1.04.2021, 10:27
Оқылды: 107

Бөкей ордалық Данагүл

Атына заты сай жан Данагүл Дәулетова – мақтаулы келін, сүйікті жар, көпбалалы ана, айтулы маман. Данагүлді бала күнінен жақсы білетіндер «еңбекпен ес жиған, өзін өзі қамшылаумен мақсаттарын бағындырып келе жатқан табанды қыз» десе, тағы бір таныстары «ененің тілін, күйеуі мен бес баласының бабын тапқан келісті келіншек» деп бағалайды.

1 (80)

«Балалығыма қарыздармын»

- Көпбалалы отбасында дүниеге келдім. Бірінші мүшелге жетпей жатып, әкемізден айырылып қалдық. Ол кезде апаларым Анар мен Бақонай  тұрмыста еді, олардың артынан ерген төртеуімізді жетілдіру жалғыз  анамыздың міндеті еді. Анамыз көз жасын бұламай, кеудесін тік ұстап, үй шаруаларын нық дауыспен тапсырғанымен, оған оңай емесін біз жақсы түсінетінбіз. Кеңшардың қара жұмысы да адамды қажытады ғой. Анам Нұрғаным үйдегі төртеудің нанын тауып беру үшін ешқандай жұмыстан қашпайтын. Төртінші сыныптан соң менің балалығым интернатта өтті. Алғашында Ресейдің Жоғары Басқұншақ интернатында, кейін Сайқындағы интернатында. Тек демалыста үйде болатынбыз. Сонда анамыз: «Біздің өміріміз...» деп әңгімесін бастаса, ертегідей көріп, селқос тыңдайтын едік. Қазір біздің балалығымыз қыздарымыз үшін ертегідей көрінеді. Балалық шағымыз тоқыраумен тұспа-тұс келді ғой. Біз біріміз түске дейін сабаққа киіп келген киімді екіншіміз түсқайта кидік. Ол кездің таршылығы сондай еді. Сонда бір-бірімізге күлмейтінбіз. Өйткені көпбалалы отбасылардан шыққан сыныптастарымыз да солай еді. Ол кезде екі балаға бір бәтеңке, екі ағайынға бір жейде оқу жылына жарап қалатын. Сол кездің қиындығын отбасымыз қатты сезінді. «Бір айналдырғанды шыр айналдырады» дейді ғой, сол бір қиын-қыстау кезде отбасымыздағы жалғыз ұл, ағам Дүйсенбай (оны біз тәте дейміз) қатты науқастанып, жүрегіне ота жасалды. Міне, осы кезден бастап, анамыздың да, біздердің де бар назарымыз тәтеге ауып, оның жағдайын жасаумен болдық. Басқа ем-домдарды есептемегенде, тәтеге екі келі де салмақ көтеруге рұқсат етілмеді. Содан кейін барлық үй тірлігі анамыздың мойнында болды. Интернаттан келгенімізде анамызға болысып, бар тірлікті біз атқаратын едік. Сіңлім Сұлуғаным екеуіміз үй тапсырмасын қой бағып жүріп, далада орындайтынбыз.

- Анам «Еңбекпен келген нан тәтті» деп біздерді ала жаздай қой бағып, қозылардың бірін өлтірмей өсіруді тапсыратын. Төлден шашау шығармау біз үшін міндет еді. Өйткені жаз бойы оны өсіріп, күзде бірқатарын орыстарға түрлі  консервілерге ауыстырып азық қылсақ, бірін сатып, мектепке қажетті оқу құралдарын, киім алатынбыз, - деді өткенге бір оралып.

- Көршім Нұрғаным, қыздарды еңбекке «пісіріп» тастады ғой. Бір бөлмейтін. Бала кезден оларды ішке де, сыртқа да бірдей жұмсайды, мал да солардың мойнында еді. Тіпті бір кездері олар түйеқұс бақты. Әлгі өсім беріп, саны елуден де асты-ау деймін. Олардың еті тәтті болғанымен өздері де тамақсау ғой. Шөпке, жемге шығын болмасын деп, марқұм Сатудың қыздары Данагүлі мен Сұлуғанымы оларды қоймен бірге жайылысқа айдап кететін, - дейді байырғы көршісі Меруерт апа Бақытова ауылдастары туралы.

- Анамызға қиын болады деп анау-мынау наздарымызды мүлдем айтпайтын едік. Бүгінгінің балалары сияқты анадай-мынадай деп киімді өз талғамымызбен таңдап көрмеппіз, бұйырғанын кидік. Тек анамыздың «Жақсы оқыңдар, ол ертеңгі нандарың» дегенін орындауға тырысатынбыз. Кейде «Мама, неге оқы-оқы деп айта бересің? Бір нан ала алмайтын жағдай болар дейсің бе?» дейтін едік. Әй, балалық-ай. Ол сол кезде тек малға ғана емес, үйдегі төрт ауызға да нан таба алмай қалам ба деп қиналып жүрген екен ғой.  Бүгінде ой елегінен өткізсек, сол уақытта анамыз біздерді асқан қайсарлықпен қиындықтарға төтеп беріп, тістеніп жүріп көтерген екен, -дейді Данагүл анасының өжеттілігіне риза болып.

- Балалығыма қарыздармын. Бар мен жоқтың бағасын біліп өстік. Көпбалалы отбасы болғасын, бір-біріне қарайласу, қамқорлықтың не екенін біліп, ес жидық, - дейді кейіпкеріміз.

Данагүл мектеп бітіргесін Шоңайға қайтып келіп, анасына қолқанат болу. Себебі жоғарыда айтқанымыздай жалғыз тұяқтың үй тірлігін  күйттеуге денсаулығы тартпайтын. Ол ешқашан білімімді жалғастырамын деген арманынан айнымады. Қайта «түбі мен оқимын» деп өзін қамшылап жүрді. Сіңлісі Сұлуғаным мектепті бітіріп үйге қайтқан жылы Данагүл облыс орталығына барып, өзі армандаған БҚМУ-дың химия-биология факультетіне түсуге талпынады. Ондағы үміті білімімен мемлекеттік грантқа түсіп,  тегін оқып, шәкіртақы алып, анасына еш салмақ салмау еді. Алайда, үміт ақталмады. Сөйтті де Данагүл Ж.Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледжге грантқа түсіп, бастауыш сынып мұғалімі мамандығын меңгеріп шығады. Алғашқы білім сынынан құлағанымен, сағы сынбап еді. «Талпынған жетеді мұратқа» деп қайтадан БҚМУ табалдырығын аттайды.  Мақсаты сол өзі қалаған химия-биология факультеті еді. Табандылық танытқан Данагүл дегеніне жетті, жоғары оқу орнын тегін оқыды. Қазір 15 жыл еңбек өтілі бар, І санатты химия-биология пәнінің мұғалімі.

«Қос анамыз – кіші құдайымыз»

Екі анам да өмірдің қиындығын, жесір мен жетімнің күнін кешкен, бар мен жоқтың, қуаныш пен қайғының бағасын білетін адамдар. Бар өмірін бізге арнаған жандар. Екеуі де жолдастарынан жастай қалған. Анам Нұрғаным 46 жасында жесір қалса, енем Бақыт 32-сінде үш баламен жұбайынан жастай қалған, - дейді Данагүл.

Ауыл азаматы Ерболат Таңатов ағамыз осы Бақыт апай туралы жақсы пікірін білдіріп еді.

– Жастай жесір қалды. Қолында қатырма қағазы жоқ. Бұйырғаны осы болды деп, қара жұмыстан қашпады. Қанша көрсең де қабағы ашық. Тағдырына наразы боп, «үш жетімегіме жағдай жасаңдар! Балаларыма көмек керек!» деп әкімдіктің табалдырығын тоздырып, есік қағып көрмеді. Басыма түскені осы болды деп көндікті, тағдырына лағынет айтпастан, тырбанып еңбек етті. Рухы мықты, жаны нәзік болса да, қайсар ананың кереметтей үлгісін көрсетті, - деп еді.

- Осындай аналарымыздың арқасында жетімдіктің не екенін білмей, жетілдік, қатарымыздан кем қалдық. Осы үшін де екеуіміз де екі жақтың анасын құдайымыздай көреміз. Алдарынан шықпай, дегендерін жасауға тырысамыз, - дейді Данагүл мен Сатыбалды (Сату).

«Балаларым – байлығым»

Бойындағы табандылық пен жауапкершілікті Данагүл төрт гүлі мен бір ұлына сіңіріп келеді. Балалық шағына оларды қолөнер үйірмесіне жетектеп апарып, би сыныбына, саз мектебіне жұмсайды. Одан басқа түрлі байқау, жарыстардан да қалдырмайды.

– Қазір көп байқаулар онлайн өтуде. Олар тіптен оңай. Барлық қажеттіні жинап, барудың қажеті жоқ. Тапсырмаларды орындау үшін балаларға  тиісті бейне түсіру алаңын әзірлеймін де түсіре саламын, - дейді Данагүл Сатуқызы.

Иә, Данагүл балаларының бойындағы қасиетті ашу үшін еш тайынбайды. Қажет болса, қатаң талап етуге де бар. Өйткені ол осы үйренгендері бір кездері кәдесіне жарайтынына сенімді.

–Балаларымның барлығы да өнерлі. Тұңғышым Жасмина аудандық саз мектебінен қобыз сыныбын бітірсе, Мәдина үлгілі «Орда гүлдері» би тобының мүшесі әрі саз мектебінің фортепиано сыныбының оқушысы. Одан кейінгісі Аянат дайындық сыныбында. Ұлдана мен ұлым Темірлан балабақшаға барады. Балалар мінезімен, қылығымен әр түрлі. Бірі барлығына кінәмшіл болса, енді бірі елгезек, - дейді Данагүл.

Кейіпкерімізден «Жұбайыңыз төрт қыз қатар дүниеге келгенде «Пәленшенің келіншегі керім, әп дегеннен екі ұл туды. Бізге де керегі ұл бала керек еді ғой» деп қызды жатырқаған жоқ па?» деп сұрадық.  Жасырмастан «Айтты ғой, неге айтпасын?! Жалпы қазақ халқы ұл баланы ерекше күтетін, ерекше құрметтейтін халық қой. Сату да ұлды болғысы келетінін айтатын, алайда қыздарға теріс қарап, я алдыртып таста деп айтқан емес. Заманына қарай адамы ғой, екі үлкен қыз дүниеге келгенде ондай ой мүлдем келмеді. Тек үшіншісі қыз дегенде оған ер азаматым қалай қарар екен деген жаман ой кірді. Шүкір, «қыз болса да өз баламыз» дегенде қуанып қалдым. Аллам тілеуімді беріп, төртіншісін нағашы әжесі Ұлдана деп қойғаннан кейін тұяғымыз дүниеге келді», - деді ағынан жарылып.

Қазір Сатудың жалғасы не бары 2 жаста. Оған арналған тай да 2 жасар. Шекара қызметінде кинолог, яғни иттерді баптаушы боп қызмет ететін Сату Ерекешовтың шаруашылығында  үй жануарларын айтпағанда, қыздардың төрт күшігі, үш мысығы бар. Ал қояндардың тіптен саны жоқ. Бүгінде қыздардың үлкендері анасына үйде, әкесіне түзде көмектеседі.

Бүгінде Жасминасы ана жолын жалғап ұстаздықты таңдапты, грантқа  түскен. Қазір енесі Бақыт әже бауырына басқан немересімен қалада тұрады. Сәтін салғанда көпбалалы әскерилерге былтыр тұрғын үйлер беріліп, Сату мен Данагүл көпқабатты үйден екі бөлмелі пәтерді иеленіпті.

– Балалар өсіп келеді, болашақта үй алармыз деп, тапқан табысымыздан артылған жинап жүргенімізбен, діттеген соманы әлі толтырмадық.  Міне, балаларымыздың арқасында жайлы да кең пәтерге ие болдық. Шыны керек, қазір мемлекет балалы жанға жан-жақтан көмек көрсетіп, түрлі жеңілдіктер  ұсынуда. Сондықтан жүрген жерімде денсаулықтарыңыз тартса, уақытында балалы болыңыздар деп айтып жүремін. Өйткені қазағым айтпақшы «әр баланың өз ризығы, өз несібесі бар». Әрине, жоспарлау, материалдық жағдай туғызып, моральдық дайын болу жақсы. Алайда, мұның бәрін ыңғайлап жүргенде уақыт құмдай сусып, уысымыздан шығып кете береді. Сонымен бірге әйел денсаулығы да сыр бере бастайды, - дейді көпбалалы ана.

 

Раушан Жанатқызы,

Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале