9.12.2020, 16:01
Оқылды: 26

Бөкей ордасында тарихшылар бас қосты

Өткен бейсенбі күні Бөкей ордасында М.Бабажанов атындағы орта мектептің акт залында тарихшылардың басқосуы болды. Нақтырақ айтқанда, бұл алаңда  Бөкей ордасы мен Жәнібек аудандарын Ұлы Отан соғысы шарпыған мекендер қатарына ресми нақтылануын қалаған тарихшылар жиналды.

тарихшылар (2)

Ауданымыздың өлкетанушылары елордадан арнайы келген Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университетінің докторанты, подполковник Амангүл Алдабергеновамен, өңір өлкетанушысы, «От кешкен ордалықтар» еңбегімен бөкейліктерге танылған Ахмедияр Батырхановпен және осы азаматтардың басшылығымен келген еріктілермен танысты.

Шараны жүргізген Ахмедияр Қуанұлы бес жыл бойы бірқатар сайттарды аралап, бірнеше мұрағаттан дерек жинағанда небір түрлі тағдырларды, еленбеген ерліктерге куә болғанын жеткізді. Осы ретте ордалықтардың ерлігін айтып, солардың рухы үшін кітап шығаруға бел буғанын тілге тиек етті.

- Амангүл Мұстафақызы докторлық диссертациясының тақырыбына «ҰОС-дағы Батыс Қазақстан және оның әскери аспектісі» бағытын алып, өңірімізді өз көзімен көруге келгеніне ризамын. Өйткені метериалдарды ғаламтор не басқа да дерек көздерінен жинақтап, кабинетте жазып, профессор атанып жатқандар қатарында осылайша зерттеу нысанын өз көзімен көріп, көнекөздермен тілдесіп ақ параққа түскен еңбектің бағасы орасан болмақ, - дейді Ахмедияр Қуанұлы.

- Бұрын-соңды елімізде соғыс болды. Екінші дүниежүзілік шайқас Қазақ жерінде орын алды деген деректі мүлдем естімеген екенмін. Тіпті сонау көне заманнан бүгінгі дейінгі тарихты қамтыған 2010 жылы жарық көрген Манаш Қозыбаевтың бес томдық «Қазақстан тарихында» да, әскерилер тереңдетін оқитын әскери тарихта да бұл хақында ләм-мим делінбеген. Ғылыми жетекшім, тарихы ғылымдарының докторы Сайран Мұханбетжанова осы тақырыпты бергенде «Бірер бомба түскен Батыстан қандай диссертациялық еңбек жазбақсың?» деп миығынан күлгендер де табылды. Алайда, осы жердің өлкетанушыларының көмегімен көптеген деректерге тап болдым. Павел Букаткиннің «Западно-казахстанцы в годы суровых испытаний», өлкетанушы Ахмедияр Батырхановтың «Жаралы жылдар жаңғырығы» қазақ тілінде шыққан кітабы, өздеріңіздің жерлесіңіз, М.Мәметова атындағы орта мектептің мұғалімі Бақытгүл Лұқпанованың маған жолдаған Досқалиевтің «Сражающему Сталинграду» кітабы көп көмегін тигізуде. Сонымен қатар Бақытгүл Сейтуқызы диссертациямның практикалық жұмыстарының жүзеге асуына да зор көмегін тигізді. Сол азаматшаның жолдаған соғыс жәдігерлері Нұр-Сұлтандағы ҚР Қарулы Күштері әскери-тарихи музейінде мен жасақтаған Батыс Қазақстанға арналған экспозицияның құнды экспонаттары. Ол экспрозиция 30 қарашада ашылды. «Сайқын, Шоңай. Жәнібек» ауылдарының соғыстағы шыңдығын бейнелейтін диорама да жасақтадық, - деп зерттеуінің алғашқы жемістерімен бөлісті.

Осы сапарында әскери тарихшы Амангүл Мұстафақызы Жалпақталдағы мұрағаттан біраз мағлұматжинақтап, Ақжайық ауданындағы Есенсай ауылында боп, сол жерген құлағанын ұшақты өз көзімен көрген үлкендерімізбен тілдесіп те үлгерген.  Ауыл маңындағы бауырластар бейітіне тәу етіп, жуырда қазба жұмыстары жүргізілген №365 разъездке де барды.  Уақытында «Ұлы Отан соғысы Еділден аспады» дегенді жоққа шығаратын деректерге куә болып, осы тарихи шындықтың бетін ашпақ ниетте. Бабалар ерлігін көпшілікке танытуды мақсат тұтуда.

тарихшылар (3)

Кездесу барасында подполковник А.Алдабергенова ізденіс кезінде ақпараттық қолдау көрсеткен бөкейліктер М.Мәметова атындағы орта мектептің мұғалімі Бақтыгүл Лұқпановаға, М.Бабажанов атындағы орта мектептің директоры Жұбан Ғұмаровқа және аудандық балалар мен жасөспірімдер туризм және экология орталығының басшысы Жаслан Хайрошевке ризашылығын білдіріп, Қазақстан Республикасындағы Қарулы Күштері әскери-тарихи музейінің бастығы, подполковник Н.Асиловтың алғысхатын табыстады.

Жұбан Ғұмаров өз кезегінде әркез қолдау көрсетуге әзір екендігін жеткізіп, ғаламторлық деректерде ауданымызда 20-дан астам бауырластар зираты барын мәлімдеп, қазба жұмыстарына шақырды.

 

Раушан Бақытова,

Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале