13.09.2018, 15:19
Оқылды: 90

Бөкей ордасында ҚР халық әртісі Тұяқберді Шәмеловті еске алу кеші өтті

Саралжын ауылдық мәдениет үйінде жерлесіміз, Қазақстан Республикасының халық әртісі, күйші-композитор Тұяқберді Шәмеловке арналған «Әуелеп өткен саз ғұмыр» атты еске алу кеші өтті.

_MG_4955

Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармония ұйымдастырған кеште Дәулеткерей атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрі (көркемдік жетекшісі және бас дирижеры – «Құрмет» ордені, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, мәдениет саласының үздігі Еркін Нұрымбетов) күйші-композитордың туындыларын орындады. Сондай-ақ Т.Шәмеловтің елге танымал әндерін Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Қанатқали Қожақов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Х.Бердіғалиев, Қ.Қажымов, Ж.Хасанова, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары Е.Өтегенов, Д.Есентеміров, Е.Өмірәлі, А.Хайырханов және басқалар нақышына келтіре шырқады. Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Е.Қазиев бастаған домбырашылар да күмбірлете күй шертті.

Аудан әкімінің орынбасары Лариса Қайырғалиева әдемі кеш сыйлаған құрметті меймандарға қош келдіңіздер айтып, облыстық филармония директоры Асхат Қажғалиевке аудан әкімі Нұрлан Рахымжановтың алғысхаты мен ықылас гүлін табыстады. Өз кезегінде Асхат Тарасұлы Тұяқберді Шәмеловтей біртуар тұлғаның есімі ешқашан ұмытылмайтынын баса айтып, бөкейордалықтарға ризашылығын білдірді.

-Тұяқбердіні 35-40 жылдай уақыттан бері танимын. Алматының П.Чайковский атындағы музыкалық колледжінде оқып, кәсіподақ құрамында жүріп, Құрманғазы оркестріне келіп жұмыс жасағанынан бастап білемін. Тұяқтың күй өнерінде жасаған нақты да сәтті қадамдары менің көз алдымда өтті. Мысалы, Құрманғазы атындағы домбырашылар конкурсы алғаш өткенде Тұяқберді Қажыгерейұлы лауреат атанған болатын. Қазылар алқасында Ш.Қажығалиев, Н.Тілендиев, Р.Омаров сынды танымал ағаларымыз оның өнерін үздік деп бағалады. Жалпы, оған дейін де Тұяқтың жақсы әндер шығарып жүргенін естігенбіз. Ең алғаш шыққан «Сол бір жылғы тырналар», «Алғашқы махаббат» әндері еді. Күйлері де бар. Өмірден ерте кетті. Өзі бір сезімтал, көңілі жас баладай ашық, жарқын, досқа мейірімді, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп жүретін. Батыстан шыққан домбырашыларды өз шапаны астына алды. Бүгінде шәкірттері ұстаз ізін жалғастырып, алға жүргізіп келеді,-деді Дәулеткерей атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрінің дирижері Қырымгерей Қажымов.

Айша ҚҰРМАШ,

Бөкей ордасы ауданы

_MG_4876 _MG_4942

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале