажет екені даусыз. Бұл орайда Гүлжайһанның отағасы Аманаттың еңбегі зор. Айтпақшы, Аманат Рзағалиев – Орал өңіріне режиссер, оператор, клипмейкер ретінде танымал азамат. Көптеген қысқаметражды фильмдердің авторы. Әмбеге аян, былтыр Оралда «Jaiyq Film Fest» халықаралық фестиваль өткен болатын. Осы мәдени шарада Аманат Рзағалиевтің «Нағашымның әңгімесі»  атты туындысы көрермен назарына ұсынылғанын айта кеткен жөн.

Осындай қос өнерді серік еткен Аманат пен Гүлжайһан - екі ұл, бір қыз тәрбиелеп отырған жас жанұя.

– Әу баста киімдерді үйден тігіп жүрдім. Жүре-бара көршілерден, басқа ауылдардан сұраныс түсе бастады. Сөйтіп, мені іздеп жүретін тұрақты тұтынушыларым көбейді. «Енді киімді үйден емес, өзімнің жеке тігін шеберханамда тіксем, қалай болады екен?» деген ой келді. Алайда бойда қорқыныш та болды. Бірақ «көз қорқақ, қол батыр» демекші, үйдегілермен ақылдасып жеке кәсіп бастауға бел будым. Сөйттім-дағы «Атамекен» ҚР ҰҚП-ның «Бастау бизнес» бағдарламасы аясында 583 мың теңге көлемінде қайтармсыз грантқа қол жеткіздім. Бұл қаржыға заманауи, яғни оюларды, есімдерді т.б. жазуларды өзі жаза алатын іс машинасын сатып алдым. Қазір Подстепный ауылында жеке тігін шеберханам бар, – дейді кәсіпкер.

Тігіншілік  – қол мен қиялдың еңбегі.  Гүлжайһанның қиялы ұшқыр. Өз кәсібіне адал, әрі еңбекқор екені көрініп-ақ тұр.  Тігін десе, ішкен асын жерге қоятын жан екен. Әңгіме айта отырып, тіпті, қыз-келіншектерге арналған әдемі көйлекті тігіп те үлгерді. «Осы бастаған  кәсібімді келешекте одан әрі дамыту – басты мақсат» дейді ол.

Самал Жамет,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале