22.11.2018, 18:03
Оқылды: 55

Бөкей ордасына салынатын жол жобасы әзір

Биыл көктемде облысымызға келген сапарында Елбасы Н.Назарбаевтың Бөкей ордасы мен Жәнібек аудандарына қатқыл табанды жол салу мәселесін қозғап, арнайы орындарға тапсырма берді. Сол тапсырма негізінде Алматыдағы «АИС Проект» ЖШС жоба жасады. Жобаның бас инженері Дмитрий Корнеевский, инженерлері Сергей Ермоленко мен Константин Прачкин Бөкей ордасы ауданы Сайқын ауылына келіп, аудандық мәдениет үйінде тұрғындармен қоғамдық тыңдау өткізді.

jol

Жобалаушылар жиылғандарды республикалық маңызға ие бұл жол жобаның «Өнеге-Бисен-Сайқын» бөлігімен таныстырып, қойылған сұрақтарға жауап берді. Жалпы ұзындығы 103 шақырымдық бұл бөліктің Тайғара тұсына аялдама, жолдағы қыстақтарға бару үшін бұрылыстар салу қарастырылған. Сондай-ақ, Бисен, Орда, Мұратсай жол қиылыстарына демалыс алаңы, әжетхана, жүк және жеңіл көліктер тұрағын, эстакада тұрғызу көзделіпті. Зейнеткерлер Чарльз Қойшыбаев, Меңдібай Қаресов, Надежда Әменова, эколог Ғарифолла Бисенғалиев, қызметкер Уағиолла Нұрғалиев жол бойындағы жанар-жағар май құю, техника жөндеу орындары, су жиналатын тұстарға тұрба төсеу жайын қозғап, сауал тастаса, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысы Бисенбек Насимоллин республикалық жол мен облыстық, аудандық маңыздағы жолдардың айырмашылығын түсіндіріп, ауылішілік жолдарды жақсарту бағытында қолға алынып жатқан жұмыстар жайынан біраз мәлімет берді.

Қоғамдық тыңдауды қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары Рүстем Мүлкайұлы жобалаушыларға рақмет айтып, білдірілген сын-ескертпе, ұсыныстарды (оның ішінде Сайқындағы демалыс алаңын жылжыту, жобада көрсетілмей қалған бір тұсқа тұрба салу бар) аяқсыз қалдырмауды тапсырды.   Бұдан басқа жолдың Хан ордасы айырығына орнатылар белгінің макетін ұсынып, айнытпай тұрғызып беруді сұрады.

Каримолла ҒАЙСИН,

Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress.kz

 

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтары біздің Instagram және Telegram-парақшамызда. Жазылыңыздар!

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале